Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арыслан Әбдіхалықов өз еркімен қызметтен кету туралы өтініш жазды. Бұл туралы Nur.kz хабарлады.
А. Әбдіхалықов бұрын коммуналдық шаруашылық және көріктендіруді дамыту, өнеркәсіп және көлік инфрақұрылымы бағдарламаларын жүзеге асыру саласына басшылық жасаған еді. Енді бұл міндеттерді облыс әкімінің бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов уақытша атқаратын болады. Ол сондай-ақ үдемелі индустриялық-инновациялық даму, «Жол картасы-2020», «Өндіріс-2020», «Павлодар» экономикалық аймағы мәселелерімен де айналысады.
Облыстың жаңа басшысы Қанат Бозымбаев бірінші аппарат жиынында облысты басқарудың негізгі сызбасы мен әкім орынбасарларының қызмет бөлістері туралы мәлімдеді. Облыс әкімінің орынбасары Арын Өрсариев бұрынғысынша «Саламатты Қазақстан» және «Ақпаратты Қазақстан-2020», мемлекеттік тілді дамыту мен қолдану мемлекеттік бағдарламаларын қадағалайтын болады. Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әшімбетов ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп кешені, экология және қоршаған орта, орман, аң және балық шаруашылығы, жер және су қатынастары, жер асты қазба байлықтары мәселелеріне басшылық жасайды.
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: Nur.kz
Фото: dailynews.kz