Солтүстік Қазақстан облысында 6 мың тұрғыны бар 79 елді мекен көктемгі су тасқынынан зардап шегуі мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz
СҚО төтенше жағдайлар департаменті брифингте көктемгі су тасқынына дайындық жайында айтты. Мамандардың айтуынша, қауіп бар. Күзгі ылғал қоры кей жерлерді нормадан 42% артық, қардың қалыңдығы қалыпты болғанымен, топырақ қазірдің өзінде 60-150 см аралығында қатқан.
«Наурыздың екінші жартысында қар ери бастайды. Ақан-Бұрлық, Жембарақ, Иман-Бұрлық, Бабық-Бұрлық» өзендерінің су деңгейі артпақ. Күннің күрт жылуынан қар да тез еріп, көлдерде су деңгейі көтеріледі. Қазіргі уақытта көктемгі су тасқынынан зардап шегуі мүмкін 6 мың тұрғыны бар 79 елді мекен анықталды. Олардың 30-ына су өзендерден, 13-іне көлдерден және қалғаны еріген қар суы кіруі мүмкін», дейді СҚО ТЖД бөлім басшысы Сәкен Ағзамов.
Көктемгі су тасқынымен күреске құқық қорғау органдарынан 500-ге жуық адам дайын, 155 техника, 8 жүзу құралы және 80-нен астам мотопомпа әзірленді. Ушыққан жағдайда жергілікті атқарушы орган қосымша 1900 адамды, 1,5 мыңға жуық техниканы шығармақ. Бұдан басқа 190 тонна жанармай, 32,4 мың тонна инертті материал және 27,8 мың қап дайын тұр.
«2021-2023 жылдарды қамтыған көктемгі су тасқынының алдын алу және оның салдарын жоюға арналған жол картасы бар. Оның аясында 23,6 млрд теңгеге 10 іс-шара жүзеге асуы қажет. Яғни су өтетін автожолдар, қорғаныш дамбалары, көпірлер, су өткізу құбырлары жөнделеді», дейді Сәкен Ағзамов.