Беларусь елінің астанасы Минск қаласында осымен төртінші рет қазақ күресінен жалауы желбіреген әлем чемпионаты өтіп, біздің балуандарымыз барлық салмақта әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Бұл туралы www.egemen.kz тілшісі хабарлады.
Атап айтқанда, 60 кило салмақта Абзал Арыстанбеков, 70 килода Ерлан Естек, 80 килода Ерсін Мұхамеджанов, 90 кило салмақта Мұхит Тұрсынов және ең ауыр салмақ дәрежесінде биылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров әлем чемпионы атанды. Сонымен бірге Алпамыс Төкиев (90 кг) күміс жүлдегер болса, Амангелді Сатыпалдинов (60 кг) Ерасыл Сәкенұлы (70 кг) мен Әділжан Ыстыбаев (80 кг) қола жүлдеге ие болды. Бұдан басқа абсолютті салмақта Мақсат Мәзібаев моңғол балуаны Сұғаржарғыл Болдпуревті жеңіп, Бейбіт Ыстыбаевтың «Еуразия барысындағы» жеңісін қайталады.
Жалпы, биылғы әлем чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Оған 29 елдің балуандары қатысты. Мұның алдында 2006 жылы Алматыда, 2008 жылы Ресейдің Ор және 2010 жылы Астанада өткен әлемдік додаға да осыншама елдердің балуандары қатысып, күш сынасқан болатын.
Дастан Кенжалин.
Дереккөз: egemen.kz.