Қызылорда облысында соңғы бір аптада 70 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды. Олардың 64-і қала тұрғыны.
Қазір Қызылорда облысы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша «жасыл» аймақта тұр. Дегенмен соңғы көрсеткіштер ойландырады. Бүгінге дейін өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырудың барлығы 3727 дерегі тіркелді. Ал өткен тәулікте індеттің құрсауына 13 адам ілікті.
Олардың барлығы Қызылорда қаласында тұрады. Төртеуінде дене қызуының көтерілуі, ентігу, құрғақ жөтел, кеуде тұсының ауырсынуы секілді клиникалық белгілер анықталған. Қалған тоғыз науқаста ауру симптомсыз өткен.
«1 науқастан ПТР-талдау соматикалық ауруы бойынша стационарға жату алдында профилактикалық мақсатта алынған. Ал 9 пациент коронавирус жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болуы себепті тексерілген. Сондай-ақ 3 адам ауру симтомының болуына байланысты медициналық көмекке өздігінен жүгінген. Талдау нәтижелері коронавирус инфекциясына оң нәтиже көрсетті. Науқастармен қарым-қатынаста болған 49 адам медициналық бақылауға алынды. Профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар жүргізілуде», деп мәлім етті Қызылорда облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен.
Ведомство ақпаратына сәйкес, жыл басынан бері тіркелген жағдайлардың басым бөлігі қарым-қатынас арқылы жұққан. Оның ішінде үй ошағында жақын қарым-қатынастағылар арасында жиі анықталуда. Сондай-ақ, бұдан бұрын биыл Қызылорда облысында коронавирус жұқтырған азаматтардың дені облыс орталығында тұратыны хабарланды.