• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Ақпан, 2021

Жаназада ақша таратқаны несі?!.

3988 рет
көрсетілді

«Тозбасты ұста соқпайды, өлместі Құдай жаратпайды», дейді халық. Шынында да, өзекті жанға күні жеткенде, уақыты соққанда өлімнің келетіні ақиқат. Ислам дінінде, мыңжылдықтардан бері келе жатқан қазақтың әдет-ғұрпында қайтыс болған кісінің кәдесін атқарудың өзіндік тәртібі бар.

Марқұмды қара жердің қойнына берген соң да межелі уақыттармен жалғасып жататын рәсімдердің көп екені тағы белгілі. Дегенмен, өлім­нің аты өлім, ажалдың аты суық. Бұл жерде жасы келіп қайтқан кісінің өлімін «тойға» жат­қызуға тағы болмайды. Қазақы танымда бұл дүниеден көшкен пенденің абыройына, атына кір кел­мей­тіндей әрекеттер жасалады. Шамасына қарай ұрпағы марқұмның атынан садақа таратып, Құран бағыштап жатады. Ал мұндай жағдайда қарыздануға, тыраштанып ысырапшылдыққа баруға дініміз рұқсат етпейді.

Кеңестік кезеңді көзімен көрген бүгінгі кейбір қариялар адам қайтыс болғанда көп жағ­дайда қасиетті Құран аят­тарының оқылмағанын, сол кездегі идеологияның оған қар­сы болғанын айтады. Тіпті көп ауылдарда жаназа намазына адам келмейтіндіктен, оларды үй иелері ақша беріп ша­қырт­қанын да естиміз. Сол нәр­сенің салқыны бүгінгі қоғам­да әлі де бар. Мәселен, қазір­гі кезде кейбір қаралы үй­дің адам­дары сол ауылдағы, көр­ші ауыл­дардағы әр атаның ұр­пақ­­тарын шақырып, оларға ша­ма­­сына қарай бес-он мың тең­ге­ден ақша қояды. Ол ақша мар­­құм­ды қара жерге ама­нат­таған соң, бейіт басында сол кел­ген адам­дардың бәріне тегіс үлес­тірі­леді. Сөйтіп топы­рақ салуға кел­ген адам қалта­сы­на бес-он теңге са­лып қайта­ды. Алайда, осы «дәс­түр» қанша­лықты дұрыс?

Қаржылай мүмкіндігі бар адам қайтыс болған ата-әже­сіне, әкесіне, болмаса шеше­сіне арнап ақша қояды. Ал ел­дің бәрінің жағдайы бірдей емес. Сонда жағдайы төмен адам не істейді? Амал жоқ, қарызға батады, шашылады, төгіледі. Себебі көп­ші­лік­тің «көштен қалмау» үр­дісі мерей­лі тойда ғана емес, топы­ра­қты өлімде де осы­лай қы­лаң береді. Мұның тағы бір шар­ты – қайтыс бол­ған кісі неме­ре сүйген бол­са, міндетті түр­де ақша қо­йылуы керек. Жас болс­а, ақ­ша қойылмайды. Яғни көп­ші­­лік­тің көкейінде қалып­тас­қан пікір бойынша, ұрпақ өр­біт­кен адамның өлімі де «той». Мұндай «жазылмаған заң» қазіргі кезде Жамбыл облысының бірқатар ауылдарында кездеседі. Әркімнің ние­ті өзіне белгілі, бірақ мар­құм­ның жүзін топырақ жасыр­ған соң қабір басында ақша алу­ға таласқан талайды көзіміз көр­ді. Мұндайда адам өліге то­пырақ салуға емес, ақша алуға ғана келе ме деген суық ойдың сумаң ете қала­тыны шын.

«Шариғатымыз бойынша жаназа намазды да, басқа намазды да Алланың разылығы үшін оқу керек. Жаназа намазына Алланың разылығы үшін қатысу керек. Ал біреу ақша беріп жатыр деп, соны алу үшін ғана жаназаға бара­тын болса, оның ниеті, жа­наза намазы қабыл емес. Мұндай ниетпен баруға болмайды. Ал қайтыс болған кісіге тек топырақ салу үшін баратын бол­са, әңгіме басқа. Қазіргі кез­де ауылдарда адамдар сөз­ден қашып, әр атаның баласы­на ақша тарату дейтін амалға барып отыр. Көбінің ниеті – сол ақшаны алу. Мұның дұрыс еместігін ауылдардың кейбір тұрғындары да, имамдар да айтып келеді. Егер сол ақшаны қайтыс болған кісінің атынан туыстары садақа ретінде беретін болса, ол жақсы. Бірақ садақа алуға лайықты адамдар бар. Садақа өз иесіне жетуі керек. Мәселен, жаназаға ақша алуға келетін адамның біреуі­нің мың қойы, біреуінің отыз қойы болуы мүмкін. Ол адам садақаға мұқтаж емес. Мысалы, ауылдарда жағ­дайы төмен, жетім, жесір кісі­лер бар. Сол тізім бо­йын­­ша қайтыс болған кісіге сауа­бы тисін деп беруге болады. Өзім де ауылдарға барып, осы мәселе бойынша жиын­­дарға қатыстым. Егер ақша қой­маса, басқалардан ұят бола­ды дейді кейбіреулер. Бұл ша­ри­ғатымызда «рия» деп ата­лады. Бұл амал қа­был етіл­­­мейді. Яғни Алла­ның ра­зы­­лығы үшін емес, адам­дар­­дың сөзіне бола мұндай әре­­кетке бару дұрыс емес», дей­ді Жамбыл облыстық орталық «Һибатулла Тарази» меші­тінің наиб имамы Бах­тияр Амантайұлы. Расында да ке­й­бір азаматтар ақша тарату талай жылдан бері қалыптасып кеткен үрдіс екенін айтады. Бірақ өлімге бата оқырға қай­ғырып емес, есеппен бару­дың өзі өте ұят жағдай ғой. Алайда бұл ұят жайт болса да, жалғасып келеді.

Имамның айтуынша, жерлеу рәсімінен алған ақшаға біреу арақ-шарап алып ішуі де мүмкін. Сонда әлгі үй иесі де сол адамның ішімдік ішуіне себепші болады екен. Бұдан басқа да түрлі жағдайлар бар. Бір ауылда ақсақалдар осы мәселе бойынша бәтуаласа алмай, екіге бөлініпті. Бір тарап ақша берілмесін десе, екін­ші тараптан берілсін деген. Со­дан бір кісі қайтыс болғанда, имам­дар мен ақша берілуін құп­та­майтын ақсақалдар сол қара­лы үйге барып, ақша бер­мең­дер дейді. Оған екінші жақ көнбейді. Содан қариясы қай­тыс болған үйдің балалары ақыл­даса келе, ақша қойыл­маса ұят болады деген тоқ­тамға ке­ліп, ақыры ақша қояды. Де­ген­­мен мұндай жағдайдан ты­­йы­л­­маса болмайтынын бәрі де айтады. Айтылады, бірақ көп жағдайда орындала бермейді.

 

Жамбыл облысы