Кереку өңірінде Алашқа мәлім Ақкөл Жайылма деген атырап бар. Сөз қонып, ән әуелеген, өнер өрістеп, кие дарыған қасиетті жер. Әмбе небір талантқа бесік болған берекелі мекен. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Баян Қайнышева да сол киелі топырақтан.
Ол – мүсінші һәм суретші. Аты алысқа тарамаса да, Кереку жұрты ерекше қадірлеп, әс көтеретін өнер иесі. Қатардағы мұғалім қазаққа қадірлі Абай мен Мұхтардың, Естай мен Сұлтанмахмұттың бюстін жасаған. Бүгінде Баян Қайнышеваның қиялынан туған кеуде мүсіндер кеншілер шаһарының көркін ашып тұр. Баянауылдағы Жүсіпбек бюстінің, Ерейментаудағы Үмбетей жырау мүсінінің авторы да осы жан.
Екібастұздың тарихи-өлкетану музейінде Естай Беркімбайұлына арналған зал бар. Осындағы көздің жауын алар екі үлкен туынды – Баян Қайнышеваның еңбегі. Әулиекөл жағасында ән салып отырған Естай ақынды айнытпай мүсіндеген өнерпаздың өнеріне сүйсінбеген адам кемде-кем. Ал екінші туындыда қысқа ғұмырда қосыла алмаған қос ғашық Естай мен Қорлан бір-біріне қол созған қалпы тас мүсінге айналған. Ғашықтардың арасын қазақтың қара домбырасы бөліп тұр. Бұл – ұлы сезімнің «Қорландай» ұлы әнге айналғандығының белгісі.
Ол – тума талант. Олай дейтініміз, Баян Қайнышева дүйім елге әйгілі дарын иелері секілді іргелі оқу орындарында оқымаған. Бітіргені – Екібастұздың педагогикалық училищесі. Бертін Павлодардағы Инновациялық Еуразия университетін тәмамдаған. Болды. Алайда Баян Құрманқызының қолынан шыққан керемет туындылар «Алматыдағы я Мәскеудегі атақты ұстаханаларда өнерін ұштаған-ау» деген ойға жетелейді. Әсте олай емес. Кереку өңірінен қарыс қадам шықпай-ақ өнердің биігіне өрлеп келеді.
Баян Қайнышева ұзақ жылдар бойы Екібастұздағы С.Торайғыров атындағы №22 мектеп-гимназиясында бейнелеу өнерінен сабақ береді. Мүсіншілік – жан қалауы. Өнерін ортаға салып, кәсіпке айналдырған емес. Тапсырыс түссе, тартынбайды. Көбінесе жүрегі қалаған дүниелерді жасайды. Жеке шеберханасы да жоқ. Шеберханасы – өз шаңырағы.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қиын кезең еді ғой. Баян мұғалімдік жұмысқа тұрды да, оқушыларына бар білгенін үйретуге кірісті. Алайда ол кезде мүсін жасауға қажетті материалдар қасқалдақтың қанындай тапшы болатын. Әлі есімде Екібастұздағы православтардың шіркеуі салынып жатқан жерден әжептәуір ақ саз алып келгенім бар. Баян оны біразға дейін пайдаланып, кәдеге жаратты. Осыдан кейін ол мүсін жасауға ден қоя бастады. Айтпақшы, мына бір қызық оқиғаны айтпай кетуге болмас. Бірде Баянның шаңырағына – Ақкөл Жайылмадағы «Өлеңті» совхозына бардық. Үйге келген қонақтардың ішінде көріпкелдігімен, әулиелігімен жұртқа мәлім Жандарбек қожа да бар еді. Өзгелер секілді біз де қожа атаның батасын алдық. Жандарбек ата Баянның қолын ұстап «Сенің қолыңда үлкен өнер бар!» деді. Әрине, әуелде оған мән берген жоқпыз. Тек кейін қожа атаның айтқаны айдай келгенін түсіндік, – дейді мүсіншінің жұбайы Рашид Жапанов.
Баян Құрманқызының алғаш жасаған мүсіні – әкесінің бейнесі. Кішігірім сол мүсін үлкен өнерге жол ашты.
– Алғашқы еңбегімнен кейін ерекше шабыт алдым. Шеберлігімді шыңдауға кірістім. Екібастұзда Сергей Павлович Пантелеев деген мықты суретші бар. Сол кісіден көп дүниені үйрендім. Көрмелердің бірінен жұмыстарымды тамашалаған Тимур Ковалев те қолдау көрсетті. Университет қабырғасында Владимир Ефремовтей тамаша тұлғадан тәлім алдым. Кереку өңіріндегі Бота Машрапов, Ғалым Қаржасов, Өсербай Шоранов, Әнуар Игембаев секілді суретші, мүсінші ағалардың берген ақыл-кеңесі де тынысымды кеңейтті. Әріптесім, суретші Ақертіс Солтанбаевтың, жиенім Ризабек Жақыповтың өнеріме үлкен қолғабыс жасағанын бөле-жара атап өтуге тиіспін, – дейді Баян Қайнышева.
Атап өтерлігі, Кереку өңірінде мүсіншілікті меңгерген бұрымдылар тым аз. Сондықтан болар, Баян Құрманқызын облыстағы суретшілер мен мүсіншілер ерекше қадірлейді. Оны осы ортаның еркесі, гүлі десе де жарасатындай. Ақындар да жыр арнап, өнер иесінің мәртебесін одан әрі биіктетуде. Екібастұздық мүсіншінің өмірі мен өнері киноновеллаға да өзек болды. Оны «Хабар» телеарнасынан миллиондаған адам тамашалап, тамсанды.
– Өткен жылдың жазында «Хабар» телеарнасы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Мен Қазақстанды және қазақстандықтарды не үшін жақсы көремін» деген жобаның басталғанын хабарлады. Оған республикаға аса танымал емес, бірақ өз өңірінде үлкен құрметке ие адамдар туралы сценарий жазып, ұсыну керек екен. Баянға ескертпей, оның шығармашылығы туралы сценарий жазып жібердім. Ұйымдастырушыларға ұнапты. Жарты сағаттық киноновелланы Бақыт Қилыбаевтың сценарлық шеберханасы түсірді. Осы жылдың 14 қаңтарында эфирге шықты. Көпшілік көркем дүниені жылы қабылдаған секілді. Өйткені, хабарласып, құттықтағандар көп. Өз басым Баянның шығармашылығы мұндай туындыға лайық деп есептеймін. Өйткені, ол бұл салаға өмірінің 25 жылын арнады. 100-ден астам өнер туындысын жасады. Тігіншілікті, тоқымашылықты, суретшілікті де бір кісідей меңгерген. Саздан қуыршақ жасайтын өнері және бар. Сондай-ақ елімізде мүсінші әйелдер өте аз. Осы саланың өкілін көпшілікке танытқым келді. Сценарий жазуыма түрткі болған жайттың бірі осы, – дейді Рашид Жапанов.
Жобаның бас продюсері Бақыт Қилыбаевтың айтуынша, екібастұздық қарапайым мұғалімнің өмір жолы қазылар алқасын ерекше таңғалдырыпты.
– Біз көрерменге бас кейіпкер арқылы өмірді қалай өзгертуге болатынын көрсеткіміз келді. Алға мақсат қойып, соған ұмтылу керектігін жеткіздік деп ойлаймын. Бұл туындыда экшен, күтпеген оқиғалар жоқ. Есесіне, «Бөбек» қорының символына айналған мүсіннің – ананың аялы алақанындағы сәби үлгісіндегі туындының дүниеге қалай келгенін көруге болады, – дейді Бақыт Қилыбаев.
Баян Құрманқызымен бір шаңырақ астында 35 жылға жуық бақытты ғұмыр кешіп келе жатқан Рашид Жапанов жұбайына үнемі қолдау көрсетумен келеді. Ұлдары да өнерден алыс емес. Тұңғышы Қасымхан – республикаға танымал дизайнер. Қасымхан Жапанов – Павлодар облысы эмблемасының, ауыр атлетикадан Алматыда өткен әлем чемпионатының, күрес түрлерінен астанада ұйымдастырылған әлем біріншілігінің логотипі мен медальдар жиынтығының авторы. Ортаншы ұлы Ислам – кәсіпкер, ал кенжесі Димаш – студент. Олар да өнерден қара жаяу емес.
Баян Қайнышеваның қарапайымдылығына қайран қалмайтын адам жоқ. Төр менікі деп төске өрлемейді. Кейбір өнер адамдары секілді өзін орынды-орынсыз жарнамалауға жаны қас. Артық мақтауды да сүймейді. Сұхбат бергенде ашылып әңгіме де айтпайды. Сондықтан шығар оның олқы тұстарын үнемі жұбайы Рашидтың толтырып жүргені.
Осындай ерекше таланттың Алматы мен астанадағы өнердің қыз-қыз қайнаған ортасынан жырақта жүргені қынжылтады. Оның бір міні де, бар міні де – осы.