Қысылтаяң шақта қолы қысқа адамдарды қолтығынан демеп, жанашырлық жасау шынайы адамгершіліктің белгісі. Көкшетаулық жастар жалпақ әлемді «жаман тұмау» жан алқымнан алған кезде бірліктің бұзылмас қамал екендігін өздерінің ізгі ниетті іс-қимылдарымен көрсетіп отыр.
Жас толқын көмек қажет еткен адамдарды жүрек жылуымен нұрландырып, сенімдерін арттыра түсуде. Тіпті, ең бастысы материалдық көмек те емес, дерт шеңгеліне ілігіп, сырқаттанып жатқандарды бірауыз жылы сөздерімен демегендерінің өзі неге тұрады?! Jas otan жастар қанатының еріктілері былтыр жүзден астам азаматқа жанашырлық жасап, көмек көрсетті. Оның үстіне ел тұтастығын меңзейтін, бекем бірліктің тінін мықтай түсетін «Біз біргеміз!» акциясы аясында да ондаған отбасына демеушілік жасады.
Жасотандықтар облыс орталығында ғана емес, әрбір ауданда атқарылатын қайырымдылық шаралардың жол картасын әзірлеу үстінде. Бірінің жақсы ісін бірі көріп сүйсінген, иманды шараға өздері де атсалысқысы келген жастардың қатары күн сайын өсе түсуде. Бүгінде 5 мыңнан асып жығылады. Негізгі топ – Көкшетау қаласында. Облыс өңірін тұтас қамтып, ізгілік нұрын шымырлай сіңіру үшін әрбір қала мен ауданда коворкинг орталықтары ұйымдастырылған. Кешегі «қызыл аймақта» тұрған кезде бұл орталықтарда жұмыс қайнап жатты. Әлі де бәсеңдеген жоқ. Өңір «қызыл аймақтан» шыққанымен, көмекті қажет ететіндер қатары сейіле қойған жоқ.
Былтырғы наурыз айынан бері жастар қанатының белсенділері өңірде қолға алынған барлық жанашырлық шараларға үзбей қатысып, өздерінің бойларындағы адам сүйсінерлік әдемі қасиеттерді танытып-ақ келеді. Тіпті, түнеріп келген түйткіл қиындықтан сескенетін емес. Бастарын бәйгеге тігіп жүріп ел басына түскен ауыртпалықпен алысуда.
– Жастар азық-түлік себеттерін, дәрі-дәрмектер мен күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды мұқтаж отбасыларға жеткізіп беруде, – дейді Jas otan жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Сұлтан Бекешев, – әртүрлі бағытта жұмыс істеуде, соның ішінде «Диспетчерлік қызмет» деп аталатын жоба өте тиімді. Бұл жоба аясында мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетіледі. Олар осы қызмет түріне хабарласа алады, жастар болса өтініштің ешқайсысын жерде қалдырмай, бірден көмек көрсетеді. Өткен жылы жүздеген мүмкіндігі шектеулі адамға осындай әдіспен көмек көрсетілді. Ендігі бірауыз толтырып айтуға лайықты дүние – «Жас саясаткерлер клубы», «Аула алаңдары» жобалары. Бұл жобалардың аясында ерікті жастардың бойларындағы тамаша қасиеттерді ұштап, белсенділіктерін арттыра түсу көзделген.
Жасотандықтардың қатарына қабылданған соң бірден белсенді іс-қимылға көшкен жастың бірі – Омар Бекин. Ол былтыр айрықша белсенділігі үшін «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Сөз арасында өңірдегі еңбегі еленген құрбыларының ішіндегі ең жасы екендігін айта кетуге болар.
– Жалпы жастардың осы бір ізгілікке толы иманды шаруасын айта жүрген жөн. Сонда біздің замандастарымыз құлақтанып, ортақ іске үлестерін қосып, топтаса түседі. Мысалы, өзім Назарбаев зияткерлік мектебінде жүргізілген үгіт-насихат шарасынан соң қосылдым, – дейді Jas otan жастар қанатының белсендісі Омар Бекин, – сол кездесуде «Думан» педагогикалық жасағы туралы өте жақсы айтылды. Қазір еріктілер қатарында қолғабысымды тигізіп жүрмін.
Бір қуаныштысы, ерікті жастар қатары толыға түсуде. Алдағы жұмыс та ауқымды. «Ұрпақтар сабақтастығы», «Таза сессия», «Жас саясаткерлер клубы» тәрізді қызғылықты жобалар жүзеге асырылмақ. Мақсат – жастардың қоғамдық жұмыстағы белсенділігін, жақынға жанашыр болудың қажет екендігін насихаттау. Ел жастарының еңселі ісін көргенде болашақтың баянды боларына сенім де арта түседі.
КӨКШЕТАУ