Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «ASSYL DOMBYRA» республикалық ақындар айтысының алғашқы кезеңі өтті. Бұл сөз барымтасы бұған дейін жырсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген «Алтын домбыра» аламанының жалғасы іспетті.
«ASSYL DOMBYRA» деп айдар таққан айшықты аламан төрт кезеңге созылмақ. Жылдар жылнамасында төл өнерімізді төрге сүйреп келе жатқан Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер Одағының төрағасы Жүрсін Ерманның 70 жылдық мерейтойын арқау еткен алғашқы топта аузымен құс тістеген 16 ақын өнер көрсетті. Аламан доданың екінші тобы сәуір айының 10 жұлдызында, үшінші топ маусымның 5-де Ақсуатта айтысады деп жоспарланған. Осылайша барлық үш кезеңнің қорытындысы бойынша сайдың тасындай іріктеліп шыққан 24 ақын қыркүйек айында финалдық кезеңде бақ сынамақ. «ASSYLTAS» қоғамдық қоры демеушілік еткен айтысты елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты көрермен қауым ASSYLTAS TV youtube арнасынан тікелей эфирде тамашалады.
Асанәлі Әшімов, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова, Светқали Нұржанов, Қойлыбай Асанов, Серік Құсанбаев, Әнуар Омар, Аманжол Әлтаев, Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы сынды өнер майталмандары мен ақындар қазылық еткен сөз барымтасында ұлттық құндылықтар ұлықталып, қоғамдағы өзекті мәселелер қаузалды.Айтыс десе арқасы қозатын көптің көңілін, шөптің шөлін қандырған ақ жаңбырша жадыратқан жыр додасында 8 жұп өнер көрсетті. «ASSYL DOMBYRA» айтысының талабына сай жеңіске жеткен сегіз ақын қыркүйектегі ақтық додаға жолдама алуы тиіс еді, дегенмен сөз барымтасында бір-біріне дес бермеген Павлодарлық Аспанбек Шұғатаев пен Оралдық Жансая Мусина қазылар алқасының шешімімен финалға қатар өтті. Топтан озған тоғыз ақынның қатарында Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда), Шалқарбай Ізбасаров (Атырау), Рүстем Қайыртайұлы (Алматы), Айтбек Тұрсынбаев (Тараз), Төлеген Жаманов (Қарағанды), Ержан Әміров (Қызылорда), Айбек Жеңісқазиндер (ШҚО) бар.
Жыр аламанына қатысқан барлық 16 ақынға демеушілер тағайындаған 150 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйақы мен домбыра табысталды. Басты сыйлық – асыл тастармен көмкерілген домбыраның иесі енді екі топтағы ақындар айтысы өткеннен кейін қыркүйекте шымылдығын түретін ақтық сында анықталмақ.
– Жөргегінде жыр қасиетін еміп, «сөз құдіретін өз құдіретім» деп таныған қазақ үшін ұлтымыздың ұлы мұрасына баланатын айтыс өнерінің орны бөлек. Сондықтан болар, сұлу сөзге сусап келген тыңдарманды сүмбіле жырдың суатына сүйрей жөнелетін айтысымыздың бәсіресі сәтке де болса биіктен құлап көрген емес. Алматы азаттықтың алтын бесігі ғана емес, сұлу жырдың салтанат құрған аяулы шаһары. Ұлт өнерін қолдау бәрімізге ортақ борыш, – дейді Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов.
АЛМАТЫ