СҚО-да жыл басынан бері алғаш рет заңсыз аң аулау фактісі анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Полиция департаменті және Жамбыл ауданы полиция бөлімінің табиғатты қорғау полицейлері ауылдардың бірінде үйдің маңынан жіліктеп бөлінген сібір елігінің етін анықтады. Аңның терісінде оқ іздері болған. Жануарды заңсыз атып алғаны үшін ауданның 46 жастағы тұрғыны ұсталды.
Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы (Заңсыз аңшылық) бойынша енгізілді. Күдіктіге қатысты міндетті келу түріндегі мәжбүрлеу шарасы тағайындалды. Жануардың қалған мүшелері, “Рысь” қарда жүргіші, 12 калибрлі “ИЖ-43Е” және “ТОЗ-87” аңшы мылтықтары, оқ-дәрілер, басқа да құрал-жабдықтар алынды. Күдіктімен бірге тағы екі ауыл тұрғыны болған.
Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайын толық және объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
– Табиғатты қорғау полициясының рейдтері орман және аңшылық шаруашылықтарының қызметкерлерімен бірлесе тұрақты негізде жүргізіледі, – деді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау полициясы тобының инспекторы Асхат Қожабаев.
Аталған қылмыс жыл басынан бергі Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген заңсыз аң аулаудың алғашқы фактісі.