Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов айтты. Жыл басталғалы палата мамандары бизнес өкілдеріне 209 сертификат тапсырған, деп хабарлайды Egemen.kz
«Алынған сертификаттарға жасалған талдау қызылордалық кәсіпкерлердің жыл басынан бері шет елдерге күріш, балық өнімдерін, мұнай, ванадий рудасын, кальций молибдатын, кварцтық құм, цемент экспорттағанын көрсетіп отыр. Аталмыш өнімдер Ресейге, Беларуссияға, Өзбекстанға, Украинаға, Тәжікстанға, Әзірбайжан мен Қырғызстанға, Монғолияға, Қытайға, Тайваньға, Латвия мен Швейцарияға жеткізілуде», - дейді палата директоры.
Ал «СТ-КЗ» формалы сертификаттар ірі қара мал етіне, шұбатқа, шыны пластик құбырларына, мұнай өндіруге бағытталған құрылғыларға, арнайы өңдеу жиынтығына, газ тәріздес және медициналық кислород пен азотқа рәсімделген. Сертификаттар «Ысамаддин», «Атабас» шаруа қожалықтарына, «Новомет-Казақстан», «Өркен Әлем», «Меркур-СтройСервис», «Композиттік құбырлар зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестеріне берілген.
Биылғы жылдың алғашқы индустриалды сертификатын «JSoft» ЖШС алып отыр. Аталмыш мекеме компьютерлік бағдарламалық жасақтаманы пайдалану құқығына лицензия беру бойынша қызметтер мен ақпараттық жүйені құру жұмыстарымен айналысады.