Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылдан бастап Қазақстанда «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы басталды. Бағдарламаның мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың (ҚРТ) көмегімен отбасылық-демографиялық проблемаларды шешуге жәрдемдесу. Осы орайда биыл Медициналық сақтандыру қоры алдын ала сомасы 6,2 млрд теңгеге 7 мың ЭКҰ циклын қаржыландыруды жоспарлап отыр. Яғни жасанды ұрықтандыру рәсімін жүргізуге квота саны 2020 жылмен салыстырғанда 7 есеге өсті, былтыр 960 млн теңгеге 1 105 ЭКҰ қызметі көрсетілген болатын.
Жуырда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында тегін ЭКҰ-ға кімдердің өтініш бере алатыны, қайда жүгіну керектігі және процедураға арналған көрсеткіштер туралы айтылды. Еске сала кетейік, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ЭКҰ бағдарламасы аясында 2018 жылы ТМККК шеңберінде 902 циклді және 2019 жылы да дәл осы көлемді қаржыландырған болатын.
ДДҰ мәліметтері бойынша репродуктивті технологияны жүргізу нәтижесі 45-60%-ға жетеді. ЭКҰ жүргізу тиімділігі елімізде орта есеппен 15%-дан 42% -ға дейін өсті. Бала туу фактісі бойынша емдеу тиімділігінің көрсеткіші 30% деңгейінде, бұл ең жақсы еуропалық клиникалардың көрсеткішіне сәйкес келеді.
Бүгінде елімізде 11 030 әйел бедеулікпен есепте тұр. 2010 жылдан бастап Қазақстанда ЭКҰ бағдарламасы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілді және 2010-2019 жылдар кезеңінде циклдер саны 100-ден 900-ге дейін өсті. 2010 жылдан бастап ТМККК шеңберінде 7 мыңға жуық ЭКҰ бағдарламасы қаржыландырылды.
Дәрігерлердің айтуынша, ЭКҰ процедурасы терапевтік жолмен емдеуге келмейтін бедеулік диагнозы қойылған жандарға арналған. ЭКҰ-ға отбасылық жұптар да, жеке адам да қатыса алады. Міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша келісімі болуы керек. Қазақстан азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге сәйкес келуі қажет. Бұл – репродуктивті жас (18-ден 42 жасқа дейін), қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебе, жоғары фолликулярлық резерв.
Науқасқа ұрықтандырудан бас тарту бірнеше жағдайда әсер етуі мүмкін: жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген локализацияның онкологиясы.
ЭКҰ-ға жолдама алу үшін тіркелген жері бойынша емханаға жүгіну қажет. Ұйым мамандары пациентті бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электронды тіркеліміне қосады және бірқатар тексерулер тағайындайды. 12 ай ішінде Бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Оң шешім қабылданған жағдайда, әйел «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеліп, рәсімге дайындала бастайды. Пациент экстракорпоралды ұрықтандыру үшін клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы.
Айта кету керек, жылына бір рет МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан тегін өтуге болады. МӘМС жүйесінде ЭКҰ жүргізу алдында ерлі-зайыптыларды тексеру көлемі көзделген тізбеге сәйкес жүзеге асырылады.
МӘМС жүйесінде ЭКҰ – циклдің базалық бағдарламасы көзделген, онда суперовуляцияны стимуляциялау, аналық бездердің трансвагиналды пункциясы, мұздатылған (желденген) эмбриондарды ауыстыруды қоса алғанда, асқынулардың жоғары тәуекелдерінің болуымен және эмбриондарды ынталандырылған циклде (овуляцияны стимуляциялау аясында эндометрия гиперплазиясы, эндометрия гипоплазиясы), кез келген локализацияның жіті қабыну аурулары кезінде ЭКҰ нәтижелілігін айқын төмендететін факторлардың болуымен байланысты кейінге қалдырылған тасымалдар жағдайларында жүргізіледі.
Жүктілікті диагностикалау ұрықтандырудан 12-14 күн өткен соң жүргізіледі, ультрадыбыстық зерттеу 21 күнге тағайындалады. Егер науқаста жағымсыз асқынулардың бірі пайда болса – көп жүктілік, бұл әйел денесіне жүктемені арттырады және жүктілік болжамын нашарлатады және резекция жасайды. Дамып келе жатқан ұрық санын азайту операциясы пациенттің жазбаша келісімі болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Еліміздің 8 өңірінен 19 медициналық ұйым Қазақстанда ЭКҰ қызметтерін жеткізушілер болып саналады, оның ішінде 18 жекеменшік ұйым бар.
ЭКҰ жүргізу қағидалары және ілеспе іс-шаралар туралы толық ақпарат Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-272/2020 «Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды жүргізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» бұйрығында жарияланды.