2021 жылғы 15-19 ақпан аралығында Қостанай облысының аумағында “Мигрант” жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жедел-алдын алу іс-шараларының басты мақсаты – Қостанай облысының аумағында болу мерзімі өтіп кеткен шетелдіктердің құқықтық мәртебесін реттеу, визалар, жұмысқа рұқсат беру, сондай-ақ әкімшілік заңнаманы бұзушыларды анықтау болып табылады.
Жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілген екі күн ішінде елде белгіленген мерзімнен артық заңсыз жүрген және еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырған, елде болу мерзімін бұзған 11 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Шетелдіктердің келгені туралы уақтылы хабарламағаны үшін шетелдіктерді қабылдаған 33 азаматқа қатысты әкімшілік шаралар қолданылды. 28 шетелдік азаматтың құқықтық мәртебесі реттелді.
Қостанай қаласы Полиция басқармасының көші-қон қызметінің қызметкерлері “Даму” қоғамдық қорымен бірлесе отырып, елшілік арқылы Өзбекстан Республикасының 1990 жылы туған азаматы мен Тәжікстан Республикасының 1985 жылы туған азаматына жеке басын куәландыратын құжаттарын қалпына келтіруге және елдеріне оралу үшін билеттер сатып алуға көмектесті.
Сондай-ақ, “Мигрант” жедел-алдын алу шарасы аясында Жітіқара және Науырзым аудандарының криминалдық полиция қызметкерлері іздеуде жүрген екі күдіктіні ұстады.
Полиция қызметкерлері шетелдік азаматтардың құқықтық мәртебесін реттеу үшін қалалар мен аудандардың полиция бөлімдеріне, облыс орталығында Тәуелсіздік көшесі, 114 мекен-жайында орналасқан көші-қон қызметіне жүгіну қажет екенін еске салады.