• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Ақпан, 2021

«Мен және менің құқығым» атты ой-пікір сағаты өтті

48000 рет
көрсетілді

Қазіргі заман талабына сай әрбір Қазақстан азаматы, еңбектеген сәби мен еңкейген қартқа дейін өз құқығын жете біліп, оны қажетіне сай өмір сүру дағдысында қолдана білуі керек. Әрбір адам өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын заңдарды білуі қажет. Сондай-ақ заң адамға міндеттер жүктейді. Адам - басқалардың құқықтарын бұзбауы, олардың өміріне, денсаулығына, ар-намысына қол сұқпауы керек. Адам түрлі жағдайда өмір сүреді: отбасында, жұмыста, мектепте, көпшілік жерде. Адамның қоғам мен мемлекет алдындағы міндеті: мемлекетті қорғау, салық төлеу, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу.

Біз сияқты қаншама адам дүниеге келуде? Осы адамдардың барлығы бір заңға бағынады. Ол – конституция деп аталады. Әр елдің, мемлекеттің өз азаматтарына арналған Заңы, Конституциясы бар. Бұл Заңда біздің құқықтарымыз ғана емес, міндеттеріміз де қатар жазылған.

Құқық – қоғамдағы адамдардың өзара қатынасын реттеп отыратын мемлекет белгілеп, қорғайтын нормалар мен ережелер жиынтығы, осы нормаларды зерттейтін ғылым.Міндет – адамдар бұлжытпай орындауға тиісті тәртіп пен қарым-қатынасқа қойылатын талап.

Осы тақырыптың аясында С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында, оқырмандардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Мен және менің құқығым» атты  ой-пікір сағаты өткізілді. Шара барысында оқырмандардың сұранысына сай қажетті сұрақтар талқыланып, керекті ақпараттар ой талқыға түсті. Әділет департаментінің халыққа заңгерлік қызмет көрсету және құқықтық түсіндіру жұмысы бөлімінің басшысы Жумин Жақсылық Жанатұлы оқырмандарымыздың сұрақтарына жауап беріп, ақыл – кеңесін ұсынды. Шара соңында кітапхана директоры Гүлжайнар Наренқызы пікір-таласқа белсене қатысқан оқырмандар мен арнайы уақыт бөліп келіп, көпшілікке түсіндіру жұмыстарын жүргізген мейманға алғысын білдірді.

«Құқығыңды қорғай біл!» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапхана қорында сақталған, аталмыш тақырып аясындағы әдебиеттер, газет – журналдар, мақалалар көпшілік назарына ұсынылды. Жақсы істің жаршысы болып, игі істердің бастамасында жүретін кітапхана ұжымы үшін осындай халыққа пайдалы, оқырмандарына ой салатын ізгі ниетті шаралар дәстүрлі түрде өз жалғасын таба береді.

Азатгүл Қайнақаева,

С.Жиенбаев атындағы

облыстық жасөспірімдер                        

кітапханасының кітапханашысы.

Ақтөбе қаласы.