• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 18 Ақпан, 2021

Тіс саулығы – тән саулығы

1346 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша жер жүзінде 3,5 млрд адам тіс ауруларынан зардап шегеді екен. «Қазақстан стоматологиясы» ғылыми-практикалық журналының бас редакторы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Academy of Dentistry International ұйымының толық мүшесі Сәуле Есембаева «Стоматологиялық көмек: профилактикадан бастап клиника таңдауға дейін» атты онлайн дәрісінде тіске қатысты көпшілік біле бермейтін біраз дүниенің бетін ашып берді.

Көпшілігіміз тіс кариесінің, қазақ­ша айтқанда тісті құрт жеуінің инфек­ция­лық жүрек миокардына апаратынын білмейтініміз анық. Стоматолог Сәуле Есембаеваның айтуынша, тісті емдет­пей, құрт жеп қойған тістің тұқыл­да­ры­мен жүре беру аталған ауруға 100 пайыз алып келеді. Бір жүрек миокар­дын ғана емес, панкреатитпен ауырған пациенттің қанының талдамасынан қызылиектің қанап жүруін, қанқұртты тудыратын микроорганизмдер табылған. Сонымен қатар түрлі қатерлі лейкоз, те­мір жетіспеушілігінен туатын анемия және эндокринді аурулардың бір­сы­пырасының ағзаны жүдетіп, аурухана төсегіне таңуына осы тіске қалай болса, солай қарау себепші екен. Тіпті кейде терапевт пен гематолог білмей тұрып, пациенттің ақ қан ауруына ұшырағанын стоматолог дәрігер аңдайды. Өйткені он­дай науқастың тісіне ұялаған тастарды сәл тазалаймын дегенде қан бұрқ ете қалып, тоқтамай қояды. Содан көңіліне кіді алған тіс дәрігері қан талдамасына жібергенде лейкоз анықталады.

Профессор дәрісінде тістің миға жа­қын орналасқанын әсте естен шығар­мау­ға кеңес береді. Ол әсіресе балалар өміріне қа­уіпті, оларда әрбір инфекциялық үдеріс өте жедел дамиды. Біздің елде жақ-бет сүйегі бөлімдеріне қаралатын балалардың көп­­ші­лігі тістің асқынып қабынған ауру­­ларымен түсетін көрінеді. Ал Шве­ция, Финляндия, Жапония жұртында кариес­тің алдын алуды жақсы жолға қойғандығы сондай, кариес тіпті де жоқ. Ақыр аяғында олар алда-жалда пульпит, кариес, пародонтит сынды аурулар бола қалса, қалай емдейміз деп көршілес елдерге мамандарын жіберіп, қысқа мерзімді оқулардан өткізіп жүр.

«Біріншіден, іштегі шарана үшін анасының тіс саулығы аса маңызды, егер анасында тіс ауруы болса, нәрестенің де тістері сондай болады. Екіншіден, сүт тістерін тазалау керек емес деп көп ата-ана мән бермейді. Ал сүт тістері зақымданған болса, орнына сау тіс шықпайды, ол үшін балаға тісі шығысымен күніне екі рет тісін тазалатып, ас ішкен соң аузын шайғызып отыру қажет. Осылай үйренген бала есейгенде де солай әдеттенеді. Бұл – қартайғанға дейін тіс саулығының кепілі. Тіс тазалығына мұқият болу түр­лі аурудың алдын алады», деді Сәуле Серікқызы.

Сосын бала көтерген әйелдегі токси­коз­дың да зияны бөлек әңгіме екен. Құсқаннан соң ауыз дұрыс шайылмаса, бөлінген қышқыл тіске зақым тигізеді, бұған қоса жүкті әйелдің тістерін емдету үшін ерте келуінің де маңызы зор. Ал­ғаш­қы үш айдан кейін аяғы ауыр келін­шектің стоматолог креслосында 15-20 минут­тен артық отыруына болмайды, өйткені іш­тегі шаранаға зияны тиеді. Сондықтан ал­дыңғы үш айдың ішінде тісті мейлінше мұқият емдеу аса қажет.

Негізі адам ағзасында тіс табиғаты ең бір қатты заттан тұрады. Алайда соның өзі тазалығына мән бермесе, тәттіні көп жесе, газды, қантты сусындарды, тіпті тәтті шы­рындарды көп ішсе, бүлінеді. Біздің елі­­мізде жасы ұлғайған адамдардың басым бөлігі табиғи тістерден адаланып, протезбен жүреді. Ондай болмауы үшін профилактикасына жөндеп қарап, тісті бекітуге септігі бар қатты сәбіз, қызылша тә­різді көкөністерді жеп, етті де былбыратып аспаудың пайдасы бар. Тіс төмен қарап салбырап тұрғандықтан, күнделікті жаттығу жасағандай қайрат жұмсап шайнау керек, ол оған күш беріп, түбін бекітіп отырады екен.

Тіс айналасындағы онлайн әңгімеде маман оны тазартатын пасталарды таң­дау­ға да мән беруді ескертеді. Фторлы пасталарды пайдаланудың мөлшері, тіс тазалайтын ысқыш шөткелердің жұм­сақ, қаттылығы – бәрі назарда ұста­лы­натын маңызды дүниелер. Тілдің үстіне жи­налған түрлі микроорганизмдер асқа­занға өтіп, ағзаны ауруға ұшыратады, жалпы ауыз қуысының тазалығы дені сау болуға ұмтылатын жұрттың назарында болуы тиіс. Стоматолог тіс пастасымен бірге ауыз шаятын сұйықтықтарды пайдаланып тұруға кеңес берген. Әр жолы дастарқан басынан тұрғанда ауызды құрығанда жай сумен жуған жөн.

Дәріс барысында «МӘМС және ТМККК аясында стоматологиялық кө­мекті кім және қалай тегін ала алады?» деген маңызды сауалға жауап берген маман оны міндетті түрде лицензиясы бар және МӘМС-пен арада қызмет көрсетуге шарты бар кез келген стоматологиялық клиника атқаратынын, ал ол қызметтің жоспарлы және шұғыл деп бөлінетінін жеткізді. Жоспарлы емделуге балалар мен 18 жасқа толған жасөспірімдер, жүкті әйелдер жатқызылады. Ал шұғыл емдеуді жоғарыдағы екі санаттағыларға қоса соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілгендер, I, II, III, IV топтағы мүгедектер, алтын және күміс алқалы аналар, атаулы көмекпен қамтылған әлеуметтік әлсіз топтағылар мен зей­нет­керлер, әлеуметтік тұрғыда елейтін инфек­циялық аурумен есепте тұра­тын­дар ала алады. Ал өзге санаттағы барлық аза­мат үшін стоматологиялық ем ақылы жүргізіледі.

Сәуле Серікқызы тағы бір жақсы­лық­­ты ортаға салды. Әлеуметтік аз қам­­­тылған отбасы­лар­дың 6 мен 12 жас ара­лығындағы бала­ларының тістерінде ано­малия болған жағдайда (тістері айқа­сып қалғанда, кемиектік, т.с.с) және қоян­жырық болып туса, тегін қызмет көр­сетіледі.