Қостанай облысында таңғажайып көрінісімен көзді арбап, көңілді баурап алатын табиғи орындар аз емес. Тағылар жортқан татыр даласы өзен-көлге бай орманды алқапқа ұласып жатқан бір ғана Науырзым қорығының өзі жомарт табиғаттың осынау құтты өңірге тарту еткен ерекше сыйы сынды. 2008 жылдан бері халықаралық маңызы жоғары табиғи нысан ретінде танылып, ЮНЕСКО қарауына алынған қорықта алдағы жазда атты туризм саласын қолға алу жоспарланып отыр.
Науырзым қорығында туристерді қызықтыратын биологиялық және ландшафтық құндылығы жоғары 6 экологиялық соқпақ бар. Бұл соқпақтар туристік саяхат үшін тартымды, сондай-ақ ғылыми-танымдық маңызы да жоғары. Қорық мамандарының айтуынша, әр соқпақ 3-4 аялдамадан тұрады.
– Бірінші соқпақ «Бұлақ» деп аталады. Мұнда Бетағаш орманы, қорық көрінісі мен бұлақты-бақты кордон аумағы, автокөлік аялдамасы және демалыс орындары бар. Ал екінші соқпақ – Науырзым қылқанды орманы. Бұл сапар желісін қорықтың жүрегі десек те артық болмайды. Өйткені мұндағы қылтанды орманда ителгі, бүркіт, ақ құйрықты су бүркіті сияқты алуан түрлі жыртқыш құстар мен бұлан, киік, ақбөкен, қабан, түлкі, қасқыр секілді жабайы аңдар кездеседі. Қорық аумағындағы Ақсуат көлінде «Қызыл кітапқа» енген құстарды жиі ұшыратуға болады. Үшіншісі – Дөңгелек сор. Кезінде жазықты дала болып келетін бұл соқпаққа көбіне әуесқой орнитологтар келеді. Мұнда «Қызыл кітапқа» енген, жойылып бара жатқан құстар жиі кездеседі. «Науырзым ландшафтары» деп аталатын құмды, сулы, далалы бетегелі туристік соқпаққа Бас Науырзым, Қаражар көлдері кіреді. Мұнда дәрілік қасиеті бар өсімдіктер көп өседі. Ал «Аққулы» соқпағында Қарамеңді көрінісі, Сармойын, Жаркөл көлдеріне аялдап, шағала, қасқалдақ, аққу, қаз, үйрек, жыртылып-айрылған құстар әлемін тамашалауға болады, – деді Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының директоры Дулат Қойлыбаев.
Сан алуан бояуға малынған ақшыл, қызғылт шағыл төбешіктерімен ерекшеленетін Тірсек орман алқабында былтыр туристерге арналып «Саз қалдығы» деп аталатын жаңа бағыт ашылған. Оған барар жолда маршрутқа сәйкес туристер Түркебай әулие кесенесіне аялдайды. Жергілікті тұрғындар үшін киелі орын болып саналатын кесене басында шипалы құдық бар. Қасиетті мазардан шыққан саяхатшылар Тірсек қарағай, Боз жазықты дала және «Саз қалдығы» аялдамаларын басып өтіп, Тірсек орманындағы демалыс орнына барып түнейді. Жергілікті тұрғындар бұл жерде бұрын теңіз болған деседі. Оған әр жерде беріштеніп тас болып қатып қалған теңіз маржандары мен ұлу қабыршақтары дәлел.
Биыл қорықтың туристік әлеуетін арттыру мақсатында Науырзым ауданының әкімдігі бірнеше тың бастаманы қолға алып отыр. Соның бірі – этноауыл жобасы. Аудан әкімі Талғат Кәрбозовтың айтуынша, мұнда келген туристер қонақүйде тұрып, автокөлікпен қыдырғаннан гөрі, көбіне киіз үйде түнеп, атқа мініп серуендегісі келеді екен. Сондықтан қорық аумағына биыл жазда киіз үйлер тігіліп, туристік соқпақтарда велосипедпен, атпен қыдыруға мүмкіндік жасалады. Қазірдің өзінде мініске жайлы аттар мен ер-тоқымдар сатып алынған. Әкімдік енді велосеруен жобасын жүзеге асыратын кәсіпкерлер іздестіріп жатыр. Мақсат – экотуризмді дамытуға ниетті жергілікті кәсіпкерлерді мемлекеттік бағдарламалардың бірі бойынша әріптестікке тартып, жаз шыға жобаны іске қосу. Осылайша, қорықтың туристік тартымдылығын арттырып, қонақтың қалауына қарай ландшафты жаяу, атпен, көлікпен, велосипедпен аралап көруіне мүмкіндік жасау.
Қорық қызметкерлері санитарлық сақтық шараларына да барынша мән беріп отыр.
– Биыл жеткілікті мөлшерде санитайзерлер, қорғаныс заттарын, термометрлер сатып алдық. 2019 жылы Науырзым қорығында мың жарым адам демалып қайтқан. Былтыр пандемияға байланысты шектеу күшейгенімен, 200-ге тарта адам келді. Биыл эпиджағдай оңалса, жоспарланып жатқан жобалардың нәтижесінде туристер санын еселеп арттыруға болады, – деді Д.Қойлыбаев.
Науырзым қорығының қызметкерлері облыс оқушыларына арнап тақырыптық туризм ұйымдастыруды да жоспарлап отыр.
Қостанай облысы