Көкшетауда тағы бір отбасы баспаналы болды. Облыс орталығындағы Науан хазірет атындағы орталық мешіт пен «Зекет» корпоративтік қайырымдылық қоры «Ел үлесі – пәтерге!» жобасы аясында қала тұрғыны Нұрлан Әбенұлына екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.
Өзі де өзгеге жанашырлық жасауға ұмтылып тұратын имам Нұрлан Әбенұлының отбасы үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Алты бірдей перзентін тәрбиелеп отырған ата-ана баспаналы болған сәтінде ақ алғыстарын жаудырып, ризашылықтарын білдірді.
Өңірде жақсылық шарапатымен талай жанның алғысын иеленіп келе жатқан бұл жоба бойынша бүгінге дейін 15 отбасы жайлы пәтермен қамтылып отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкіл имамы Қуаныш Сәбиттің айтуына қарағанда, шарапаты мол жоба аясында еліміз бойынша бүгінге дейін мұқтаж адамдарға 349 пәтер сыйланған екен. Игі бастама алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
КӨКШЕТАУ