• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Ақпан, 2021

Өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетілуде

430 рет
көрсетілді

Бүгін Қызылорда қаласында болған өрттен зардап шеккен отбасы мүшелері ауруханадан шыққан бойда дайын уақытша баспанаға орналастырылады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Елмұрат Рахматуллаев қала әкімдігінде өткен брифингте хабарлады, деп хабарлайды Egemen.kz

«Қала әкімдігі оқиға орын алған бойдан шұғыл әрекет жасап барлық көмектерді қарастырды. Отбасы ауруханадан шыққан бойдан дайын уақытша баспанаға орналастырылады. Сонымен қатар, қажетті азық-түлік, төсек орындар, киім-кешектер және басқа да қажетті құралдармен қамтамасыз етіледі», деді Елмұрат Рахматуллаев

Брифинг барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Бибізада Дүйсенбаева қазіргі таңда отбасы мүшелерінің жағдайы қанағаттанарлық деңгейде екендігін мәлімдеді.  

Ал қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов: «Қазіргі таңда сараптама тағайындалып, өрттің шығу себебі анықталуда. Болжам бойынша өрт тоқтың қысқа тұйықталуы немесе ашық отты пайдаланудан болуы мүмкін», деді.

Айта кетейік, өткен түні жедел құтқару қызметіне сағат 00:50 шамасында әл-Фараби мөлтек ауданында орналасқан жеке тұрғын үйден өрт орын алғаны туралы хабарлама келіп түскен. Аталған мекенжайға шұғыл жеткен  өрт сөндірушілер түнгі сағат 01:23-те жалынды толығымен оқшаулап, өшірген. Алайда орын алған оқыс оқиға салдарынан отбасының 4 бала мен олардың анасы көмір қышқыл газына уланып, ауруханаға түссе, тілсіз жау 2020 жылы дүниеге келген бүлдіршіннің өмірін қиды.