Қостанай облысының Амангелді ауданына қарасты Үрпек ауылында тұратын зейнеткер Орынкүл Жұмаділдәқызы үйдің күнделікті күйбең тіршілігінен қолы қалт еткенде өзен жағалап, бір уақыт балық аулап қайтқанды әдетке айналдырған. Биыл 75 жасқа келген зейнеткер немерелері балық сұраса, қыстың қақаған аязына да қарамайды. Мұз оятын бұрғысын, шелегі мен қармағын қолына алып ауыл іргесіндегі өзенге қарай тартып отырады. Торғайдың қалыңдығы бір метр мұзын оп-оңай бұрғылап ойық жасап алып, қармақ салуға кіріседі.
Орынкүл әжейдің сырт көзге тосын көрінетін бұл ермегін жерлестері де жақсы біледі. Қысы-жазы қармағын ұстап, өзен жақта жүретін зейнеткерді ауыл адамдары «балықшы әже» деп атап кеткен.
– 23 жылдан бері Торғай өзеніне қармақ саламын. Қыстыгүні көбіне шорағай түседі. Торғай жақта болмаса, бұл маңда сазан түсе қоймайды. Сондықтан қыстай шорағай аулаймын, басқа балықтардың қылтаны көп, балалар жей алмайды. Ал шорағай алабұға, ақбалыққа қарағанда етті, қылтаны аз. Әуелі бір шелек шабақ аулап алып, бұрғылап ойық жасап шабақ ойнатамын. Бір күн тұра ма, екі күн тұра ма, әйтеуір түскен шорағайды шетінен ала беремін. Немерелерім де, өзіміз де бір мезгіл балық жегенді жақсы көреміз. Жылқының етінен жалығасың, сиыр, қой еті – ауыр. Ал балық жас-кәріге бірдей жұғымды таңсық ас қой, асқазанға жақсы. Оның үстіне, үлкен адам қозғалып тұрмаса қиын ғой, сондықтан бір уақ өзен жағалап бой жазып, балық аулап сергіп қайтамын, – дейді зейнет- кер.
Орынкүл әжей көктемде өзенге бірнеше жұтпаны қатар ойнатып, шортан алады.
– Әкем 1954 жылы дүниеден қайтты. Шиеттей 5 бала – үш ұл, екі қызбен анамыз жесір қалды. Мен үйдің үлкені болған соң, 8-сыныпты бітірген соң, шешеме көмектесемін деп жұмысқа шығып кеттім. Сөйтіп, кешкі мектепті бітірдім. Кейін Қостанайда пошта операторы курсын тәмамдап, байланыс саласында еңбек еттім. Өзімнен кейінгі інім көтеріліп, оқуын бітірген соң тұрмысқа шықтым. Мен қайын ағамның қолына келін болып түстім. Екі жылдан соң, абысыным қайтыс болып, қайнағам үйленіп кетті. Артында қалған 5 баланы ешкімнің есігіне қаратпайық деп жолдасым екеуміз өзіміз жеткіздік. Еңбекке ерте үйрендік қой, – деп күрсінді әжей.
Балықшы әжейдің сіңлісі, өңірге белгілі журналист Гүлбаршын Смайылова: «Әпкем бел жазып бір демалған кісі емес. Жас кезінде «Бурда» журналын жаздырдып алып, ондағы киім үлгілеріне қарап отырып, бізге неше түрлі сәнді киімдер тоқып беретін. Апамның осындай еңбекқор, еркін әрі жан-жақты болуы мінезден, тәрбиеден болса, әрі оған жездемнің де ықпалы зор болды. Жездем іссапарға жиі шығатын. Апам тапсырмаса да оған неше түрлі тоқыма құралдары мен түрлі-түсті жіптерді өзі іздеп тауып, әкеп беріп: «Сенің қолың – алтын!» – деп шабыттандырып отыратын. Олар бір-бірін өмір бойы қолдаумен келеді. Апам балық аулаймын десе, ұлы да, жездем де қарсы болмайды» – дейді.
Әлі күнге дейін еңбектен қол үзбеген Орынкүл әже қазір де кез келген үй шаруасын дөңгелетіп әкетеді. Жазда бау-бақша егіп, ырғай, қарақат, алма, тұшала, шие, таңқурай, құлпынай, итмұрынға дейін өсіріп, одан тосаптың түр-түрін қайнатып, жауып тастайды. Балықшы әжейдің дастарқанынан қызыл ірімшік, ақ ірімшік, сарысу, құрт, май, ежігей, жент сияқты ұлттық тағамдар да үзілмейді. Мынау ер адамның жұмысы екен деп қарап тұруды білмейтін әмбебап әжей отағасы жоқта үйге қонақ келіп қалса, қорадағы тоқты-лақты да өзі сойып, мүшелеп тастайды.
Жетпістің бесеуін бағындырса да, қартайдым деп қол қусырып отырмай, қыстың көзі қырауда мұз ойып, балық аулап, саламатты өмір салтының жаршысы болып жүрген балықшы әжейдің әр күні – көпке үлгі.
– Жастайымнан еңбекке үйренген адаммын ғой, қарағым, қол қусырып қарап отыра алмаймын. Ал балық аулау – менің сүйікті спортым. Әйтпесе, тамақ таба алмай отырған жоқпыз. Шүкір, қорамыз төрт түлікке толып тұр. Неше жылдан бері қысы-жазы балық аулаймын. Осы ауылда «Балықшы кемпір» деген атым бар. Балықшы екенімді бүкіл Иманов біледі, өтірік емес қой, ол да менің бір өнерім, – дейді Орынкүл әже.
Қостанай облысы,
Амангелді ауданы,
Үрпек ауылы