• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 19 Ақпан, 2021

Айдар Әріпханов: «Бәйтерек» баламасы жоқ бірегей институтқа айналды

264 рет
көрсетілді

Былтыр тарихтағы ең бір күрделі кезеңді өткеріп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық белесіне қадам бастық. Осы уақыт ішіндегі экономикалық жетістіктерге «Бәйтерек» холдингінің қосқан үлесі зор. Баламасы жоқ бірегей институт алдағы уақытта да негізгі бағытынан айнымақ емес. Бұл ретте, біз «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар ӘРІПХАНОВПЕН дидарласқанды жөн көрдік. Екеуара әңгіме барысында өмірімізге өзгеріс енгізген 2020 жылға шолу жасалып, 2021 жылы атқарылатын негізгі мақсат-міндеттер кеңінен сөз болды. 

– Айдар Әбдіразақұлы, 2020 жыл әлем­дік экономиканы тығырыққа тіреді. Бұл жағдай Қазақстанды да айналып өт­педі. Экономиканы теңселткен корона­вирус пан­демиясының басталғанына да жыл­ға жуық­тапты. Қауіпті вирусқа бай­ла­ныс­ты қалыптасқан дағдарыс «Бәйте­рек­тің» жұмысына қаншалықты әсер етті?

– Шынымен де, өткен жыл қиын кезең бол­ды. Коронавирус дағдарысы эконо­ми­каның барлық саласына өз түзетуін ен­гізді. Десе де, Президент пен Үкімет бұл дағ­да­рыстың салқынын аса сездірмеуге ты­рыс­ты. Оны толықтай жою үшін жедел әрекет етті. Өз кезегінде «Бәйтерек» хол­­дингі де Үкіметтің дағдарысқа қарсы құ­ра­лы ретінде тиімді жұмыс істеді. Біз биз­несті, тұрғын үйге мұқтаж адамдарды қол­дауды тоқтатқан жоқпыз. Тіпті ин­фек­ция таралған кезеңде клиенттердің ден­сау­лығына қауіп төндірмес үшін қол­дау шараларын қашықтан ұсынып, рәсім­дердің уақытын барынша қысқарт­тық. Жасыратыны жоқ, кейбір көрсеткіш­тер бо­йынша шын мәнінде төмендеу бай­қал­ды. Бірақ жағымсыз көрініске жол бер­ме­дік. Осылайша, 2020 жылы холдинг­тің активтері 1,4 трлн теңгеге ұлғайды. Өсім холдинг қызметі көлемінің, атап айтқанда қаржыландыру көлемінің ұлғаюы есебінен қалыптасты. Осының нәтижесінде таза табыс оң динамика көрсетіп, төтенше жағдай уақытында тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін сыйақыны есептеудің және төлемдерді тоқтатқан кездегі холдингтің жоспарлы шығындарының орнын толтырды. Жедел деректер бойынша, былтырғы жылдың таза табысы шамамен 49 млрд теңгеге бағаланып отыр. Бұл 2019 жылғы көрсеткішпен шамалас – 51,5 млрд теңге.

– Ұлттық холдинг активтерінің ненің есебінен өскенін тарқатып айтып берсеңіз...

– Өткен жылы Президенттің дағдарысқа қарсы маңызды бастамаларын жүзеге асырдық. Біз «Қазақстанның тұрақтылық қорынан» «Нұрлы жер – 2025» және «Жұ­мыс­пен қамтудың Жол картасы» мем­ле­кет­­тік бағдарламаларын іске асыруға 1 трлн теңгеден астам қаражат тарттық. Ен­­шілес ұйымдарымыз – «Даму» қоры, KazakhExport және «Қазақстан Даму банкінің» жарғылық капиталын 117 млрд теңгеге ұлғайттық. Қаражат шағын және орта бизнесті, қазақстандық экспорттаушыларды қолдауға жұмсалды.

– Президенттің қос құрылымды – «Бәйтерек» пен «ҚазАгроны» біріктіру туралы тапсырма бергеніне де жарты жылдай уақыт болды. Қазір бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Біріктіру процесі қашан аяқталады?

– Холдингтерді біріктіру жұмысы қар­қынды жүріп жатыр және оны 2021 жылғы наурызда аяқтаймыз. Содан кейін бірыңғай институттың жаңа даму стратегиясын қабылдаймыз. Бұл құжат та әзірленуде. Онда қызметтің барлық бағыты мен салалық тәжірибені, сондай-ақ мемлекеттік саясатты іске асыру тәсілдерін ескеретін боламыз.

Агроөнеркәсіптік кешеннің стратегия­лық маңызы зор. Сондықтан «Аграрлық несие корпорациясы» холдинг құрамындағы жеке еншілес ұйым болады. Оның жар­ғылық қызметіне тікелей шағын бизнеске несие беру және өсімдік шаруашылығын сақтандыру функционалы қосылады. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» несиелерге кепілдік беру функциясы «Даму» қорына беріледі де, кейін біріншісі таратылады.

Қатарымызға қосылатын «ҚазАгроның» еншілес ұйымдарын қайта ұйымдастыру жұмыстары біріктіру аяқталғаннан кейін жалғасады. Оны 2022 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін тәмамдау жос­парланып отыр.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторын құру жөніндегі тапсырмасын орындап, үш еншілес ұйымды бір компанияға біріктірдік. Компания жақында ғана тіркеуден өтіп, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ деген жаңа атауға ие болды. Бұл жаңадан құрылған ұйым емес. Ол еншілес ұйымымыз «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ негізінде құрылды.

Биыл басқа да еншілес ұйымдарды оңтайландыру жұмысын жалғастырамыз.

– «ҚазАгроға» қатысты мәселелердің түрлі мінберден бірнеше рет айтылғанын білеміз. Енді оның проблемалық активтерінің едәуір бөлігі сіздерге ауысады. Бұл «Бәйтеректің» қарыздарынан 5 есе асып түспек. Холдинг проблемалық активтерді қалай өтейді? «ҚазАгроның» штат санында өзгеріс бола ма?

– Әлбетте, «ҚазАгроның» проблемалық активтері бізге өтеді. Холдинг бұл активпен өз қызметі шеңберінде жұмыс жүргізетін болады. Бүгінде «ҚазАгро» активтерін түгендеу жұмысы шеңберінде холдинг проблемалық активпен байланысты құжаттар мен мүліктерді зерделеуде. Түгендеу 2021 жылғы 20 ақпанда аяқталады. 26 ақпанда холдинг басшылары тапсыру актісіне қол қояды.

«Бәйтерек» активтерді де, міндетте­мелерді де қабылдап алады. Тиісінше, міндеттемелерді өтеумен де айналысады. Штат саны да қысқарады. Бұл жұмыс тапсыру актісін бекіту қорытындылары бойынша 2021 жылғы 15 наурыздан кешіктірілмей аяқталуы керек.

«Бәйтерек» проблемалық активтермен жұмыс істеуде және оларды дағдарыстан шығару бойынша тәжірибесі мол, кәсіби басқарушы холдинг екенін атап өткім келеді. Алғаш құрылған кезде бізге берілген еншілес ұйымдардың барлығында дерлік қандай да бір қаржылық проблемалар, оның ішінде проблемалық активтер болды. Ал бүгінде олар отандық экономиканы алға сүйреп отырған табысты компанияға айналды. Басқарудағы кәсіби шеберлік еншілес ұйымдардың негізгі стратегиялық және қаржылық көрсеткіштерін жақсартуға ықпал етті. Сондықтан алдағы жұмыс оңай болмайтынын білемін. Бірақ біз қиындықтан қашпаймыз.

– Әңгіме ауанын бизнеске қарай ауыстырсақ. Былтыр холдинг отандық бизнеске қандай қолдау көрсетті? Пандемия қаншалықты әсер етті?

– Отандық бизнесті қолдау үшін холдинг­тің еншілес ұйымдары тегіс жұмыл­дырылды. Мәселен, екінші деңгейлі банктерде теңгемен ұзақмерзімді қаржыландыру болмаған кезде, еншілес ұйымымыз – «Қазақстан Даму банкі» экономиканың шикі­заттық емес секторына әр екінші тең­гені ұсына отырып, ұзақмерзімді кредит берудің көшбасшысына айналды. Атал­ған нарықтағы холдингтің үлесі 49,5 пайызға тең. Бүгінде «Қазақстан Даму банкінің» қоржынында жалпы құны 7,1 трлн теңге болатын 61 инвестициялық жоба мен 16 экспорт алдындағы операция бар. Қиын жағдайға қарамастан, өткен жылы «Қазақ­стан Даму банкі» желісі бойынша 342,9 млрд теңгеге 18 инвестициялық жо­ба қаржыландырылды. Сонымен қатар жал­пы сомасы 195,4 млрд теңгеге тең 8 инвес­тициялық жоба мен 4 экспорттық операцияны қаржыландыру мақұлданды. Бұдан бөлек, 143,3 млрд теңгеге 16 жобаны экспорт алдындағы қаржыландыру ұсынылды.

Біз «Қазақстан Даму банкімен» бірге елімізде синдикатталған кредит беруді дамытудамыз. Өткен жылдың желтоқсанында тиісті заңнамалық түзетулер қабылданды. Кредиттің бұл түрі ірі жобалар үшін қаражатты қолжетімді етпек. Осы бағытта тәжірибесі мол ресейлік ВЭБ.РФ холдингі біздің серіктесіміз атанды.

Шағын және орта бизнесті қолдауды белсенді түрде жалғастырып келеміз. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры отан­дық кәсіпкерлерге түрлі құралдарды ұсынып отыр. 2020 жылдың 11 айының қорытын­дысы бойынша «Даму» қоры 1,6 трлн теңге көлеміндегі 32,5 мың жобаға қолдау көрсетті. Нәтижесінде, 2020 жылы шағын және орта бизнес субъектілеріне берілген кредит көлеміндегі холдингтің үлесі 43 пайызды құрады.

Қазақстандық экспорттаушыларды «KazakhExport» ұлттық компаниясы арқы­лы қолдап отырмыз. Интеграция және сауда министрлігі мен KazakhExport экспортқа бағдарланған отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда ерекше үйлесім тауып келеді. 2020 жылы 91 экспорттаушыға 134,6 млрд теңгеге сақтандыру қолдауы көрсетілді. 16,1 млрд теңгеге сауданы қаржыландыру және 13,5 млрд теңгеге экспорт алдындағы қаржы­ландыру жүзеге асырылды.

Жоғарыда атап өткенімдей, былтыр «Бәйтерек» холдингі Үкіметтің дағдарысқа қарсы тиімді құралы ретінде өз міндетін ойдағыдай атқарды. Біз локдаун кезінде де қолдау көрсетуді жалғастырдық. Пандемия бизнес үшін қиын кезеңге айналды. Үш ай бойы көптеген кәсіпорын коронавирусты жұқтыру қаупін азайту үшін жұмысты уақытша тоқтауға мәжбүр болды. Қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін бизнес санитарлық талаптарды сақтай отырып, жұмыс істеді. Еншілес ұйымдарымыз қашықтан қызмет көрсету режіміне жедел көше білді. Өтінімдер мен құжаттар онлайн режімде жіберілді. Ұсынылатын құжаттардың саны мен өтінімдерді қарау мерзімін қысқарттық. Клиенттеріміздің кредитін қайта құрылымдадық. Мәселен, «Қазақстан Даму банкі» 2020 жылы инвес­тициялық жобалар бойынша кредиттерді қайта құрылымдап, игерілген қарыз валютасын айырбастады, төлемдер мерзімін ауыстырды. Бұл мүмкіндікті 12 қарыз алушы пайдаланды. Сонымен қатар эксп­орт­тық операциялар бойынша 4 қарыз алу­шының кредиті қайта құрылымдалды, яғни мөлшерлеме төмендетіліп, кредит желісінің мерзімі ұзартылды.

Бұдан бөлек, өткен жылдың 16 нау­рызы мен 31 желтоқсаны аралығында «Даму» қорының «субсидиялау» құралы бойынша шағын және орта бизнестің 4 179 жобасы қайта құрылымдаудан өтті. Осы кезеңде қор «кепілдік беру» құралы бо­йынша 3 291 жобаға қайта құрылымдауды ұсынуға келісім бекітті. «Даму» қоры өзінің қаржылық өнімдері шеңберінде қаржылай қолдау алатын кәсіпкерлердің жобасын сүйемелдеумен де айналысады. Былтыр мұндай кәсіпкерлердің 9 984 жобасы сүйемелденді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 19 пайызға артық.

Төтенше жағдай кезінде KazakhExport шикізаттық емес сектордағы 26 қазақстан­дық экспорттаушыға, яғни 17 ірі, 4 орта, 5 шағын кәсіпорынға 6 млрд теңгеден астам сомаға қолдау көрсетті.

Жалпы, шағын және орта бизнесті қол­дауға қатысты мемлекет тарапынан ба­тыл қадамдар жасалғанын атап өткім келеді. Мысалы, Ұлттық экономика ми­нистрлігімен бірлесіп, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасына жаңашылдықтар енгізу бойынша жақсы жұмыс жүргіздік. Атап айтқанда, шағын және микробизнесті қолдау бойынша жаңа бағыт енгізілді. Енді қаржыландыру субсидиялау есебінен 6 пайыздан аспайтын мөлшерлеме бойынша қолжетімді. Айналым қаражатын толықтыруға – 5 млн теңгеге дейін, инвестициялық мақсаттарға 20 млн теңгеге дейін беріледі. Кепіл мәселесі қарыз сомасының 85 пайызына дейінгі мөлшерде «Даму» қорының кепілдік беруі арқылы шешіледі.

2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» аясында субсидиялау құралы бойынша жалпы кредит мөлшері 411,5 млрд теңге болатын 5 808 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл ретте 35,1 млрд теңгеге жуық субсидия төленді. Кредиттердің жалпы мөлшері 214,8 млрд теңге болатын 6 782 жоба кепіл­дік беру құралы бойынша қолдау тапты. Беріл­ген кепілдіктердің жалпы мөлшері 81 млрд теңге болды.

2020 жылдың қазан айында COVID-19 пандемиясы кезінде экономиканың ең көп зардап шеккен салаларында жұмыс істеген шағын және орта бизнеске субсидия беру бағдарламасы қабылданды. Онда экономиканың 29 секторы қамтылды. 8 454 жобаға қолдау көрсетіліп, кредит портфелінің жалпы көлемі 426,8 млрд теңгені құрады. Осы бастама шеңберінде субсидиялар 2020 жылғы 16 наурыз бен 2021 жылғы 15 наурыз аралығына беріледі.

– Айдар Әбдіразақұлы, «Бәйтеректің» ауқымды активтерінің бірі – «Отбасы банк». «Тұрғын үй саясатын реформалау туралы» заң жобасында банкке уәкі­летті органның операцияларды лицензия­сыз жүзеге асыруға рұқсат беретін ерек­ше құ­қық бекітілетіні айтылған. Сарап­шы­лар бұл жай ғана банк емес, ұлттық даму инс­титуты болады деген пікірді алға тар­туда. Бұл туралы Сіздің пікіріңіз қандай?

– Иә, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл мемлекеттік тұрғын үй алу үшін кезекке тұрудың қолданыстағы жүйесі әкімдіктерден алынып, «Отбасы банкіне» беріледі. Бұл үшін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіледі. Мемлекеттік органдармен осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Операцияларды лицензия­сыз жүргізуді қоса алғанда, «Отбасы банкі­не» бекітілетін ерекше құқықтық режім тұрғын үйді есепке алуды, кезекке қою­­ды және мұқтаждарға бөлуді бір орта­лық­тан жүзеге асыру үшін қажет. Бұл жаңа тұрғын үй саясатының маңызды әлеуметтік міндеттерінің бірі болады. Айта кету керек, «Отбасы банк» ешқашан әдеттегі банк болған емес. Ол – өз қызметін «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынатын тұрғын үй-жинақ әлеуметтік институты.

– «Отбасы банкінен» бөлек, холдинг тұр­ғын үйдің қаржылық тұрғыдан қол­жетімділігін қалай қамтамасыз етуде?

– «Бәйтерек» холдингі елдегі тұрғын үй құрылысы бағдарламаларының негізгі операторы екені белгілі. Бұл ретте, өткен жылы ауқымды реформалар жүргізілді. Енді хол­дингтің құрамында тұрғын үй секторы бойынша екі еншілес ұйым ғана жұмыс істейді. Президент тапсырмасы бойынша Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бұрынғы функцияларының барлығын сақтай отырып, «Отбасы банкі» деп атауын өзгертті. Банк халықтың ұзақмерзімді теңгедегі салымдары бойынша бірінші орында тұр. 2020 жылдың қорытындысы бойынша банк 609 млрд теңге қарыз берді.

Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша 281,2 млрд теңгеге жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздары сатып алынды. Жоспарланғаны да сол көлем еді. Үлестік құрылыстың аяқталуына 121,9 млрд теңге сомасында кепілдік беріл­ді. «Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұр­ғын үй» бағыты бойынша 1,5 мың пәтер­дің сатып алу шартына қол қойылды. Бұл де­гені­міз – 92,6 мың шаршы метр. Жалпы, 2015-2020 жылдары салынған және сатып алынған жалға берілетін тұрғын үйдің жалпы қоры 1,1 млн шаршы метрді немесе

19 368 пәтерді құрады. Яғни бағдарламаны іс­ке асыру кезеңінде 19 мың отбасы жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Коммерциялық кредиттердің құнын арзандату мақсатында 2020 жылы 23 млрд теңгеге жеке құрылыс салушылардың жобалары субсидияланды. Жоспар 20 млрд теңге болатын. Сонымен қатар Президент тапсырмасын орындай отырып, халықты қолдау мақсатында, «Отбасы банк» пен «Қа­зақ­­стан ипотекалық компаниясы» айып­­пұл­дар мен өсімпұлдарды есептемей, жыл­­жы­майтын мүлік объектілерін кейін са­тып алумен жалдау/сатып алу-сату мә­міле­лері бойынша негізгі борыш пен сыйақы төлемдерін 90 күнге кейінге шегеруге мүм­кіндік берді. 34,7 мың клиенттің төле­мі кейінге шегерілді. Сондай-ақ жеке кәсіп­керлік субъектілері үшін «Қазақстан ипоте­калық компаниясының» меншігіндегі жыл­жы­майтын мүлік нысандарын жалдау ақы­сын 2020 жылдың соңына дейін тоқтатты.

– «Бақытты отбасы» және «Шаңы­рақ» бағдарламаларының іске асырылу барысы қалай?

– «Бақытты отбасы» – көп балалы және аз қамтылған отбасыларға жеңілдетілген ипоте­калық кредит беру бағдарламасы. 2020 жылдың маусым айында оған респуб­ликалық бюджеттен 49 млрд теңге бөлінді. «Отбасы банк» 47 млрд теңге қарыз берді. Қосымша 2 млрд теңгеге өтінімдер мақұл­данды. Биыл 100 млрд теңгеге 10 мың өтінімді мақұлдауды жоспарлап отыр.

«Шаңырақ» бағдарламасына әкімдікте кезекте тұрған, тұрғын үйге мұқтаж азаматтар қатыса алады. Ол мынадай шартпен беріледі: жылдық мөлшерлеме – 5 пайыз, бастапқы жарна – 10 пайыз, өтеу мерзімі – 20 жыл. «Отбасы банк» 90 млрд теңге көле­мін­дегі бірінші траншты алды. Оның 62,6 млрд теңгесіне 5,5 мың қарыз берді. Қосым­ша 81 млрд теңгеге 6,2 мың қарыз мақұлданды.

Сондай-ақ біз Президент Жолдауындағы тапсырма бойынша да жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жердегі әңгіме әкімдіктерде кезекте тұрған, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтардың тұрғын үйді жалдау шығындарын субсидиялау туралы. Қазіргі уақытта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, жылжымайтын мүліктің жеке әлеуметтік қорларын құру тетігі әзірленуде. Тетікті іске қосу үшін 2021 жылы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіледі.

– «Бәйтеректің» 2021 жылға арналған жоспары қандай?

– Биыл Тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Сон­дықтан «Бәйтерек» холдингі экономиканы әртараптандыруды көздейтін, бұрынғыдан да қуатты ұлттық даму институты ретіндегі жұ­мысын одан әрі жалғас­тырады. Еліміздің ин­дустриялық-инно­вациялық дамуына үлес қосып, шикізаттық емес экспортты ілге­рі­летуге күш саламыз. Шағын және орта кә­сіп­керлікті дамытып, тұрғын үй-құрылыс сек­торындағы міндеттерді жүзеге асырамыз. Бұдан бөлек, елдің агроөнеркәсіптік ке­­шен­ін қолдау бағытында жұмыс істейміз. Бү­­гін­де «Бәйтерек» холдингі әлемде бала­ма­­сы жоқ бірегей даму институтына айналды.

Осы жылы біздің холдинг ірі бизнес жоба­ларын 460,8 млрд теңгеге қаржы­лан­дыруды, сондай-ақ құны 1 трлн 32 млрд теңге болатын 11 жобаны іске қосуды көз­деп отыр. Шағын және орта бизнестің 36 мың жобасына қолдау көрсетеміз. Экспорт­таушыларға 200 млрд теңге көлемінде кешенді қолдау көрсету жоспарлануда.

Біз тұрғын үйдің қаржылық тұрғыдан қолжетімділігін арттыруды жалғастырамыз. Мәселен, 613 млрд теңгеге тұрғын үй қары­зын беру, 109,6 млрд теңгеге жергілікті ат­қа­рушы органдардың облигациясын сатып алу, 100 млрд теңгеге үлестік құры­лыс­­қа кепілдік беру, сондай-ақ құрылыс салу­­шы­лардың кредитін 20 млрд теңгеге суб­­си­диялау жоспарланып отыр. Биыл қазақ­­­стан­­дықтарға жеткілікті шектен асқан зей­нет­ақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақ­­сар­ту үшін пайдалануға мүмкіндік бере­тін Президенттің бірегей бастамасын іске қостық. Жақында жинақты емделу үшін де қолдануға мүмкіндік туады. Бұл баспанасы жоқ қазақстандықтар үшін – пәтер алудың, ал ипотекасы бар азаматтар үшін – қаржылық жүктемені азайтудың тамаша мүмкіндігі.

Мемлекет басшысының тағы бір тапсыр­масына тоқталғым келеді. Үкімет отыры­сында Президент Үкіметке тұрғын үй сая­­сатын жетілдіру бойынша жаңа ұсы­ныс­­тар енгізуді тапсырды. Қазіргі уақытта «Бәй­­терек» холдингі мемлекеттік органда­р­мен бір­лесіп, тұрғын үй құрылысы нары­ғын да­мыту және халықтың әлеуметтік осал топ­тарын қолжетімді тұрғын үймен қамта­масыз ету бойынша қосымша шаралар әзірлеуде.

Былтыр 2025 жылға дейін іске асырылатын үш жаңа мемлекеттік бағдарламаны бірден бастадық. Бұлар – Индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, «Нұрлы жер» және «Бизнес­тің жол картасы». Биыл оларды жүзеге асыруды жалғастырамыз және жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деген ойдамыз.

 

Әңгімелескен Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»