Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Қоғамдық кеңес мүшелері алдында есеп берді. Жиын барысында ол өңірдің өткен жылы пандемияның салдарынан туындаған қиыншылықтарға, сын-қатерлерге қалай төтеп бергені және биыл қандай маңызды істер, ірі жобалар күтіп тұрғаны жайында егжей-тегжей баяндады.
Өңір басшысының айтуынша, күрделі кезеңдегі барлық қиындыққа, төтенше жағдай режімі мен карантиндік шектеулерге қарамастан, облыс дамудың оң динамикасын сақтап қала алған.
– Біздің бірінші кезектегі міндеттеріміз – тұрғындардың денсаулығын сақтау, бизнесті қолдау, тұрақты табыс пен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету болды. Өткен жыл аралығында 11 жаңа өндіріс іске қосылып, 2500-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Өнеркәсіпте өнім көлемі 1,5% өсіммен 2,9 трлн теңгені құрады. Инвестиция тартуға көп көңіл бөлінді. Өткен жылы олардың көлемі 678,2 млрд теңгені құрады, оның 81,6%-ы – жекенің қаражаты, – деді облыс әкімі.
Облыстағы басым бағыттағы міндеттің бірі – жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздықтың алдын алу. Осы орайда былтыр түрлі бағдарламалардың арқасында 35 мың жаңа жұмыс орны ашылған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша өңірдегі 140 елді мекенде 622 инфрақұрылымдық жоба іске асырылып, соның арқасында 16 мың жұмыс орны құрылған. Қалалар мен ауылдық жерлерде шамамен 300 шақырым жол, 200-ден астам әлеуметтік нысан жөндеуден өткен. Сонымен қатар 37 елді мекенде сумен жабдықтау жақсарды.
Былтыр қалыптасқан жағдайға байланысты денсаулық сақтау саласына қомақты қаражат жұмсалған. Соның арқасында Қарағанды облысы коронавирус инфекциясымен күресте тәуір нәтижелерге қол жеткізді. Қысқа мерзімде облыста жұмыс істеп тұрған ауруханалар инфекциялық госпитальдарға қайта бейінделді. Жезқазған қаласында 200 орынға шақталған жаңа жұқпалы аурулар госпиталі салынып, пайдалануға берілді. Өңір бойынша медициналық жабдықтар паркі жаңартылды. Өкпені жасанды желдетудің 242 аппараты, 40 цифрлы рентген-аппарат сатып алынған. Жалпы, өткен жылы бес компьютерлік томография кабинеті және 11 ПТР-зертхана ашылды. Соның арқасында облыста пандемияның қозғалысын қадағалап отырудың мүмкіндігі туды.
Ал болашақтағы жоспарлар туралы сөз болғанда, облыс басшысы жаңадан 14 ірі өндірісті іске қосу көзделіп отырғанын айтты. Болжам бойынша, инвестиция 715 млрд теңгені құрауы тиіс.
Тағы бір аса маңызды сала – тұрғын үй құрылысының ауқымы бұрынғыдан да ұлғая түспек. Шамамен алғанда әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған үш мыңнан астам отбасын пәтермен қамтамасыз ету жоспарда бар.
Жолдарды жөндеу де күн тәртібінде өткір тұрған мәселенің бірі. Биыл облыстық және кентішілік жолдарды ретке келтіру жұмыстары жалғасын табады. Өңір басшысы қалалар мен аудандарда су және жылумен жабдықтауды жақсарту үшін бірқатар жоба жүзеге асырылатынын мәлім етті.
Үкіметтің қолдауының арқасында өңірде бірден жеті ірі кәріз-тазарту желісі салынып жатыр. Биыл Приозерск, Абай қалалары, Ұлытау мен Қарабас кенттерінде тазарту құрылыстары пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Қарқаралы ауданының Қарағайлы кенті мен Ақтоғайда жобаларды іске асыру жоспарланған.
Жеңіс Қасымбек қазіргі таңдағы басты міндет – облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыру екендігін атап өтті.
– Облыста шешімін табуды қажет ететін мәселелер әлі де аз емес. Осы орайда сіздердің қолдауларыңыз біз үшін өте маңызды болмақ. Тіл табысып, тізе қосып жұмыс істесек, алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізе алатынымызға сенімдімін, – деді Ж.Қасымбек.
Жалпы, жиын барысында облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері мен оның төрағасы Ерқара Аймағамбетов өңір бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.
– Экономист ретінде мен облыс әкімдігі ұжымының күрделі кезеңдегі тиімді қызметін атап өткім келеді. Ең бастысы – бізде тұрақтылық бар, жұмыс орындары ашылып жатыр. Инвестиция тартудың, өнеркәсіпті дамытудың жақсы көрсеткіштері бар, – деді облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов.