• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Ақпан, 2021

Мүгедектерге онлайн білім берудің тиімді тетіктері

274 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда білім беру жүйесі көпшілікке қолжетімді болып, мүмкіндіктері кеңейе түскенімен, мүгедек адамдар әлі де сапалы білім алу жолында бірталай қиындыққа тап болып жатыр. Ал соның нәтижесінде тиімді жалақы төленетін жұмысқа орналасу қиынға соғатыны тағы бар. Бұған басты себептердің бірі − физикалық және виртуалды кедергісіз ортаның болмауы.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің ресми деректері бойынша 2021 жылдың қаңтар айында Қа­зақстанда еңбекке қабілетті ха­лықтың ішінде 419 880-і мүгедек жандарың тек 19%-ы (82 872) жұ­мысқа орналасқан және тұрақты табысы бар.

«Ерекше Таңдау-Шелек» кор­поративтік қорының маманда­ры бұл пайыздық арақатынасты  «ерек­ше қажеттіліктері бар адам­дар үшін білім беру жобаларын жүзеге асыру және жаңа кадрларды дайындау арқылы ұл­ғайтуға ­болады» деп есептейді.

«Біздің бұл бағытта қызмет ат­қарып жүргенімізге бірінші жыл емес. Сондықтан мүге­дек­тігі бар адамдар арасында оқу­ға және жұмыс істеуге ниет біл­дірушілердің үлкен легін қа­рас­тырамыз. Себебі олар да дербес, қоғамның толыққанды бөлігі жә­не сапалы білім алғысы ке­леді», дейді «Ерекше Таңдау-Ше­лек» корпоративтік қоры­ның бағ­дарламалық директоры Захира Бегалиева.

Былтыр Samruk-Kazyna Trust Әлеуметтік жоба­ларды дамыту қорының қол­дауымен «Ерек­ше Тандау-Ше­лек» КҚ Lider Z кәсі­би он­лайн-мектебі» жобасы іс­ке қо­сылды. Ол мүгедек адамдарды IT дағдыларына үйрету және оларға одан әрі еңбек нарығын бағындыруға жәрдемдесуге ба­ғытталған. Жуырда мектеп алғаш­қы түлектерін шығарып сал­ды. Бірқатары оқу барысында жет­кен жетістіктерімен бөлісті.

Солардың бірі 29 жастағы Анастасия Гербеева: «Мен бала кезімнен Ақтөбе қаласында тұ­рамын. Медициналық диагноз­ға және үйде оқыған дұрыс деп сендірген мұғалімдердің пікірі­не қарамастан, Lider Z онлайн мек­тебіне келіп, бағымды сынап көр­дім. Дәл осы қадам кәсіпқой маман ретінде қалыптасуыма түрт­кі болды», деді.

Анастасияның айтуынша, 2020 жыл оның өмірін тү­бе­гейлі өзгерткен. Себебі ол оқуын сәтті аяқтап қана қоймай, осы жобада жеңімпаз атанған. Ол бүгінгі таңда SMM бойын­ша сертификатталған маман. Қуан­тарлығы, Анастасия Гер­беева Ақтау қаласындағы Назар­баев зияткерлік мектебі оқушы­лары­ның клубында ментор болып қызмет атқарады.

Ал 38 жастағы Михаил Гвоз­дев Петропавл қаласында инже­нер және педагог отбасында дүниеге келген. Ол бала кезінен шығармашылыққа жақын екенін және ІТ саласына қалай келгенін тілге тиек етті.

«Менің диагнозым – шашы­раңқы склероз. Бірақ басыма түскен бұл ауыртпашылыққа қар­сы тұрып, өзімді дамытуды жал­ғас­тырып келемін. Арасында өлең жазып, мүгедектер спортымен айналысамын», дейді Михаил Гвоздев.

Михаил Lider Z онлайн мек­тебінде SMM курсын біті­ріп, бү­гінде Қазақстандағы бей­не­­ба­қылау жүйелерінің ірі дистри­бьюторлық компания­ларының біріне сайт әкімшісі болып жұ­мысқа қабылданды.

«Мүгедектігі бар қызметкерге әлеуметтік жұмыс берушілердің көбі қорқа қарайды. Десе де біз жағдайдың өзгеріп жатқанын бай­қап отырмыз. Бизнестің әлеу­меттік жауапты секторының өкіл­дері азаматтардың осы санаты­на алғашқы еңбек тәжірибесін алу үшін олардың кәсіби маман бола ала­тынын және қаржылық тәуел­сіз өмір сүруге лайықты екенін дәлел­деу үшін жәрдемдесу қа­жет», дейді директор Захира Бегалиева.

Бертінге дейін мекемеде бі­рін­ші лекте мүгедектігі бар 30 адам оқытылды. Қазіргі күні мектепте екінші лек өтіп, оған 33 адам қатысып жатыр.