• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Ақпан, 2021

Батыс Қазақстанда карантинді бұзғандарға қанша теңге айыппұл салынды

233 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында карантиндік талаптарды бұзғандарға 1 ақпаннан бастап 5 млн астам теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Egemen.kz

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингіде мәлім еткендей, мониторинг топтары ҚР және облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігерлерінің қаулысына сәйкес санитарлық-дезинфекциялық режим талаптарын бұзудың жолын кесу бағытында жұмысын жалғастыруда. Мониторинг топтары 916 рейд жүргізіп, 7925 нысан қамтылды.

Соның нәтижесінде 25 нысанда карантин тәртібін бұзушылық анықталды. 79 хаттама толтырылып, 5 млн 90,165 мың теңге айыппұл салынды. Мұхамғали Қайыржанұлының сөзіне қарағанда, 1 қаңтар – 18 ақпан аралығында 3191 адамның коронавирус жұқтырғаны тіркелді. Осы айда 1354 адамнан COVID-19 анықталды.

Науқастармен қарым-қатынаста болған 1990 адам медициналық бақылауға алынды. Соңғы аптада (12-18 ақпан) өткен аптамен (5-11 ақпан) салыстырғанда, індет жұқтыру көрсеткішінің 15,7 пайызға (552-ден 465-ке) төмендегені байқалады.

Сырқаттанғандардың 433-і (31,9 пайызы) жұмыс істейтіндер болса, 364-і (26,8 пайызы) – зейнеткерлер, 313-і (23,1 пайызы) – жұмыссыздар, 98-і (7,2 пайызы) – оқушылар, 41-і (3 пайызы) – мұғалімдер, 34-і (2,5 пайызы) – медицина қызметкерлері, 26-сы (1,9 пайызы) – студенттер.

«Облыста оқу жылы басталғаннан бері мектепте дәстүрлі түрде оқитын 212, қашықтан білім алатын 209, барлығы 421 оқушыдан ковид табылды. Үшінші тоқсанда 11 қаңтардан бастап 207 оқушы (114-і дәстүрлі түрде, 93-і қашықтан білім алады) коронавирус жұқтырды. 12-18 ақпан аралығында қала мен аудандардың бас мемлекеттік санитар дәрігерлерінің қаулысына сәйкес 4 мектеп карантинге жабылды», деді М.Арыспаев.

Індеттің таралуына тосқауыл қою мақсатында Шыңғырлау ауданында 16 ақпан – 1 наурыз, Жәнібекте 19 ақпан – 5 наурыз аралығында қосымша шектеу шаралары енгізілді. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 35 мұғалімнен коронавирус анықталғанын, Оралда бір күнде 50 адамнан індет табылғанын жазған болатынбыз.