Облыстық мәслихаттың депутаттары «Ақтөбе жоғары ауылшаруашылық колледжіне» Шығанақ Берсиевтің есімін беруді ел Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынды деп хабарлайды Еgemen.kz.
Шығанақ Берсиев – даңқты диқан, тарыдан мол өнім алып дүние жүзінде теңдесі жоқ рекорд жасаған адам. Ол 1881 жылы қазіргі Ойыл ауданының Ащы Ойыл ауылында дүниеге келген. Еңбекпен көзін ашқан диқаншы аштық, байларды тәркілеу жылдары қарақалпақ жеріне, Түркіменстанға көшіп барып, артынша елге оралған. Диқаншылықпен 1924 жылдан бастап айналыса бастайды. Осы жылы Ойыл ауданындағы Қарасу ауылының адамдарын ұйымдастырып, Ащы Ойыл өзенін қолдан бөгеп тары егуді бастайды. Тары звеносын құрып, суармалы егіншілікті ұйымдастырғанда тұқымды қолдан сұрыптайды.
1938 жылы агротехникалық іс-шараларды тиімді пайдалану, тұқымды қолдан сұрыптау арқылы 3,2 гектар егістіктің әр гектарынан 25,6 центнерден, 1940 жылы 325 гектар суармалы егістіктің әр гектарынан 125 центнерден ақ тары алады. Бұрын-соңды болмаған рекорд жасаған қарапайым қазақ диқанының атағы сол жылдары Одаққа, шетелге жайылды. 1940 жылы атақты диқан Ленин орденімен марапатталады.
Соғыс басталғанда Шығанақтың тарысы вагондарға тиеліп, майдан шебіне жөнелтіле бастайды. Сол жылдың қара күзінде өзінің жеке қорынан алғы шептегі жауынгерлерге 350 пұт астық жөнелткен, қоршаудағы Ленинград тұрғындарына да азық-түлік жеткізеді. 1944 жылы қатты науқастанып, Қараталдағы үйінде қайтыс болған.
Ақтөбеліктер теңдесі жоқ рекордпен атағы шыққан қарапайым диқанның есімін облыстағы бірден-бір ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орнына берілуін мақұлдап отыр. Өйткені, бұл оқу орнының мәртебесін арттырады, озат студенттерге Шығанақ Берсиев атындағы стипендия тағайындауға да мүмкіндік береді,
Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында ақ тарының атасының мүсіні тұр, Ойыл аудандық мұражайына Шығанақ Берсиев есімі берілген. Ал, еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Шығанақ есімін жаңғырту – ауылшаруашылық колледжі студенттерінің өз мамандығына деген ынта-ықыласын, құрметін арттырады дейді колледж оқытушылары.