• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2010

АҚЫЛ, ҚАЙРАТ, ЖҮРЕКТІ БІРДЕЙ ҰСТА...

4285 рет
көрсетілді

Бала кезімізде ата-анамыз өзгелерге реніш білдіргенде “Таспен ұрғанды аспен ұр” деп отыратын. Сонда біз екіұдай ой жетегінде қалатын­быз. Неге таспен ұрғанға ас беруі­міз керек? Оның лақ­тыр­ған тасын өзіне неге қайта атқыламасқа деген ой бала­лық сезімді мазалайтын. Бер­тін, білім алып есейе келе, жо­ғарыдағы ұғымның терең де күрделі мағынасы бар, қоғам дамуында оның алатын пәлсапалық орны ерекше екенін түсіне бастадық. Адами қатынастарда бай­сал­ды­лық, шыдамдылық, сы­пайы­лық, сабырлылық, кеші­рімділік, қанағатшылдық, кіші­пейілділік, мейірімділік сезімдері азды-көп­ті кемшін болады. Осы қа­сиет­тер тура­сында ұлт ұлыл­ары қалдырған асыл сөздер ұшан-теңіз. Көңіл аударып көрелік. Заманында жан күйзелісін мол көрген ұлы Абай: “Досыңа достық – қарыз іс, дұшпаныңа әділ бол. Асығыс түбі – өкініш, ойланып алмақ – сабыр бол”, – депті. Тағы бірде абыз ақын бірлікті, кішіпейілдікті, тату­лық­ты, әділетті аңсап: “Кемді күн қызық дәурен тату өткіз, жетпесе біріңдікін бірің жеткіз! Күншілдіксіз тату бол шын көңіл­мен, қиянатшыл болмақ­ты естен кеткіз!” – дейді. Ал он бесінші ғасырда ғұмыр кешкен Шалкиіз жырау: “Сөйлегенде сөзі аузына сый­ма­ған, еріккенде қызыл тілін тыйма­ған. Ғақбытлы сол жа­ман, о-дағы бір пәлеге жолы­ғар!”, – десе, Бұқар жырау­дың: “Абы­лай ханның қасын­да, Бұқаре­кең жыр­лайды. Жыр­лағанда не дейді, соғыспа деп жырлайды. Өле­тұғын тай үшін, қалатұғын сай үшін, қылмаңдар жанжал-ерегіс. Бұл қылықты қоймасаң, Құдай­дың бергеніне тоймасаң, көрер­сің сонан теперіш. Байлар ұғлы шоралар, бас қосыпты десінде, маң-маң басып жүрі­­ңіз, байсал­ды үйге түсіңіз. Ай­на­ла алмай ат өлсін, айыра ал­м­ай жат өлсін, жат бойынан тү­ңіл­сін, бәріңіз бір анадан туған­дай болы­ңыз”, – деген өсиет өлеңі­не өмір мағы­н­а­сы түгел сиып кет­кендей ғой. “Бір ана­дан туған­дай болыңыз”, – деуі біріңе бірің бауырсың дегені. Осы құ­ды­ретті сөз дәл осы күн­ге айтыл­ғандай. Шал ақын ашу мен ақыл жігін, ойланбай айтылған сөз­дің кесір-зиянын анықтап бер­ген: “Ашу – дұшпан болғанда, нәпсі – жауың, ақыл тұрған алдыңда асқар тауың. Жүрекке ашу келіп толған шақта, денең­­нің біле алмассың ауру-сауын. Ойласаң мың бір пәле тілден ту­­ған, ше­шен­дер топ ішінде тіл­ді буған. Бір адам қате­лікпен сөз сөйлесе, жабы­лып мың бір пәле соны қуған. Жігіттер, жау алмайды ақыл­дассаң, білгішке көп білетін жақындассаң. Қарап жүрген кісіге адам тимес, сабыр қып өз бойыңды мықты ұстасаң”. Қазақ елінің бірлігін сақ­тауды көксеп өткен кемеңгер Асан қайғы былай деген екен: “Ердің құны болса да, алдыңа келіп қалған соң, қол қусырып барған соң, аса кеш те қоя бер, бұрынғыны қуыс па. Ақың болса біреуде, айыбын тап та ала бер, ерегісіп ұрыспа, сенікі жөн болса да, атың шықпас дұрысқа. Ашу – дұшпан, артынан, түсіп кетсең қай­тесің, түбі терең қуысқа!”. Арғы Асан қайғы осылай десе, бергі Тұрмағамбет ақын да жұрт­ты керісу, тіресуден аулақ жүру­ге, сабырлылық, кеңшілік пен қанағатшылдыққа шақырып: “Кей доста келісуден, керісу көп; өсек пен өтірікке ерісу көп; көзге дос, сыртыңнан қас, іштен араз; сылтау қып сәл нәрседен жерісу көп; есептеп бірін онға, онын жүзге; тір­нектеп дау-жанжал­ды терісу көп; айналып бас жағы – өкпе, арт жағы – өртке! Сабыр – күн түсірмейтін сая, асығыс – аунатып кететін мая. “Шүкір­лік” қып шыдаған, кең­ші­лікті көп көрер. “Болмады” – деп – ойдағым, – асығып ақы­мақ өкпелер”, – деп түйіндейді. Жалпы “кешірімділік” ұғы­мы даналар аузынан жиі шық­қан. Шамасы, мәдениетті, ізгі­лікті азамат алдымен осы қа­сиет­ке иелік жасауы қажет-ау. Бұл мінез сабырлы, салмақты , төзімді болуға шақырады. Мәсе­лен, басталып келе жатқан жанжалды бір жағы сабыр­лылық танытып, кешірімділік байқатып, шегініп жатса, онда екінші жақ, сөз жоқ, қарсылық көрмеген соң өзін қаруынан айырылған бақ­сыдай сезініп, жағымсыз райдан қайтуға мәжбүр болады. Үдеп кетейін деп тұрған шу өзінен өзі басылады. Осыдан екі жақ та бірдей жеңіске ие. “Қорғану­шы” ­азамат биік па­­­­ра­саттылы­ғы арқасында өз басын қажетсіз мехнаттан сақ­тайды. “Ша­буыл­даушы” да пайдасыз қалмайды, се­бебі қар­сыла­сып текетірес­кенде кім де болса ұты­лыс­та қалатыны анық. Тарих қой­науына кеткен одақ қара­ма­ғын­да Қазақ елі жетпіс жыл­­дай өмір сүр­ді. Осы ке­зеңде ғасыр­лар бойы өркен­деген ұлттық үрдіс пен әдет-ғұрып қағажу көрді. Көп бала­лы қазақ отбасылары азая баста­ды. Замана талабына сай ұрпақты тәрбиелеу бағыттары да өзгеріске ұшырады. Ол ұрпақ­тың қай тілде оқып, қандай тәрбие алғаны өзімізге мәлім. “Ұрпағым көбейсін, өркенде­сін”, деген бабалар тілеуі жайлап шеттетілді. Отбасында өзімшіл­дік сезім өрістеді. Оның cоңы бала мен ата-ана арасында бұрын-соңды болмаған қайыр­сыз­дықтарға әкеп соқты. Осы­ның барлығы да қазақтың өнегесіне, әдет-ғұрпына қарама- қайшы еді. Амал не, бұл әлеу­меттік сырқатқа қазақтың біразы шалдықты да. Аталған кезеңде дүниеге келген ұрпақ бабалар үлгісінен бейхабарлау өсті. Өйткені, сол үлгіні күнделікті еске салып, айтып отыратын әкелер қауы­мының өзі де ата үрдісінен ке­зін­де жарып ауыздана алмаған еді. Бүгін осы ұрпақ рухани қиыншылық үстінде. Себебі, жетпіс жыл ішіндегі тәлім-тәрбие орнын бабалар өнегесі әлі толық басып, түпкілікті ор­ны­ға алған жоқ. Ал оған бауыр­ларымыз кінәлі ме? Сол үшін оларды айыптауға бола ма? Жоқ, айыптауға мүлдем бол­майды. Өйткені, ұлттық үлгіні көрмеген, білмеген адам­ды қалай кінәлай­сың. Бірақ қазақ­тың асыл қағида­ларын үй­рену­ге, ұғынуға келе­лі бет­бұрыс жасауды талап ету орынды. Ұмтылған аға­йын­ға жағдай жасап, көмектесу барлы­­ғымыз­дың бауырлық борышы­мыз. Демек, бұл бабалар өнеге-үрдісін жетік білетін және ол қазынаны әлі толық меңгере алмаған екі ұрпақ арасындағы мәселе. Кешірімді, шыдамды, парасат­ты бола білсек, мұның да шешімі жақын. Бір бітімді, болымды, текті азамат ауыл, өңір немесе қо­ғам үшін үлкен еңбек сіңірді делік. Өмір бойы ол кісі бірде-бір жаңсақ тірлікке, қателікке мойын бұрмаған. Дегенмен, сол қателік ақыры ыңғайын тауып санаңа енді. Қателік дейтін де емес-ау, бір зу еткен мезет­те көңіл мен сезім тол­қы­ны ерік алды. Оқыс сөз ай­тыл­ды, болмаса көпшілік күт­пе­ген қимыл жасалды. Бірақ осы оқыс сөз бен қимыл әде­йі, арнайы, саналы түрде ай­ты­лып, жасалған жоқ. Сол мезетте азаматтың ойында бі­реуге қиянат көрсетейін, неме­се содан пайда табайын деген пендешілік пиғыл мүлдем бол­ған да емес. Дегенмен, болар іс болды. Өйткені, ол азамат қаншалықты құрметті, беделді, білімді болғанымен, ол да сүйек пен еттен жаралған ғой. Ендеше, өмірінде бір жаңсақ­тық­қа бой беруге оның да “құ­қы” бар еді ғой. Олай бол­са, бұл құбылысқа түсіну­ші­лікпен, кеңшілікпен, кешірім­ділікпен қарауға әбден болар еді. Оның бержағында мұндай жағдай күнде кездеспейді, се­бебі мол бедел мен биік қа­сиет­­тер екінің біріне қона бер­мейді де. Және бұл азаматтың атқар­ған қыруар мол еңбегі мен жаңағы болмашы жаңсақ­тық­­тың ара­сы көк пен жердей ғой. Сондықтан, оған түсініс­тік­­пен қарауымыз керек еді. Бірақ, біз олай жасамаймыз. Азамат­тың соңына түсіп ала­мыз. Күн құрғатпай қатесін жадына саламыз да тұрамыз. Сөйтіп, оның сезімін, сана­сын, жүрегін жаралаймыз. Мұның түп-түбірінде пендеші­ліктің нашар кейпі – көре ал­мау­шылық жатыр. Ал осыдан не ұттық? Ұт­қан түгіміз де жоқ. Ұтыл­ғанымыз көп. Жақ­сы адамның атқарған игілікті істерінің маңы­зын төмендетіп бақтық. Ол азаматтың алдағы уақытта келелі еңбек жасауына да біршама кедергі қойдық. Өзіміз де рухани жүдеулікке кезіктік, өйткені жақсылықты, ізгілікті қолдамаған, пендеге осыдан өзге несібе бұйырмаса керек. Міне, осы тұс адамгер­ші­ліктің ең биік түрі – кеші­рім­ділікті жоғары көтеретін кез, ағайын! Жақсы, текті, білімді адамды көрсек, қызға­нышты ұмытып, қолдай біле­йік, оған жақындап, жұғысып көмегімізді аямайық. Шын­туай­тында, бұл алдымен өзі­мізге керек, сөйткенде ғана ізгілене түсеміз. Екі жақын адамның бір- бірімен түсінісе алмай рен­жісуі жиі кездеседі. Мұнда көпші­лігінде “шабуыл­дау­шы” жақ талаптары әділ бол­маса да дес бермейді, ақыл­ға көнбейді. Себе­бі, ол өзінің бұрыс ісін, шы­нымен-ақ дұрыс деп санай­ды, өйткені оның шамасы, деңгейі сол ғана. Ортақ мүддені байсал­ды, ба­йыпты түрде тал­дауға оның ақыл-ойы, пара­саты жетің­кі­­ремейді. Сон­дықтан “қор­ғанушы” жақтың түйін мәселенің әділ шешімін табудағы ізгі ықыласы мен жігері босқа далаға кетеді, нәтиже бер­мейді. Осы жер­де Тұр­мағамбет ақын­ның сөздері ойға түседі: “Ба­ғаң­ды білген ерге басыңды бер, дүр шашпа, шапшаңдатып терме­ген­ге! Болғанмен бірге ту­ған бауырласың, сөз айтпа, ақы­­лыңа ермегенге!”. Сол айт­қан­дай, бұл жағдайда “қор­ғанушы” жақтың тиімді жолы – белсенді қимылдан бас тар­тып, істің байыбын шыдам­ды­лықпен күту, кешірімділік жа­сау. Азды-көпті уақыт өте келе “шабуыл­даушы” өзі-ақ терең ойланып, ақылға жүгініп, қате­лі­гін түсі­ніп, мәмілеге келуі ғажап емес. Ұжым жетекшісінің басты міндеті әріптес азаматтардың ауызбірлігін сақтап, жақсы өн­дірістік нәтижелерге қол жет­кізу. Мұндайда ұйымның әрбір мүшесі де әлеуметтік-мораль­дық жағынан кемшін қалмай­ды. Дегенмен, ұжымда бірді-екілі “белгілі” азаматтар да кез­десіп қалады. Бұл адам­дардың ойлау, сөйлеу үрдістері ерекше, бас­қалармен тіл табы­суы, қарым-қатынас жасауы да өзге­шелеу. Олар әдетте көр­ген-естіген кем­шілік­терді жинап-теріп отыра­ды. Солар­ды жөнді-жөнсіз кейіпте, қа­жетті-қажетсіз орын­да, сыпа­йы­лықпен жа­нас­пай­тын түрде хабардар етеді. Сондық­тан, бір қараған көзге, олар шындықты қорғаған сияқты болып көрі­не­ді де. Осы азаматтар кейде ұжымға пай­дасынан гөрі зия­нын мол әке­ле­ді. Өйткені, олар, шынтуай­тында өз қамын күйттейді, жеке мүдде-мақ­са­тына жетуде келең­сіз істер­ден де тайынбайды. Басшылар олар­дан тайсақтайды да. Сон­дағысы пәледен қашық, сөз­ден аулақ жүрейін дегені. Мұ­ны сезген “батыр” ша­буыл­ға шығады, басшыны “қы­сымға” алып, ұжым мүддесіне қай­шы келетін пендешілік мақ­сат­тарын орындауға тыры­сады. Бұл, әрине, ұжымға ұна­майды. Бірақ, азаматтардың әрқай­сы­сы бір жағы – жаңағы адам­нан сезіктенсе, екінші – бас­шы­дан ұялады. Сөйтіп, ұжым­дағы ахуал нашарлайды, бас­шы абы­ро­йы төмендейді. Пайда таба­тын – ешкімнен “қорықпай­тын”, өзгенің сөзін басынан асырмайтын, “кем­шіліксіз” азамат. Ең өкініш­тісі, осыдан ұжым ұтылысқа кезігеді. Өйт­кені, барған сайын көпші­ліктің пікірі естіл­мейтін болады, азаматтардың ұсыныстары көбі­несе ескерусіз қала бастайды. Нәтижесінде, ұжымның кәсіби мүмкіншілік­тері толық іске қо­сыл­май, көп­шілік ренжулі бо­ла­ды . Мұн­­дайда не істеу ке­рек? Көп­­шілікке “тас лақты­рып” отырған азаматқа “асты” кім бе­реді? Міне, осы тұста бас­шы­ға үлкен жауапкершілік ауады. Ол өзінің адами қасиеттері мен қызметтік мүмкіндіктерін толығымен пайдаланып, жаңа­ғы азаматқа күрделі ықпал жасауы тиіс. Бірақ, бұл оңай іс емес. Ол – білімділікті, салмақ­тылықты, көргенділікті, шы­­дам­­­ды­лықты, батылдықты та­лап етеді басшыдан. Міне, сон­да ғана “белгілі” азамат өзінің ұнамсыз, пендешілік пиғылы­мен ұжым мүддесінің үйлесе алмайтын алшақтығын айқын түсініп, қателігін мо­йын­дайды. Бірақ, ол азамат­тың ар-намы­сына нұқсан келмеуі абзал. Оның ұнамсыз істері мен байып­сыз сөздері­нің түбірінде адам өзгерте алмайтын табиғат берген мі­нез-құлық жатыр ғой. Сон­дық­тан, оны алабөтен кінәлау­­ға болмайды, керісінше, кешірімділік жасау міндетіміз. Басты мәселе – ортақ мүддеге басшының шын пейілімен берілуі я берілмеуінде. Бұл түйін осылай көпшілік үшін жайлы шешімін тауып жатса, ұжымның ахуалы жөнделеді, жұмысы өрге басады. Жетек­шінің абырой-беделі де өседі. Егерде басшы жаңағы азамат­тың ық жағына шығып, бәле тауып басымды ауыртпай-ақ қояйын деген ой шырмауында қалып қойса, онда басшының да, сол басшыға кез болған ұжым­ның да халдері мақ­танар­­лық болмайды. Дүние жүзі халықтарының барлығы дерлік ұстанатын иудаизм, ламаизм, христиан және ислам діндері жалпы алғанда ізгі адами қасиеттерді – имандылықты, қайырымды­лықты, тектілікті, бекзаттық­ты, тазалықты, жауға да пенде ретінде қарауды, мейірімділікті уағыздайды екен. Осыдан нені аңғаруға болады? Бұдан адам баласының дүниеге бір-бірі­мен ұрысып-керісу, шата­сып-таласу соғысу үшін емес, керісінше, аман-сау, қабілетіне қарай тір­лік етіп, өзге адам­дармен жақсы қарым-қаты­нас­та болып, ба­қыт­ты өмір кешу үшін туатынын байқауға болады. “Аруақ разы болмай, тірі байымайды”, – дейді қазақ. Осы қағиданы ұстанғандар әркез ата-аналарын еске алып, дұға оқытып, садақа беріп жатады. Дұрыс та, орынды да, игі­лікті қызмет. Сөйтіп, біз ата-ана аруағының ризашылы­ғын алып жатамыз. Ата-ана аруағымен қоса, қазақты ел еткен бабалар рухына да бас иіп, батасын сұрайық. Ол үшін бабалар көрсеткен жолмен жүріп, солар қалдырған өнеге, үрдіс, қағидаларды өз өміріміз­де мығым ұстай білейік. Солай болғанда ғана атамыз қазақ қалдырған рухани қазынаның сақтаушысы мен иесіне айналамыз. Рухани байлық қазақ елін­де ғасырлар бойы зерделеніп, сараланып, уақыт таразысы­нан өткен құндылықтар. Мұн­да заманның өлшемді бір бөлігіне ғана қажет мерзімділік атымен жоқ. Бұл олардың тарихта мәңгілік қажеттілікте, түпкілікті қолданыста бола­­ты­нының айқын дәлелі. Бабалар қалдырған қай сөз, қандай ұғым болмасын, барлығында да осы ұлттың ұлы арманы сайрап жатыр. Бұл құнды қазына казір ел игілігіне қалай пайдала­нылуда? Атадан жет­кен асыл сөзді біз бүгін күн­делікті тірлігімізде еркін қол­дана алып жүрміз бе? Сол мұра­ның құдыретті құралын жас ұрпақтың қолына мықтап ұстата алдық па? Болмаса ата­дан жеткен асыл мұра маман­дар мен ғалымдар игілігінде ғана қалып қойды ма? Мәселен, “Жеті ғасыр жыр­­лайды” атты мұра 5000 данамен жарық көріпті. Осы бағалы дүниені зерделеп оқы­ған азамат өмірдің әртүрлі тұсы­на қатысы бар адамгер­ші­лік, достық, адалдық, ата-анаға құрмет, адамның дүние­де алатын орны, еңбек және еңбекқорлық, басқа да ізгі қасиеттер жөнінде мағлұмат алып, одан өзіне қажет бағыт-бағдар алады. Өте жақсы, игілікті құбылыс. Бірақ, осы кітап қалың бұқараға қажетін­ше жете ме?! Жетпейді. Ал адам баласына қажет тәрбие ұғымдары мен ұста­нымдары, жоғары да жаңа айтқанымдай, кітапта тұнып жатыр. Бала кезімізде ауыл ақ­сақа­­лының үйіне жырау түсе­тін-ді. Құтты қонақ дәм­­­-тұз татқан, соң кешке қарай сол үйге бүкіл ауыл адамдары жи­налатын. Балалар да атасы­ның, әкесінің тізелеріне басын қойып жыр тыңдайтын. Таң бозара қисса аяқталар еді. Жы­раудың әсерлі қоңыр үні, құлақтан кіріп, санамызға қорғасындай қору­шы еді. Сон­дай бір кеште естіген өнегенің әсері әлі күні құлақтан кетпей­ді. Қазіргі жасқа аталмыш кітап оқып беру арқылы құлағына қазақ жырының құдыретін сіңіруге болады. Ақындар мен жыраулар­дың тіршілік турасындағы ойлары баға жетпес мұра. Өйткені, олар қалдырған інжу-маржан сөздер мен нақыл ұғымдар түбі халық арасынан шыққан, ел ішінде айтылып жүрген әңгімелерден бастау алған десек, шындықтан алыс кете алмаспыз. Ал халықтың қателеспейтіні анық. Біздің мақсат – осы аса құнды білім­ді қалың бұқараға жеткізу. Солай болғанда әрбір азамат көнеден жеткен ұғымдарды өз санасына құйып, одан терең сусындайды. Соның негізінде оның рухани өзегі қоюланып, өмірлік көзқарастарының иман­жүзді, салиқалы, ынсапты жолға түсе бастағанын өзі де байқамай қалуы мүмкін. Сан ғас­ырлар бойы жиналып, сара­­ланып, екшелініп бізге жеткен құдыретті ой мен сана­ның күші қашанда бөлек. Тек оны бағалай білуіміз керек. Мен жоғарыдағы ой бай­ламдарымды жастар тәрбиесі­мен айналысып жүргенде іштей жұптап жүретін едім. Өмірдегі ұстанымыма халқы­мыз­дың ұшан-теңіз рухани құнды­лық­тары да ерекше әсер еткенін айту парызым. Мамандығым техника саласы болғанымен, “Бес ғасыр жыр­лайды” атты көптомдық кітап­ты қолым босай қалса, жата-жастана оқитын едім. Соны­мен қатар, Сыр өңірінің ша­йыр­лары Шораяқтың Омары, Тұрмағам­бет ақын, Базар жырау жауһар­лары көңілімнің төрінен әркез орын алып, енді міне, сол ұлы­лардың асыл сөзін арқа тұтып, ұлттық тәр­бие, адалдық, адам­дық туралы өз тұжырым­дарым­ды ұсынып отырмын. Жалпы, қандай мамандықтың иесі болса да, халқымыздың бай қазына­ларын әркез жаны­нан шығар­май, соған арқа сүйеп отырса, тура жолдан көз жаз­бай­тынына менің иманым кәміл. Серікбай ҚОШҚАРОВ, профессор.