Биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толмақ. Осы орайда елімізде жүз жасаған ақынның мерейтойын атап өту шарасы қолға алынды. Руханият пен мәдениет саласындағы ілкімді іс Алматы облысынан бастау алмақшы. Әрі бұл ақынның кіндік қаны тамған Жетісу өңірі үшін үлкен жауапкершілік болып отыр.
Жамбыл жылының межесінде атқарылар жұмыстың бір парасын бағамдап, ақын туған аудандағы мерейтойға дайындықты пысықтау үшін Алматы облысына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев келді. Оның жұмыс сапары Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінен басталды. Қонақтар алдымен музей алдына қойылған ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Бүгінде жыр алыбының өзі тұрған үй музей ретінде жабдықталған. Қырымбек Көшербаев музейдің ішкі бөлмелерін, ақынның тұтынған бұйымдарын, музей қабырғасына жағалай ілінген өмірі мен творчествосы туралы жәдігерлерді тамашалады. Ал облыс әкімі Амандық Баталов қонақтарға әдеби музей кейінгі жылдары кеңейтіліп, қосалқы ғимаратпен толықтырылғанын айтып, мерейтойға дайындық жұмысынан хабардар етті. Құрметті қонақтарға жаңадан басылған Жамбыл мен Мұқағалидың жыр кітаптарын сыйға тартты. Бұдан кейін қонақтар Жамбылдың рухани ұстазы Сүйінбай Аронұлының және композитор әрі дирижер Нұрғиса Тілендиевтің мәңгілік мекеніне барып, аруақтарға тәу етті.
– 28 ақпан – жыр алыбының туған күні. Соның қарсаңында мерейтойлық іс-шаралар Нұр-Сұлтан қаласында басталып, Қазақстанның барлық өңірінде және шетелде жаппай өтетін болады. Бүгін біз Елбасының және Президенттің тапсырмаларымен Алматы облысына арнайы келіп, Жамбыл атамыздың басына тәу етіп, іс-шаралардың алғашқы қадамын бастап отырмыз. Өткен жылы хакім Абайдың 175 жылдығын атап өтсек, биыл Жамбыл бабамыздың мерейтойы. Екеуі де бір дәуірде, бір заманда өмір сүрген – алыптар. Жамбыл ақынды айтыс өнерінің шыңында тұр десек, оның сондай биікке өрлеуіне ықпал еткен, өзі «пірім» дейтін – Сүйінбай Аронұлы. Сондықтан XXI ғасырдың түрлі үн қатуларына лайықты жауап беру үшін біз осындай үлкен сабақтастық пен игі дәстүрді жалғастыра отырып, өзіміздің рухани бастауларымызды, ұлы тұлғаларымызды танып-білуіміз керек, – деді сапар барысында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев.
Жалпы, Жетісу өңірі Жамбыл Жабаевтың мерейтойына байланысты бірқатар іс-шара жоспарын әзірлеп отыр. Оның ішінде ақын туралы биографиялық фильмнің түсірілімі, өмірі мен шығармашылығына қатысты кітаптар шығару, ақындар айтысын өткізу, мәдени ескерткіштер орнату, суретшілердің халықаралық плэнерін өткізу сияқты ауқымды міндеттер атқарылмақ.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Алматы облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асу барысымен танысты. Қарасай және Жамбыл аудандарындағы бірқатар әлеуметтік-мәдени нысанды аралауға Мемлекеттік хатшымен бірге Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет те қатысты.
Қонақтар алдымен Үшқоңыр ауылында ашылған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына атбасын тіреді. Мұнда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның Тәуелсіздік жолындағы тарихи рөлін айшықтайтын музей экспозицияларымен танысты. Музейдің арнайы тілек кітапшасына Мемлекеттік хатшы өз қолтаңбасын қалдырды. Келесі кезекте Мемлекеттік хатшы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Туған жер» жобасымен салынған «Үшқоңыр» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінін аралап, көрді.
Алматы облысы