Ақпан айының ортасында биткоиннің бағамы кезекті рет рекорд жаңартты. Бұл жолы 1 биткоиннің құны 49 мың доллардан асып түсті.
Tesla компаниясы алдағы уақытта клиенттермен криптовалюта арқылы есептесуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Осы жаңалықтың жарқ етуі мұң екен, биткоин бағасы шарықтап шыға келді.
Биткоин өткен аптаны 48 мың доллармен түйіндеген еді. Бұған Mastercard пен BNY Mellon компанияларының хабарламалары түрткі болды. Mastercard 2021 жылы криптовалютамен төлем қабылдауды бастауға ниетті екенін хабарлады. АҚШ-тың ең көне банкі – BNY Mellon цифрлы валюталарды сақтауға және онымен операциялар жүргізуге арналған платформаны әзірлейтінін мәлімдеді.
2021 жылы биткоин шамамен 70 пайызға өсті. Bloomberg мәліметтері бойынша, бірнеше күн бұрын биткоинға бәсекелес Ether криптовалютасы да өз рекордын жаңартты. Оның құны жыл басынан бері 150 пайызға қымбаттады.
Жалпы, криптовалюталардың екінші «ғұмыры» коронавируспен бірге басталды. Бірақ негізгі өсім жылдың екінші жартысында тіркелді. Бірнеше айдың ішінде биткоин бағасы төрт есе, яғни 10 мың доллардан 40 мың долларға дейін өсті.
Бұған дейін ең жоғарғы баға 2017 жылдың соңында тіркелген болатын – 20 мың доллар. Кейін биткоин бұл биігінен құлдырай бастады. Ал жаңа жыл басталғалы бері оның бағамы 30 мың доллардан кем түскен емес.
Сарапшылардың болжамынша, биткоин бағасы одан әрі өсе бермек. Бұған қажетті алғышарттар жеткілікті.