• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Ақпан, 2021

Қоғамдық көліктер көгілдір отынға көшеді

243 рет
көрсетілді

Алматы қаласының ауа кеңістігін қа­лыпқа келтіру үшін қоғамдық көліктерді көгілдір отынға көшіру қажеттігі көптен айтылып жүрген мәселе. Миллиондар мекендеген шаһардың атмосферасына жыл сайын 120 мың тонна улы заттар бөлінеді десек, соның 70 мың тоннасы көліктерден келеді.

Күні кеше Алматыда газбен жүретін 150 жаңа автобус сатып алынды. Қоғамдық көлік­тердің жаңартылуы экологияны жақсарту жолындағы қаланың басты жобаларының бірі. Өйткені көгілдір отын мұнаймен салыс­тырғанда қоршаған ортаға залалсыз. Сы­йым­дылығы 90 адамды құрайтын су жаңа автобустардың ұзындығы – 12, ал ені – 2,8 метр. Бүгінде қалада 20 автобус паркі жұмыс істейді. Жыл аяғына дейін тағы 83 автобус, оның ішінде 38 электробус сатып алу көзделген. Жуық арада жолаушылар тасымалы паркі 233 экологиялық таза көлікпен толыға түспек. Мегаполистегі 147 бағыт бо­йынша қатынайтын 1 940 автобустың 321-і көгілдір отынмен жүреді.

Шаһар экологиясының ахуалын тіктеуге бағытталған тағы бір тың жоба ретінде эколо­гиялық көрсеткіштердің онлайн картасы іске қосылғанын айтуға болады. Қаланың ауа атмосферасы жайлы барлық мәліметті бірік­тіретін динамикалық платформаны табиғат жанашырлары да қолдап отыр. Өйткені жоба тұрғындарға қоршаған ортаның жағдайы мен ауа сапасы туралы кең мағлұмат береді.

 – Мониторингтік стансалар әрбір 20 ми­нут сайын онлайн режімде ауа сапасын анықтайды. Мұндағы көрсеткіштер графиктер және сандық деректер түрінде беріледі. ПДК индикаторларының динамикасы да көрсетіледі. Стансалар атмосферадағы ластаушы заттардың көлемін, сондай-ақ ылғалдылық, температура, қысым, желдің бағыты мен жылдамдығын өлшейді. Кезеңнің орташа мәндері және орташа күндік көрсеткіштері есептеледі. Жобаның мақсаты – сарапшылар мен мамандарға онлайн форматта мәлімет беру. Сонымен қатар жинақталған көрсеткіштер бойынша ауа сапасының және басқа параметрлердің өзгеруін болжауға мүмкіндік беретін мәліметтер базасын құру, – дейді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алматыда ауа сапасына мониторинг жүр­гізетін 10 станса бар. Аталған стансалар­дың мәліметтерін қала көшелеріндегі LED-экран­дардан көруге болады. Биылдан бас­тап қоршаған ортаға түсетін техногендік жүктемені азайту мақсатында қалаға кіріп-шығатын транзиттік жүк көліктерінің қозға­лысы шектелуі мүмкін.

 

АЛМАТЫ