Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев М. Есболатов атындағы ІІМ Алматы академиясында жаңа факультеттердің ашылуына қатысты. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі өткізген онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz
Факультеттерде басшылық құрам және ішкі істер органдарының орта басшы құрамы даярланады.
«Мемлекет басшысының ішкі істер органдарының кадрлық әлеуетін дайындау және арттыру туралы тапсырмасы аясында полиция басқармаларының бастықтары мен олардың орынбасарларынан бастап аумақтық полиция департаменттерінің бастықтарына дейінгі басшы құрам лауазымдарына барлық тағайындаулар, сондай-ақ Президенттік кадр резервіне кандидаттарды қабылдау көрсетілген факультеттерде оқудан өткеннен кейін ғана жүргізілетін болады», деп хабарлады министр Академияның профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесу кезінде.
ІІМ басшысының мәліметінше, тыңдаушылардың бірінші легі осы жылдың 29 наурызында келеді.
«Дәріскерлер пулына ІІМ орталық аппаратының басшылары, ІІО ардагерлері, мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғам институттарының өкілдері, қазақстандық және шетелдік көрнекті ғалымдар, қоғам қайраткерлері кіреді. Министрге ғылым, білім және полицияның практикалық қызметін интеграциялауды көздейтін ғылыми-зерттеу институтын құру жобасы, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық, стратегиялық даму, идеологиялық және имидждік жұмысты жобалық басқару бөлімдері таныстырылды», дейді ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз.