• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2010

СОҒЫС АҚИҚАТТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

608 рет
көрсетілді

Алматыда “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы кеңес халқының жеңісі және қазіргі кезең” атты ғылыми-теориялық конференция өткен еді. Алматы қалалық ардагерлер кеңесі, “Нұр Отан” ХДП-ның ұйымдастыруымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде болған жиынға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ғалымдар қатысып, ел басына төнген ауыр жылдар жөнінде баяндады. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арнал­ған ғылыми-теориялық конферен­ция­да неміс-фашист басқын­шыларымен шай­қастағы аға ұрпақтың қаһармандық өшпес ерлігі және жас ұрпақтың қасиетті Отан алдындағы парызы әңгіме өзегіне айналды. – Фашистік басқыншылардың Кеңес Одағының халқына әкелген қасіреті мен қайғысы орасан. Олар одақ бойынша 1710 қаланы және 70 мыңнан астам селоларды өр­теп, тұрғындардың дүние-мүлкін тонап, күл-талқанын көкке ұшырды. Сонымен қатар, 32 мың өндірістік кәсіпорын, 100 мың­дай колхоз және екі мыңға жуық совхоз осындай ойранға ұшырады. Ең бас­тысы және ешқашан орны толмайтын өте ауыр жарақат – ол адам өмірі бола­тын. Еліміз сұрапыл соғыста 20 мил­­лионнан астам ұлдары мен қыз­дарынан айырылды. Сөз реті келгенде атап айтар­лығы, Қазақ­стан Кеңес Одағының фашизмге қарсы жойқын шайқасындағы жеңісіне айтарлықтай мол үлес қосты. Қазақстандықтар қанды майданда қаһармандық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті, 602939 адам жас ұрпақтың бақытты болашағы үшін ерлікпен қаза тапты. Кеңес Одағының батырлары, Халық Қаһармандары, қазақ халқының ержүрек қыздары – Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанова­ның есімі мәңгіге ел есінде қалды. Елімізде соғыс қасіретін тартпаған бірде-бір шаңырақ қалған жоқ. Сондықтан да миллиондаған майдангерлердің өмірімен, аналардың көз жасымен келген Жеңісті қадірлеп, құр­меттейік. Жастар аға ұрпақ­тың ұлағатына адал болсын,– деді Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайхутдинов өз ойын ортаға салып. Шын мәнісінде де, бүгінде Ұлы Отан соғысын өз көзімен көрмеген, оның ауызбен айтып жеткізгісіз ауыр азабын бастан кешпеген кейбіреулердің Ұлы Жеңіс туралы ойға сыймайтын орынсыз пікірлер айтуы көпшіліктің, әсіресе оқ пен оттың ортасынан оралған майдан­герлер жанына үлкен жарақат салуда. Бүгінгі бақытты өмір үшін жастар аға ұрпақтың алдында мәңгі қарыздар және келешекте де Отан қорғау­шыларға деген қадір-құрмет одан әрі көбей­месе азаймақ емес. Кеңес Одағының Батыры, Қазақ­стан­ның Халық Қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағанбетовтың айтуынша, “құрылғанына небәрі жиырма жыл ғана болған жап-жас мемлекеттің сақа­дай-сай қаруланған фашистік Герма­нияны ойсырата жеңуі шындығында да орасан ерлік”. “Ең бір таңғаларлығы, халықтың сол кездегі тұрмыстық жағдайы нашар болғанына қарамастан, олар жоғары ынты­мақтастық пен ұлы достықтың, мызғымас бірліктің үлгісін танытып, Ұлы Жеңіске қол жеткізді. Мыңдаған ұлдарымыз, қыздары­мыз “туған Отан үшін” деп қыршынынан қиылды. Бүгін де, ертең де және келе­шекте де олардың алдында бәріміз мәңгі қарыз­дармыз. “Соғыс бізден ақиқатты талап ете­­ді, сол себептен де оны бүгін кей­бі­реу­­лер­дің бұрмалауының қажеті жоқ. Сон­дық­т­ан да, тәуелсіз Қазақстан халқы, біздің бәріміз, ел игілігі үшін жан аямай еңбек етуіміз қажет” дейді Сағадат Нұрмағанбетов. Азаматтық ұстанымы мығым, туған елінің бақытты болашағы үшін отқа түс­кен майдангерлер ерлігі төңірегінде баян­­даған “Нұр Отан” ХДП Алматы қала­­­­лық филиалы төрағасының орын­басары Аман­гелді Каримуллин “бүгінгі бейбіт ас­пан үшін” оларға мәңгі қарыз­дар жан­дар атынан өз алғысын білдірді. Кәме­леттік жасқа толар-толмас­тан қол­дарына қару алып, лаулаған от пен өлім уын сепкен майдан даласына аттан­ғандар туған жерді сүюдің, патриотизм­нің озық үлгісін көр­сет­кендігі жөнінде жиында сөз алғандар жан-жақты түрде айтып берді. Ұлы Жеңіс­ке және қазіргі кезеңге арнал­ған ғы­лыми-теориялық конферен­цияның сек­ция­лық отыры­сында ғалымдар Ұлы Жеңіс­тің әлеуметтік-саяси аспектілері және қазіргі кездегі жергілікті соғыстар­дың маңызды проблемаларын тілге тиек етті. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов жиында көпшілік көптен күткен қуанышты хабарды жария етті. Қазақ халқының аты аңызға айнал­ған батыр ұлы – Бауыржан Момышұлы­на Алматыдағы 28 Панфиловшылар паркінде ескерткіш орнатылатындығы хабарланды. Сонымен, ер есімі ел есінде мәңгі қала бермек. Бақыт БАЛҒАРИНА. АЛМАТЫ.