Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Түркі әлемінің генезисі» арнайы жобасы аясында Тараз қаласында «Түркі халықтарының рухани құндылықтары және Қоңыр Мандоки мұрасы» тақырыбында халықаралық ғылыми-танымдық онлайн-конференция өтті.
Аталған шараны Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Мажар-Қазақ «Barsz» қоры ұйымдастырды.
Жиынға бейнебайланыс режімі арқылы облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев қатысып, Иштван Қоңыр Мандокидің тағылымды өміріне тоқталды. Ғалымның мұрасы түбі бір түркі халықтарының ортақ құндылығы екенін жеткізді. Сондай-ақ, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева Тараз төрінде өтіп отырған конференцияның маңыздылығына тоқталып, бұл шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қолға алынған ірі жобалардың бірі екенін айтты. Сонымен қатар, жиын барысында Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жәнібек Жарасқанұлы, Мажар-Қазақ «Barsz» қорының президенті Андраш Гал, түрколог ғалым, этнограф Кара Давид Шомфай, «Қазақ диаспорасының» төрайымы Оңайша Мандоки сөз сөйледі.
Жалпы, аталған халықаралық конференцияда ғалымдар Қоңыр Мандоки шығармашылығына байланысты баяндамалар жасады. Ғалымның мол мұрасы жөнінде әңгімеледі. Ал жиынға модераторлық еткен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев конференцияны қорытындылап, қатысушыларға алғыс айтты. «Конференцияның негізгі мақсаты – Иштван Қоңыр Мандокидің бай рухани мұрасын насихаттау және елімізде зерттелуіне серпін беру. Сонымен қатар Мандоки заманындағы Ұлы дала өркениеті мен тұлғалары туралы қазіргі уақыттағы соңғы зерттеулерді ғылыми айналымға енгізу, насихаттау», дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сейітжан Ілияс.
Жамбыл облысы