«Nur Otan» партиясы 216 сайлауалды бағдарламаны іске асыру бойынша әр жылға нақты көрсеткіштері бар Жол карталарын әзірледі. Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары үшін биылдың өзінде қандай істер атқарылатыны туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы аясында әрбір өңірде, қала мен ауданда жүйелі бақылауды қамтамасыз ету үшін нақты нысаналы индикаторлар мен мерзімдер белгіленіп, сондай-ақ оған жауапты орындаушылар айқындалды.
Қарағанды облысында алдағы 5 жылда 1715 көрсеткіш пен 6431 іс-шараны орындау көзделген. 2021 жылы «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасы 21,8%-ға, 2022 жылы – 43,4%-ға, 2023 жылы – 64,2%-ға, 2024 жылы – 83,9%-ға және 2025 жылы 100%-ға орындалды.
Биылдың өзінде 42 медициналық нысанның 24-і, 29 мектептің 5-еуі, 13 балабақшаның 5-еуі, жастарға арналған 4 жатақхананың 2-еуі, 18 спорт нысанының 7-еуі салынады. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін 317 нысанның 63-і бейімделетін болады.
2025 жылға дейін 150 мың жұмыс орны құрылып, 109 туристік жаңа нысан ашылады. 2546 км автожол, 1215 км сумен жабдықтау және 754 км жылумен жабдықтау желілері салынып, жөнделеді. 30 мыңға жуық отбасы үшін тұрғын үй салу жоспарлануда.
Алдағы 5 жылда «Қазақмыс» және «Арселор Миттал» кәсіпорындарындағы шаң және газ тұтқыш жабдықтар жаңартылып, «Сарыарқа» магистральдық газ құбырына қосылу жұмыстары жүреді. Кеңгір кентінде биоэлектр станциясын, Жаңаарқа ауданында қоқыс сұрыптау кешенін, Қарағанды қаласында қоқыс жағатын және өңдейтін зауыттар салу жоспарлануда. Мемлекеттік орман қоры және өнеркәсіп кәсіпорындарының аумағында да жасыл аймақтар ұлғайтылады.
Шығыс Қазақстан облысында қабылданған Жол картасы аясында 6914 көрсеткіш пен іс-шара орындалады. 2021 жылы партия бағдарламасы 22%-ға, 2022 жылы – 43,5%-ға, 2023 жылы – 64%-ға, 2024 жылы – 83,1%-ға және 2025 жылы 100%-ға іске асырылады.
Осы жылы 2,5 мың шақырым автожолдың 143 шақырымы, 282 шақырым су бұру желісінің 101 шақырымы, 307 сумен жабдықтау нысанының 207-сі салынады және реконструкцияланады. Жалпы, 149 мың жұмыс орнын құру, жастарға арналған 7 жатақхана мен 20 спорт нысанының құрылысы жоспарланған.
Өңірдің туристік әлеуетін іске асыру мақсатында Алакөл көлінің жағалауын көркейту, Үржар ауылындағы әуежайды қайта жаңарту және Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу жоспарлануда.
Барлық сайлауалды уәделермен nurotan.kz және nurotan2021.kz.сайттарынан танысуға болады.