Сан қилы тағдыр жолымен Қазақстанға келген түрлі этнос өкілдері елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олардың қатарында бауырлас түрікмендер де бар. Демографтардың пайымдауынша, біздің де сегіз мыңға тарта қандасымыз Түрікменстанда тіршілік кешуде. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты Түрікмен этно-мәдени бірлестігінің төрайымы, экономика ғылымдарының кандидаты Гүлнара Атақызы Аннакулиеваға Қазақстандағы түрікмендердің өмір ағысы туралы бірер сұрақ қойған едік.
– Гүлнара Атақызы, тағдыр сізді қазақ елімен қай кезде табыстырып еді?
– 1973 жылы ата-анам Қазақстанға қоныс аударды. Мен ол кезде Мәскеуде аспирантурада білім алып жүрген едім. Оқуымды аяқтап Алматыға келдім, қызметке араластым. Әр жылдары экономика институтында, Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында, Алматы облысы әкімдігінде түрлі жауапты қызметтер атқардым.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей шақыруымен 2002 жылы Президент Әкімшілігіндегі Ассамблея хатшылығында 2 жыл еңбек еттім. 1991 жылы екінші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталдым. 1995 жылы түрікмен этномәдени бірлестігінің негізін қаладым, 25 жылдан бері осы бірлестіктің жұмыстарымен айналысып келемін. Қазақстан маған шығармашылық еркіндік сыйлады, армандарыма жол ашты. Мен үшін әлемнің Жерұйығы саналатын бұл елдің нуынан да, суынан да айналдым.
– Бүгінде Қазақстанда қанша түрікмен бар? Олардың қоғамдағы орны, тыныс-тіршілігі туралы айтып өтсеңіз?
– Кеңес Одағы кезіндегі статистика Қазақстанда 4 мың түрікмен бар деп көрсетеді. Біздің зерделеуімізше, бұл статистикада ауытқу бар, яғни халық саны көбейтіліп айтылған. Қазіргі деректерге сүйенсек, тұтас ел аумағында 2 мыңнан астам түрікмен тұрады. Олардың көпшілігі қалалық жерлерде. Қиын-қыстау заманда ата-бабаларын құшақ жая қарсы алған қазақ халқын олар ерекше құрмет тұтады. Мұның бір ғана көрінісі түрікмендердің басым бөлігі қазақ тілінде еркін сөйлейді, қазақтың тарихын, мәдениетін бір кісідей біледі. Ұлысымыз аз болса да, ынтымақ-бірлігіміз берік, әр іске жұдырықтай жұмылып, бір-бірімізге қарайласамыз. Оқыған азаматтар еліміздің сан саласында абыройлы еңбек етіп жүр. Олардың арасында елге танымал суретшілер, композиторлар, академиктер бар. Өз жеке кәсібін өрге сүйрегендер де аз емес. Бәріміздің мақсатымыз – ортақ Отанымыз Қазақстанның өркендеуі жолында еңбек ету, бейбіт елде жайлы өмір сүру.
– Өзіңіз басқарып отырған түрікмен этномәдени бірлестігі қандай жұмыстар атқарып отыр?
– ҚХА көпұлтты мемлекетіміздің саяси-əлеуметтік, мəдени-ұлттық орталығы бола отырып, саяси жəне экономикалық реформаларды нəтижелі жүзеге асыруға зор үлес қосып келеді. Ашық, зайырлы, демократиялы, саяси-экономикалық жағынан тəуелсіз қоғам орнатуға бір кісідей жұмылған біртұтас Қазақстан халқының толеранттылығын, конфессияаралық жəне ұлтаралық келісімін, туысқандық бірлігі мен достығын одан əрі дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Өйткені елдегі саяси тұрақтылық, этносаралық тату тіршілік – ел дамуының кепілі екені сөзсіз. Біз де Ассамблея алдымызға қойған мақсат-міндеттерді абыроймен атқарып келеміз. Бірлестігімізде қоғамды ізгілендіруге бағытталған түрлі үйірмелер бар. Жастарымызға қазақ тілін үйрететін арнайы курс та жұмыс істейді. Азаматтарды елдегі саяси науқандар мен елдік бастамалардан шет қалмауға шақыратын жобаларымыз да жетерлік. Өскелең ұрпақтың рухани қуатын молайтып, басқа да этностармен шығармашылық байланыс орнатамыз. Бәріміздің аяулы бесігімізге айналған тәуелсіз Қазақстанымыздың жарқын болашағына деген сенім бізді алға жетелейді.
– Сіз үшін Алғыс айту күнінің мәні не?
– Адамзат көшіне көз тастасақ, талайлы тағдыр қай халықтың да басында бар. Өзі де қаншама қасіретті кезеңдерді бастан өткерсе де, адамгершілік пен әділеттілікті биік қоя отырып, бар халықты бауырына басқан дарқан елге келуімізді үлкен бақ деп есептеймін. Биыл – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Барша қазақстандықтар жүйелі саясаттың, адамзатқа ортақ әділеттің арқасында біртұтас күшке айналып отыр. Осы тұста өзінің тарихында, жалпы мемлекеттік құрылымдық ғұмырында Қазақстан әлемге озық үлгі көрсетті. Шәкірттер алдында дәріс оқығанда осы мәселеге мен ерекше тоқталамын. Біздің бақытымыз да сол, Қазақстан аз уақыттың ішінде əлемдік қоғамдастықтың алдыңғы қатарлы көшіне енді. Қазақстанды мекендеген әрбір этнос қазақ халқының ұлттық дәстүрін, мәдениетін, тарихын, салт-санасын құрметтей отырып, өзінің де өткенін жадынан өшірмейді.
2016 жылғы 14 қаңтарда Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялады. Бұл күн – мәні ерек күн. Осынау атаулы датада науқаншылдықтың емес, шынайы ризашылықтың рөлі басым болуы тиіс. Өз басым бұл мерекені түрлі этнос өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшемі деп бағалаймын. Зұлмат замандарды иық тіресе еңсеріп, бір мақсатқа жұмылған халықтардың бір-біріне деген құрметін білдіретін күн. Қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдай отырып, рухани құндылықтардың салтанат құрған күні. Бұл мерекенің мәніне үңілген адам қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірліктің, мәдени саналуандықтың бағасын анық сезінеді.
Әңгімелескен
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ