• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Ақпан, 2021

Ақ ниетті ақмолалық жастар

230 рет
көрсетілді

Талай тар жол, тайғақ кешуді басынан өткерген халқымыздың болмысындағы ғажайып қасиеттің бірі – жатты да жарылқап бауырына тартатын ізгі пейілі. Жалпақ әлемді жаман тұмау жайлап, жан алқымнан алып тұрған кезде адамдардың бір-біріне қолұшын беруі, қамқорлық көрсетуі, періштедей қос қолтығынан демеп, жебеуі кімнің болсын көкірегіндегі сенім отын қоламтаның шоғындай маздататыны бар.

Бүгінгі таңда облыста 86 еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде жас толқынның үлесі мол болуы үлбі­ре­ген үміт отын маздатып, көңіл қуан­та­ды. Облыстық білім беру және кәсіби-техникалық білім саласында 800 оқушы мен білім алушыны бірік­ті­ретін 33 жасақ бар. Шын мәнінде бұл өте үлкен күш. Олардың 80 пайыз­дан астамы Қазақстанның «Ұлттық ерік­ті­лер желісі» жүйесіне кіреді. Әрбір еріктілер орталығы 7 бағыт бойынша тыңғылықты жұмыс істеп, әр саланы тегіс қамтуға ұмтылуда. Қамқорлық ая­сында жәрдемге мұқтаж 24 444 адам қам­тылып, оларға жалпы құны 13,9 млн теңгені құрайтын демеушілік көмек көрсетілді. Біз бұл көмектің құнын ақшалай мөлшерлеп қана қоя салуымыз мүмкін. Шынтуайтында, оның астарында жаныңда жүрген адамдарға деген жүрек жылуы, көңіл демдейтін ізгі ниет жатқандығын айта кетсек те артықтығы болмас. Өзгеге көмек қолын созуға ұмтылып тұрған жанашыр жандардың ішінде жас толқынның болуы, болып қана қоймай, өздері де осы иманды іске бел буа кірісіп, қолдарынан келген көмегін көрсетіп жатуы тамаша көрініс. Күні ертең осы жастар мейір мен п­е­йілге сусындап, қолы ашық, жүрегі жылы, ниеті дұрыс азамат болып өседі.

Өңірдегі осы бағыттағы іске саралай көз салатын болсақ, ауыз толты­рып айтуға әбден лайықты тәп-тәуір шаруалар қолға алынған екен. Мәселен, облыс бойынша өткен жыл ішінде 552 қайырымдылық шара ұйымдастырылып, 26 649 адамды қамтыған. Қолы қысқа, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 12 121 отбасына, мүмкіндігі шектеулі адам­дарға көмек көрсетілген. Тіпті үй­ле­ріне таза ауыз су да жеткізіп берген. Атам қазақтың «қысылғанда аузыңа су тамызатын адам болсын» дейтін тіле­гінің орындалған тұсы ма дерсің. Жаңағы жанашырлар жаман тұмаудың жан тітіркентер шағында 45 360 литр ауыз су жеткізіпті. Оған қоса 1 571 азық-түлік себетін қоса тапсырған. Біз­дің өңірдің өзіндік ерекшелігі бар, қысы қатты. Атан түйені алып жығатын ақыр­­ған аязымен қоса, ат құлағы көрін­бей­тін ақ түтек бораны да аз емес. Биыл да қар қалың болды. Аулаларды басып қалды. Қарға адым жер мұң болып отырған мүмкіндігі шектеулі адамдарға таңсәріден тырбанып ауланы қалың қардан тазалаудың өзі титығына тиетін азапты жұмыс. Мектеп оқушылары мен колледждерде білім алатын жалынды жастар жүздеген аулаларды тазартып, аға буынның алғысын алған. 162 мәрте материалдық көмек көр­сетіліпті. Жоғарыда ауа райының қа­тері көп екендігін айттық. Жол үстін­де кө­лігі сынып, қарға кептеліп, қатер аузын­да қалып жатқандар да аз емес. Өзгеге дегенде қоң етін кесіп беруге даяр еріктілер жолда қалған 60 авто­кө­лікті қардан аршып, жолаушыларды құтқарыпты. 130 жүргізушіге көмек көрсетілген.

Қайырымды жастар қарттарды на­за­­рынан еш шығармайды. Жан жылуын себезгілеген көмек алдымен заманында осы қоғамның байлығын еселеуге өлшеусіз үлес қосқан қарттарға көрсетіледі. Өткен жылы жүздеген қарт адам жастардың қолғабысын көріп, көңіл демдеген. Оларға 475 мәрте дәрі-дәрмек жеткізіп берілді. Жаман тұмау қатал сынақ болды. Дерт шеңгеліне іліккендер де еріктілердің жан жылуын сезінді. Ауруханаларға 94 оттегі концентраттары, 4 тонометр, 6 планшет әперілген. Осы іске қалталы азаматтар 49,4 млн теңге қаражат бөлген.

Облыста республикалық «Біз бірге­міз» акциясы аясында «Таза әлем» ба­ғы­­тында бірқатар шаруа атқарылуда. Ауқымды істі қолға алған еріктілер бір­­неше ұйыммен бірлесе отырып, өңір­дің экологиялық жағдайын жақсар­туға атсалысуда. Ерейментау ауданының еріктілері Көбейтұз және Теңіз көлде­рі­нің маңын тазартып, абаттандырды. Соңғы уақытта бұл жерлерге ат ізін салушылар көп. Келімді-кетімді кісі көп болған соң көл маңын қоқыс басып кету де мүмкін еді. Табиғатқа жанашыр ерік­ті­лер көл жағалауларын тазартып қана қоймай, тынығуға келген адамдарға төл табиғатымыздың тамаша көрінісін сақтау – перзенттік парыз екенін ұғын­дырды. Аршалы ауданындағы бірне­ше туристік бағытта дәл осындай іс жүзеге асырылды. Қорғалжын ауданында да кө­рікті табиғаттың кескініне түсетін қы­лаудың алдын алуға жұмыла кірісті. Бірнеше мәрте сенбілік ұйымдас­ты­рыл­ды. Егіндікөлдегі агротехникалық колледждің еріктілері жоғарыда аталған акция шеңберінде нәтижелі жұмыс істе­ді. Елуден астам ерікті туған жер­дің төсін көркейтуге атсалысып, өз қол­да­ры­­мен тазалық шараларын тиянақты атқарды. Өңірде жалпы осы тақылеттес жұ­­мысқа 3 мыңнан астам еріктінің қа­тыс­қанын айтатын болсақ, өз елін, өз же­рін жанындай жақсы көріп, оның ер­те­ңіне елеңдейтін жас толқынның қау­лап өсіп келе жатқанын айқын көру­ге болады.

Қайырымдылық жасаудың Qamqor бағы­ты бойынша әсіресе облыс орта­лығында ауыз толтырып айтуға әб­ден лайықты шаруалар жүзеге асырыл­ды. Бұл орайда нақты мекенжай бо­­йынша көптеген шаруа атқарылды. Еріктілер қолы қысқа адамдардың аулалары ғана емес, пәтерлерін де та­за­лау­ға қолұшын созды. Осылайша, 114 отбасына көмек көрсетілді. Жастар ресурс­тары орталықтары жанашырлық жа­сау­дың айқын үлгісін көрсетті. 2020 жылы Германия Қызыл крест қоғамы Ақмола филиалына 1 млн 011 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Осы қар­жы­ға себеттер дайындалды. Қажетті азық-түлікпен қатар гигиеналық құрал­дар да алынды. Әр себеттің құны шамамен 8 220 теңгені құрады.

Жаман тұмау жайылған кезде ерік­ті­лер материалдық көмекпен бірге ауру­дың алдын алу бағытында да қыр­уар жұмыс істеді. Дерт шеңгеліне ілінбеу үшін қалай қорғану керектігін тү­сіндіріп, облыс орталығындағы көп қа­бат­ты үйлер мен жеке секторға құ­лақ­­­тан­дырулар түріндегі түсініктеме қа­ғаз­да­рын таратты. Бұл да адамдарды арашалау бағытындағы бағалы бастама деп айтуға әбден болады.

 

Ақмола облысы