Қазақ телевизиясының қарлығашы Зұлқия Жұматова 101 жасқа толды. Ғибратты ғұмыры талайға үлгі болған тағылымды тұлғаның туған күніне орай Алматы музейінде арнайы көрме ашылды.
Әдемі үнімен, келісті келбетімен көрермен көңілінің көкжиегінен көрінген ол қазақ теледидарындағы тұңғыш диктор ретінде тарихта қалды. Бүгінде телевизия саласының үлкен-кішісі Зұлқия Мұқанқызын «қазақ дикторларының анасы» ретінде таниды. Алматы телестудиясы алғаш ашылған 1958 жылы 750 үміткердің ішінен суырылып шығып, қазақ тілінде хабар таратқан талапты жас жемісті жылдарын көрерменіне арнады.
Көрмеге диктордың өмір белестерінен сыр шертетін тарихи фотосуреттер, архивтік құжаттармен қатар, З.Жұматова жайында түсірілген хабарлар мен жазылған материалдар топтастырылған. Әсіресе, туған күн иесінің әйгілі дикторлар Юрий Левитан, Нелли Андреевамен бірге түскен естелік суреттері көрме қабырғасынан ерекше орын алған. Іс-шараның ашылу салтанатына зиялы қауым өкілдерімен бірге Зұлқия Мұқанқызының өзі де келді. Көңілі алтын сандықтай абыз ана өткен күндердің әсерлі естелігімен бөлісті.
– Біздің кезеңмен бүгінгі күнді салыстыруға келмейді. Эфирде бізді ауыстыратын адам болған жоқ. Айтарымызды бір парақ қағазға жазып алып шығатын едік. Өзімізді экраннан көре де алмайтынбыз, барлық хабарлар тікелей эфирде өтетін. Жұмысымызға асқан жауапкершілікпен қарадық. Сол қиын кезеңдерде жүріп ысылдық. Телевизия – шығармашылық топтың еңбегін қажет ететін ұжымдық жұмыс. Терең ізденістер жасадық, көп еңбектендік. Мұхтар Әуезов сияқты заңғар тұлғалардан сұхбат алу бақыты бұйырды. Ол кісімен дидарласқаным әлі есімде. Хабар аяқталғаннан кейін Мұхаң «Асылкеш» деп менің қолымнан сүйді. «Асылыңызды түсіндім, кеш дегеніңізді түсінбедім», деп Мұхаңа қарадым. Ол кісі болса жайдары үнмен: «Асылкеш дегенім, асыл жан деген сөз. Сендер асыл жансыңдар» деп күлімсірей қарады. Біздің қазақшаны қаймақтап сөйлегенімізге, қазақша хабарлар ашылғанына жазушының қатты қуанғанын байқадым. Ол күндердің барлығы менің көз алдымда әлі күнге дейін дәл бүгінгідей жаңғырып тұр, – дейді Зұлқия Жұматова.
АЛМАТЫ