26 ақпанда Сенатта Палата Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіровтың төрағалық етуімен «Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік саясатын заңнамалық реттеу: жай-күйі, проблемалары және шешу жолдары» тақырыбы бойынша Үкімет сағаты өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz
Іс-шара барысында еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов депутаттар алдында есеп береді. Сондай-ақ, Үкімет сағатына 12 министрлік пен 3 агенттік өкілдері, облыс әкімдіктерінің басшылығы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшелері, өнеркәсіпті дамыту институттарының басшылары және Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубына мүшелері онлайн режімде қосылып отырады.
Сенаторлар осы Үкімет сағатына бір ай бойы дайындық жүргізген болатын. Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары түрлі министрліктер мен мекемелердің басшылығымен 6 кездесу өткізіп, 95 мәселені талқылады. Соның арқасында еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің серпінді дамуын тежейтін негізгі проблемалар, сондай-ақ оларды шешудің жолдары анықталды.
Үкімет сағатының қорытындысы бойынша сенаторлар Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібінің дамуына тың серпін беретін ұсыныстарын әзірлейді.
ҚР Парламенті Сенатының ресми сайтындағы тікелей эфирде Үкімет сағаты http://senate.parlam.kz/kk-KZ/live сілтемесі бойынша онлайн режімде көрсетіледі.