• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Ақпан, 2021

Су тапшылығы мәселелері талқыланды

182 рет
көрсетілді

Бүгін Қызылорда облысына Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов, Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров келді, деп хабарлайды Egemen.kz

Сапар аясында вице-министр мен комитет төрағасы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықовамен кездесіп,  су шаруашылығындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Осыдан кейін облыстың вегетациялық кезеңге арналған дайындық жұмыстарын талқылаған мәжіліс өтті. Жиынға мемлекеттік органдар өкілдерімен қатар облыстағы егін шаруашылығымен айналысатын ірі шаруашылық жетекшілері де қатысты.

Маңызды кезеңге әзірлікті талқылаған басқосуда облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының директоры Хамит Бейімбетов хабарлама жасады.

Соңғы 3-4 жыл бедерінде облыс диқандары су тапшылығының зардабын тартып келеді.  Биыл осыған байланысты суды көп қажет ететін күріш егістігінің көлемі 5 мың гектарға азайтылды. Бірақ Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішіндегі ахуалды тұрақты бақылап отырған мамандар жазда су тапшылығы тағы қайталануы мүмкін екендігін айтады. Өйткені Шардарадан жоғары тұрған Тоқтағұл, Әндіжан, Шарбақ су қоймаларындағы жиналған көлем көңіл көншітпейді. Ауа райын болжаушылар мәліметінше де көктемде жауын-шашын жылдағыдан аз болатын түрі бар.

Мәжіліске селектор арқылы қатысып отырған аудандар басшылары да жергілікті жердегі мәселелерді айтты. Мысалы, Жаңақорған ауданында тоспа жоқ. Дария арнасы төмендеген жылдары бүкіл ауданды суландырып отырған Келінтөбе каналына су көтерілмей қалады. Қазалы ауданына қай арнамен су берілетіндігі әлі нақтыланбаған.

Жиында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов соңғы 3 жылда экологиялық мұқтаждықтарға арналған судың егінге жұмсалып келе жатқанын айтып өтті. Осының салдарынан былтыр Аралдан кейінгі ірі су айдыны Қамбаш көлі тартылып, жағалауынан 250 метрге дейін шегініп кеткен. Вице-министр айтылған мәселелердің барлығын хаттамаға енгізуді тапсырды. Осыған байланысты министрлік іс-шаралар қабылдайды. Олардың орындалуына осы аймаққа арнайы бөлінген Су ресурстары комитетінің өкілі бақылау жасайды.

Осы күні Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі мен Су ресурстары комитетінің төрағасы аймақтағы су шаруашылығы нысандарын аралады.