Шымқалаға жаңадан қосылған 41 елді мекен мен халық санының жедел өсуі шаһардағы инженерлік инфрақұрылым мәселесіне біраз қиындық туғызды. Соның салдарынан магистральды жүйелердің қуаты жетіспей, тұрғындар қыстың көзі қырауда қатты қысылды. Жергілікті биліктің «бас ауруына» айналған ауыз су мәселесін қай елді мекенге барсаңыз да кездестіресіз.
Қалаға қарасты 4 аудан әкімінің жылдық есебін тыңдасаңыз, бәрі керемет. Алайда шынайы жағдай қағаздағы есептен мүлде бөлек.
Жуырда Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановтың 2020 жылы атқарған жұмыстары бойынша есеп беру жиыны өтті. Сонда аудан әкімі: «Былтыр Абай ауданында инфрақұрылымды дамыту үшін 29,3 млрд теңге қаржы қаралған. Бөлінген қаржының 2,2 млрд теңгесі ауыз су жүйесіне бағытталған», деген еді.
Анығында, ауданда 34 шағын аудан бар болса, оның 24-і сапалы ауыз сумен қамтылған. Қалған 12 шағын аудан тұрғындары суды құдықтан тартып немесе тасып ішіп, күн көріп жүр. Атап айтқанда, «Қызылжар», «Игілік», «Жаңаталап», «Тәуелсіздікке − 20 жыл», «Көкбұлақ» «Жаңатұрлан» тұрғын алабы ұңғыма суын ішсе, «Ынтымақ-2», «Ақтас-2», «Солтүстік саяжай», «Құрсай» және тағы басқа шағын аудан тұрғындары тасып ішеді. Аудан әкімі есеп беру жиыны кезінде жыл соңына дейін бұл шағын аудандарда ауыз су мәселесі толық шешімін табады деп сендірді.
Естеріңізге салар болсақ, былтыр 14 ақпанда қала әкімі Мұрат Әйтеновтің жылдық есеп беру жиынында Абай ауданына қарасты «Жаңаталап» шағын ауданның тұрғыны Әбдіғани Әшіров: «Шымкенттегі «Жаңаталап» тұрғын алабы тұрғындарының ауыз суға жарымай жүргеніне 10 жыл толды. Осыншама уақыттан бері ондағы халық жерасты суларын пайдалануға мәжбүр. Біз сапалы ауыз суға мұқтажбыз. Біздің тұрғын алабы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қашан қосылады?» деп сұрақ қойған еді.
Шаһар басшысы «осы бағытта қаржы бөлінді. Жыл аяғына дейін «Жаңаталап» тұрғын алабы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылады», деп жауап бергені ел есінде. Содан бері «Жаңаталап» алабы тұрғындарының ауласына су келетіндей уақыт болды, бірақ кірген су, оны көрген ел жоқ. Осылайша, аудан әкімі Бұхарбай Парманов қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының халық алдында берген уәдесін кезекті бос сөзге айналдырып отыр.
Тіпті аталған тұрғын алаптағы бұл мәселе бұдан бұрынғы әкімдер Ғабидолла Әбдірахымов пен Ерлан Айтахановтың тұсында да шешімін таппаған. Жаңаталаптықтар «әкімдер келіп, уәде беріп кетеді, алайда нақты нәтиже жоқ», деп күйінеді. Бүгінде қаланың орталығында орналасқан Әл-Фараби ауданынан басқа Еңбекші, Қаратау, Абай аудандарында дерлік ауыз судың мәселесі күйіп тұр. Ақпан айының басында қала әкімдігі «26 мыңға жуық тұрғынды сапалы ауыз сумен қамту жоспарлануда» деген ақпарат таратты. Әкімдіктің бұл дерегіне сенер болсақ, биыл Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз етуде бірқатар жұмыс қолға алынбақ. Мәселен, өткен жылы Қаратау ауданы тұрғындарды ауыз сумен қамту мақсатында «Тұран» шағын ауданында (магистралды) екі суаққы құрылысын жүргізсе, биыл «Тассай» тұрғын алабы, «Азат» және «Өтеміс» шағын ауданында құрылыс аяқталып, қазіргі таңда су есептегіш құралдар орнатылып жатыр. «Достық» шағын ауданының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген құрылыс жұмыстары да бүгінде толығымен аяқталған. Енді су есептегіш құралдарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Абоненттеу жұмыстары наурыз айының соңында аяқталып, шағын аудан сапалы ауыз су ішетін күн де жақындап келеді.
Шымкент қаласы Абай ауданы аумағындағы бірқатар шағын ауданда инфақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Соның бірі − «Ынтымақ-2» шағын ауданындағы ауыз су жүйесі құрылысы. Аталған шағын аудандағы инфрақұрылым жүйелерінің мәселесі шаһар басшысының тікелей бақылауында. Ауыз су жүйесінің жоба құны – 1 199,6 млн теңге. Мердігер «Компания Ахмет» ЖШС құрылысты былтыр мамыр айында бастаған. Биыл тамыз айында аяқтауды жоспарлап отыр. Шағын ауданның Батыс аумағында да ауыз су жүйесі құрылысы жүргізілуде. Оның жобалық құны – 1 971,8 млн теңге. Мердігер «Мелиоратор» ЖШС нысан құрылысын биыл аяқтауды жоспарлауда.
Абай ауданы бойынша 34 елді мекеннің 22-сі сапалы ауыз сумен қамтылған. Ауданда 4 елді мекеннің: «Жаңаталап», «Ынтымақ-2», «Жаңа Тұрлан», «Солтүстік саяжайда» құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталып, жалпы 25 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылмақ.
Қазіргі таңда қалада 81 елді мекеннің 69-ы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Биыл 9 елді мекенде (Тұран, Солтүстік саяжай, «Ынтымақ-2», «Батыс», «Жаңа Тұрлан», «Асар-2», «Ақтас», «Жаңаталап», «Сәуле» құрылыс жұмыстары) жүргізіледі. Аталған елді мекендерде құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін 25,6 мың адам ауыз сумен қамтылады деп күтілуде. Жыл қорытындысы бойынша қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 95,6 пайыздан 98 пайызға өседі. Сонымен қатар, 3 магистралды суаққының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.
Жалпы 2022-2025 жылдары қаланың оңтүстік бөлігінің ауыз су сапасын жақсарту мақсатында «Сайрам су» жаңа ауыз су көзінің және 22 шақырым магистралды суаққының құрылысын жүргізу жоспарланған.
Айтпақшы, Еңбекші ауданы аумағына осыдан алты жыл бұрын енген Сайрам ауданының бірқатар ауылында тұрғындар құдықтан тасып, су ішіп келген болатын. Былтыр сол елді мекенде ауыз судың проблемасы толығымен шешілгенде тұрғындар «шымкенттік екенімізді шын сезіндік» деген еді.
Өткен жылы Еңбекші ауданындағы Бадам тұрғын алабына ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізіліп, 331 абонент қамтылды. Сондай-ақ, Абдулабад, Базарқақпа, Тұрдыабат шағын аудандарында да ауыз су жүйесі ағымдағы жөндеуден өтіп, тіршілік нәрінен таршылық көрген тұрғындардың көңілін бір серпілтті.