• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 25 Ақпан, 2021

Көрнекі ақпарат қатесіз жазылуы тиіс

1118 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Аталған мәселе жөнінде баяндама жасаған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, заң жобасында деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазуға басымдық берілмек. Сондай-ақ деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің тең түпнұсқалы аудармасын (аутентичность) сақтап оты­рып жазу, «мәтіннің тең түпнұсқалы ау­дар­­масы» деген ұғым енгізу қарас­тырылған.

«Көрнекі ақпарат құралдарына баннерлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнама, баға көрсеткіштері секілді елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін маңызды құралдар жатады. Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазу талабы қазақ тіліндегі мәтіндердің сапалы жазылуына, орфографиялық қателерге жол бермеуге бағытталған. Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің тең түпнұсқалы аудармасын сақтап отырып жазу талабы қоғамда екі тілде (қазақ және орыс тілдеріндегі) берілген мәтіндердің мағыналық, мазмұндық жағынан сәйкес келмеуі фактілерін жоюға бағытталып отыр. Көрнекі ақпаратты ашық кеңістікте және ғимараттар ішінде заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдармен қатар кез келген кәсіпкерлік субъектілері жүзеге асыра алады. Кәсіпкерлік субъектілері көрнекі ақпаратты өз өнімі мен қызметін ілгерілету құралы ретінде пайдаланады.

Мемлекеттік органдарға азаматтардан көрнекі ақпаратты орналастыру ке­зінде тіл туралы заңнама талаптарының бұ­зылуына байланысты шағымдар көптеп тү­сіп отыр. Осы орайда мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпараттың болмауын аза­мат­тар Конституцияның 14-бабында бекі­тілген өз құқықтарына қысым жасау деп санайды. Көрнекі ақпаратқа қатысты заң бұ­зу­шылықтар бойынша мемлекеттік орган­дарға 2018 жылы – 12 886 өтініш, 2019 жылы 12 900 өтініш келіп түскен. 2020 жылы көрнекі ақпараттар бойынша же­дел желіге (call center-лерге) келіп түс­кен шағымдар саны – 3442», деді министр.

А.Райымқұлованың сөзіне сүйен­сек, аталған проблемаларды шешу мақ­сат­­ында заң жобасы аясында Қазақ­стан Республикасының 13 заңнамалық акті­сіне түзету енгізу көзделіп отыр. Осы құ­жат арқылы мемлекеттік тіл­дің көр­не­кі ақпаратта міндетті түр­де қолда­ны­луын қамтамасыз ету қарас­ты­рыл­ған. Сон­­дай-ақ деректемелер мен көр­некі ақ­па­рат мәтіндерін орфография нор­мала­ры­на сәйкес жазуды қамтама­сыз ету, мә­тін­дер­дің екі тілде тең түп­нұс­қалылы­ғын сақ­тап жазуды қамтамасыз етуге мүм­кін­дік туады.

Жалпы, отырыс барысында депутаттар Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы бірқатар құжатты ратификациялады. Аталған заң жобалары жөнінде баяндама жасаған Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы қылмыстық сала мәселелері бойынша шарттардың толық пакеті әзірленген. Ең әуелі адамдарды ұстап беру туралы шарт талқыланды. «Қаралып отырған шарт адамдарды ұстап беруге арналған. Бұл құжат іздеуде жүрген адамдарды қылмыстық жауапқа тарту және сот үкімін орындау үшін экстрадиция мәселелерін реттейді. Құжатта ұстап беру және одан бас тарту негіздері бекітілген. Шарт бойынша, ұстап беруге сұрау жолданған кезде тараптардың заңына сәйкес қылмыс саналған әрі ол үшін кемінде бір жыл бас бостандығынан айырған немесе өзге қатаң жаза көзделген қылмыстар жа­тады. Мынадай жағдайларда ұстау­дан бас тартылады. Тараптардың заңна­масы бойынша жасалған қылмыс үшін өлім жазасы көзделсе, іздеудегі адам ақтал­ған болса немесе оған қатысты қылмыс­тық қудалау тоқталса сұраныс қанағат­тандырылмайды. Сұратып отырған адам тараптардың азаматы болса, әдеттегі қылмыстық құқыққа сәйкес қылмыс болмайтын әскери қылмыс жасаса да бас тартылады. Сондай-ақ адамның нәсілі, діні, жынысы, ұлты, саяси көзқарасы үшін айыптау немесе оның сотталуы мүмкін деп болжам туындағанда да қайтарылмайды», деді М.Ахметжанов.

Бұдан кейін екі ел арасындағы сотталған адамдарды беру туралы мәселе қаралды. Бас прокурор орынбасарының сөзіне қарағанда, құжат Конституция бекіткен мемлекеттің шетелде жүрген азаматтарын қорғау міндетін орындауға бағытталған. «Елімізден тыс жерде қылмыстық жауапқа тартылып, сотталған азаматтарға туған жерінде жазасын өтеуге мүмкіншілік береді. Құжаттың келесі тағы бір маңызы, туған-туыстарынан қол үзбей, әлеуметтік қайта бейімдеуге оң ықпал етеді. Сондықтан Бас прокуратура шетелде қылмыстық жауапқа тартылған азаматтарды қайтарып, елімізде жазасын өтеуге жағдай жасайды. Сотталғандарды беру үшін ол адам екі елдің бірінің азаматы болуға тиіс. Екі елде де қылмыс болып саналатын әрекет үшін сотталса, жазасын өз елінде өтей алады. Сонымен қатар сотталған адамның жазбаша келісімі керек. Бұдан бөлек құжатта сотталған адам берілмейтін жағдайлар айқындалған», деді М.Ахметжанов.

Сондай-ақ қылмыстық істер бо­йын­ша өзара құқықтық көмек туралы шарт та ратификацияланды. Құжат екі елдің қылмысқа қарсы күрестегі ынты­мақ­тастығының тиімділігін арттырады. «Шарт қылмыстық саладағы өзара көмек беруді көздейді. Негізінен, күдікті мен айыптының кінәсін дәлелдеуге бағытталған тиісті әрекеттерді қамтиды. Осы ретте екі елдің құзырлы органдарына тергеу амалдарын жүргізуге құқықтық көмек береді. Құжатта қамауда отырған адамдарды уақытша беру, тінту, заттарын тәркілеу, сараптама жүргізу, жауап алу, ақпарат және басқа тергеу амалдары қамтылған. Бұл келісімде көрсетілген барлық тергеу әрекеттері біздің заңнама­мызда бар. Шарт құқықтық көмек көр­се­туден бас тарту үшін негіздерді де көз­дейді. Құжатты ратификациялау екі елдің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арт­тыруға мүмкіндік береді. Шарт міндетті түрде ратификациялауға жатады, өйткені ол адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты. Жалпы, еліміз осындай шартты 27 мемлекетпен бекітті. Оның арасында Қытай, Ұлыбритания, АҚШ секілді елдер бар», деді М.Ахметжанов.

Депутаттар екінші оқылымда Әкі­м­шілік құқық бұзушылық туралы кодекс­ке және сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы заңға түзету енгізу туралы заң жобаларын мақұлдады.

«Заң жобасында Жоғарғы соттың жұмыс істеп тұрған мамандандырылған сот алқасын тарату және әкімшілік істер бо­йынша сот алқасын құру ұсынылады. Об­лыстық соттарда да тиісті сот алқа­лары құрылатын болады, бұл өңір­лер­де істерді бөлуге байланысты үнемі өзге­ріп отыратын жағдайға уақтылы ден қоюға мүмкіндік береді. Заң жобасын­да ұсынылып отырған нормалар әкімшілік әді­летті енгізудің бастапқы кезеңінде жүк­темені тең бөлуге, сондай-ақ әкім­шілік құқық бұзушылықтар мен жария даулар туралы істерді қарау жөніндегі сот практикасының аражігін ажыратуға мүм­кіндік береді», деді депутат Қанат Мусин.

Отырыс барысында депутаттар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне уран өндіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасына Сенат енгізген өзгеріспен келісті.

Сондай-ақ жалпы отырыста Мәжіліс­тің комитеттері бірнеше заң жобасын жұмысқа алды. Атап айтқанда дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу инс­титуттарын дамыту мәселелері, ЕАЭО туралы шартқа Арменияның қосылуы ту­ралы хаттаманы ратификациялау, сон­дай-ақ ЕАЭО туралы шартқа Қырғыз Рес­пуб­ликасының қосылуына байланыс­ты бірқатар халықаралық құжатты ра­ти­фикациялауға қатысты заң жобалары бар.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік орган басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.