• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 25 Ақпан, 2021

Отандық фармацевтика – дәрі-дәрмек қауіпсіздігінің кепілі

920 рет
көрсетілді

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің барысында коронавирус пандемиясы жағдайында Қазақстандағы экономикалық және инвестициялық белсенділікті қалпына келтіру жөніндегі шараларды қарастыра отырып, отандық фармацевтика саласын дамыту аясында 2025 жылға қарай өндіріс үлесін 50%-ға дейін ұлғайту көзделгенін айтты. Президент медициналық жабдықтар өндірісі белсенді дамып келе жатқанын атап өтіп, аталған саланың инвестициялар үшін ашық екенін және мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Әлбетте, Қазақстанда бұл мақсатқа қол жеткізудің кілті бар. Бұған елдің ішкі өндірістік әлеуеті ғана емес, сондай-ақ дамудың оң серпіні бар әлемдік фарма­цевтикалық нарықтың шынайы көрсет­кіштері де дем беріп отыр. Жаһан­дық талдау бойынша, әлемдік фар­мацевтикалық нарықты тұрақты дамып келе жатқан және пандемия жағ­дайында белсенді өсуді көрсететін біре­гей нарыққа жатқызуға болады. Яғни фармацевтика өнеркәсібі мен шешім қабылдау процесін жеделдететін жағдай қалыптасты.

«СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиевтің айтуынша, Covid-19-ға дейін де баға қысымы, нәтижелерге бағдарлану, дәрілердің күрделі қоржындары және қатаң нор­мативтік орта сияқты мәселелер болды. Дегенмен, аталған түйткілдермен бірге өзгерістер мен мүмкіндіктер пайда болады. Бұл ретте фармацевтика саласы болашаққа икемді түрде бейімделетіні анық.

Fortune Business Insights сарапшыла­ры­ның пікірінше, былтыр әлемдік фар­ма­­цевтика өнеркәсібінің құны 1,12 трлн­ долларды құрады, ал 2023 жыл­ға қарай 1,57 трлн долларға жетпек. Атап айтқанда, қатерлі ісікке, диабет­ке және ревматизмге қарсы дәрі-дәр­мек өндірісінің жылына 12%-ға ұл­ғаюы есебінен орташа жылдық өсу қар­қынының 6%-ға оң үрдісі байқалады. Фар­мацевтика секторының табысы мен кірі­сінің ІЖӨ-ге әсері де артып келеді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша, сатудың жалпы көлемі 2 трлн доллардан асты. Бұл әлемдік ІЖӨ-нің шамамен 1,4%-ы. 116 елдің экспортталатын дәрілерінің жаһандық сатылымы 392,9 млрд долларды құрады. Халықтың фармацевтикалық салада жұмыспен қамтылуы 4,4 млн адамға, яғни Жер шарының еңбекке қабілетті халқының 0,1%-ына жетті. Сонымен бірге ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция­лар 150 млрд доллардан асты, бұл рет­те нарық кірісінің 20%-ы R&D-орта­лықтарын әзірлеуден құралады, соның нәти­жесінде жыл сайын 30-дан астам жаңа молекула жаһандық нарыққа шыға­ды.

IQVIA халықаралық талдау ком­паниясының деректері бойынша, әлемдік фармацевтикалық нарықтың жал­пы құнының 79,5%-ын үздік 10 ел анықтайды. 2019 жылдың қорытын­дысында рейтингті нарық көлемі 501,2 млрд долларды құрайтын АҚШ бас­тады. PharmaBoardroom және Evaluate Ltd. сияқты фармацевтикалық нарықты зерттеудің беделді көздерінің дерегіне сәйкес, BigPharma үздік 10 компаниясының сатылымы әлемдік фармацевтикалық нарық құнының 35%-ын құрады. Рецептік дәрілерден және R&D шығындарынан жылдық кірістің жалпы көрсеткіші осы компаниялардың бірлесіп нәтиже шығару және инвестицияларды қолдау қабілеті келешегі бар инновацияларды бекітілген емдеу әдістеріне айналдыруға көмектеседі. Шын мәнінде, жетекші фармацевтикалық компаниялар дәрі сату көлемінің 20,8%-ына дейін жаңа дәрілерді әзірлеуге қайта инвестициялайды.

Сондай-ақ фармацевтикалық өнер­кәсіпті белсенді мемлекеттік қолдау бір­қатар дамушы елдерге, ең әуелі Үндіс­тан мен Қытайға ішкі нарықты қор­ғауға ғана емес, сыртқы нарыққа сәтті шы­ғуға да мүмкіндік берді. Қытайдың фар­­мацевтикалық нарығында меншікті өнді­рушілердің үлес салмағы 70%-ды, Үндістанда 80%-ды құрайды. Бұл елдердің әлемдік нарықтағы рөлінің өсуіне мемлекет белсенді ықпал етті. Осылайша, жаһандық фармацевтикалық нарықтағы үнді және қытай компания­ларының үлесі 2007 жылдан бастап 2019 жылға дейін 6,5%-дан 9,4%-ға дейін өсті. Соңғы жылдардағы ең қар­қынды дамып келе жатқан нарық – Қы­тай мен Оңтүстік Корея елдерінде. Қы­тайдағы дәрілер өндірісі мен сапасын орта­лықтандыруға баса назар аудару (GMP) 800 инновациялық молекуланың меншікті зерттеуін қамтамасыз етуге, 20 жаһандық өндірушіні тартуға және фармацевтикалық өнімдер айналысының халықаралық стандарттарына толық көшуге мүмкіндік берді. Оңтүстік Корея ғылымның перспективалық бағыттары саласындағы инновациялық даму, био­симилярлар өндірісін оқшаулау мем­лекеттік және жеке капиталды тарту жолымен жүріп, елге үздік халықаралық мамандарды жұмылдырды.

Елімізде коронавирус пандемиясы­на байланысты карантин жария­лау және өткен жылдың жазында бастал­ған індеттің алғашқы толқыны фарма­цев­тикалық нарықтың жалпы көрінісіне айтар­лықтай әсер етті. Мәселен, IQVIA халықаралық талдау компаниясының деректері бойынша, бөлшек сауда мен ТМККК үшін сатып алуды ескере отырып, қазақстандық фармацевтикалық нарықтың құны 2020 жылдың 11 айының қорытындысы бо­йынша жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 22%-ға өсті. Бұл ретте бөлшек сегментте фарма­цев­тикалық өнімді сату көлемі 18%-ға ұлғайды.

2020 жылы нарықтың оң серпінінің негізгі факторы – дәрілік заттарға сұра­ныстың күрт артуы, құнының өсуі және жаңа дәрі-дәрмектердің пайда болуы. Пандемияға байланысты нарық­та коро­навирустың алдын алуға, салдарымен күресуге көмектесетін көп­теген жаңа дәрі-дәрмек пайда болды. Әдетте жаңа дәрілер нарықта ұзақ мер­зім ішінде пайда болады, бірақ пандемия жағдайында мерзім айтарлықтай қыс­қарды, бұл дәрі-дәрмектердің өзіндік құ­нына да әсер етті.

– Егер 2019 жылы отандық өндіруші­лердің ақшалай мәндегі үлесі 14%-ды құраса, 2020 жылдың қорытындысы бо­йынша бұл көрсеткіш елдің жалпы фар­мацевтикалық нарығының 16%-ына дейін өсті. ОТӨ (отандық тауар өндірушілер) өндірісінің құндық мәнде 2019 жылмен салыстырғанда 39%-ға ұлғаюы байқалды (бюджет сегментінің 48%-ға, бөлшек сауданың 28%-ға өсуі). Өз кезегінде, фармацевтикалық индустрияның өндіріс көлемін артты­руда «СК-Фармация» маңызды рөл ат­қарады. Өйткені отандық тауар өндіру­шілер мен кәсіпкерлік бастамаларды дамыту мәселелері – Бірыңғай дистрибьютор қызметі басымдықтарының бірі. Он жылдық кезеңде Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алудың 9 есе өсуі байқалады. Бірыңғай дистрибьютордан сатып алынатын атаулар саны 2010 жылғы 804 атаудан 2021 жылғы 1 439 атауға дейін ұлғайып, 1,8 есе өсімді құрады. Сатып алу рәсімдерінің қоры­тындысы бойынша ағымдағы жылы сатып алудың жалпы көлеміндегі үлес мөл­шері бойынша бірінші орын отандық өнімге, екінші орын неміс өніміне тие­сілі, – дейді Е.Есқалиев.

Отандық зауытта өндірісті іске қосу – ішкі нарықты қажетті дәрі-дәрмекпен тез және тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Экономикалық нәтиже де айқын – отандық өнімнің құны шетелдік өнім­нен 40%-ға төмен. 2020 жылы сатып алу­дың жалпы көлемінде отандық та­уар өндіру­шілердің үздік 10 үлесі 87,4%-ды құра­ды. Бұл ретте «Нобел АФФ» және «Химфарм» компанияларының үлесі 60%-ды құрайды. Сондай-ақ бұл екеуі мен «Kelun-Kazpharm» – экспортқа бағдарланған компаниялар. Ал «Абди Ибрахим», «Нобел АФФ», «Dolce» компанияларында жергілікті қамтудың үлесі 80%-дан асады. Жалпы, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы өсуінің негізгі драйверлерінің бірі – фармацевтика (47%). Бұл ретте, ІЖӨ-дегі фармацевтика өнеркәсібінің үлесі 0,45%-ды құрады.

Отандық фармацевтикалық дәрі-дәрмектер өндірісі өсуінің негізгі ынталандырушысы – мерзімі 10 жылға дейінгі ұзақ мерзімді шарттар жасасу бағдарламасы. Бүгінгі таңда 35 отандық тауар өндірушімен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 4 895 ата­уын жеткізуге жасалған 89 ұзақ мерзімді шарт әрекет етеді. Оның ішінде 42 ұзақ мерзімді шарт дәрілерге және 47 ұзақ мерзімді шарт медициналық бұ­йымдарға жасалған. Сатып алу бо­йын­ша жүргізілген келіссөздердің қоры­тындысында 2021 жылға ұзақ мерзімді жеткізу шарттары арқылы сатып алуды алдын ала үнемдеу 5,7 млрд теңгеден асты.

Сонымен қатар отандық өндірісті қол­дау саясатына қарамастан, нарықтағы ОТӨ үлесі құндық мәнде 17%-ды құрады, бұл өндірушілердің қоржынын тиімділігі төмен және негізінен генерикалық дәрі-дәрмектер ұсынылған ретінде сипаттайды. Ал ДДҰ ұсынымы бойынша, елдің ұлттық дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұл көрсеткіш ақшалай мәнде кемінде 30% болуы тиіс.

Отандық фармацевтикалық нарық­тың импортқа тәуелділігінің негізгі мәсе­ле­лері ғылымның, өндіріс пен білім­нің әлсіз бірігуі, отандық ғылыми әзір­лемелердің коммерцияландыру және тәжі­рибеге бағдарлану дәрежесінің тө­мен­дігі, жоғары мамандандырылған тар бейінді мамандардың тапшылығы және т.б.

«СК-Фармация» ЖШС басшысы Е.Есқалиевтің айтуынша, саланы дамы­тудың маңызды мәселесі – дәрілік зат­тар үшін шикізат өндіру. Алайда Қазақ­станда негіздердің жеке өндірісі жолға қойылмаған. Дәрілік шикізатты өндіру үшін еліміздің бай флорасына қарамастан, дәрілік өсімдіктердің таралуы мен өсуінің экологиялық жағдайы аз зерттелген, көп­­теген түрдің қазіргі жағдайы туралы мәлі­меттердің жеткіліксіздігіне байланыс­ты шикізат қорының ресурстану сипаттамасы жоқ. Нәтижесінде, ресми медицина үшін ши­кізат ретінде Қазақстанда бар 6 мың түр­дің 50-ге жуығы ғана пайдаланылады.

Дегенмен, IQVIA болжамы бо­йын­ша, 2024 жылға дейін қазақстандық фар­мацевтикалық нарықтың 10%-ға өсуі күтілуде. Бұл ретте бюджет сегментінің оң серпіні амбулаториялық секторда қым­бат тұратын өнімдерді, атап айтқанда онкология мен қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді сатып алуды ұлғайту есебінен 13%-ға дейін күтіледі. Бөлшек сектордың өсуі негізінен қымбат түпнұсқалық дәрі-дәрмектерге сұраныс есебінен 9%-ға дейін күтіледі. Бірыңғай дистрибьюция жүйесі арқылы сатып алынатын дәрі-дәрмектер тізбесін саралау жергілікті өндірушілер қамтымаған дәрілер мен медициналық бұйымдардың 367 атауының 41-і ең жоғары бағаны құрайтынын көрсетті. Яғни вакциналар, қан факторлары, диабетке қарсы, он­кологияға қарсы дәрі-дәрмек бағасы мен көлемінің арақатынасы мемлекеттік арналар арқылы өткізуде барынша пайда әкеледі және инвесторлар үшін неғұрлым тартымды болуы мүмкін.

Өткізілген кездесулердің қорытын­дысы бойынша және отандық фармацев­тикалық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар жасасудың он жылдық тәжі­рибесіне сүйене отырып, «СК-Фар­мация» және «Kazakh Invest» меморандумы шеңберінде әлеуетті инвесторлар үшін қажетті барлық ақпаратты үш тілде «бір терезе» қағидаты бойынша қамтитын Investment guide book жол­көрсеткіші әзірленді. Бұл ақпараттық өнім «СК-Фармация» және «Kazakh Invest» интернет-ресурстарында қазірдің өзінде қол­жетімді.

Осылайша, жаһандық және жергілікті нарық трендтерін ескере отырып, саланы дамытудың неғұрлым келешегі бар сценарийі Ресей, Қытай, Үндістан, Өзбекстан және Оңтүстік Корея тәжі­рибесі негізіндегі қоспалы үлгі болып отыр. Оның тиімділігінің негізгі көр­сеткіші отандық өндірушілердің үлесін ұлғайту болатын, құны жоғары фар­мацевтикалық өнімдерді өндіру арқылы ұлттық дәрілік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған

– Бұл үлгінің негізгі бағыты – ғы­лым, білім беру және әрекеттегі фар­мацевтикалық өндіріс арасында тығыз өзара байланысты қалыптастыру және сақ­тау. Бұл іргелі ғылымның дамуына серпін береді және Қазақстанның ғылы­ми мұрасын нығайтады. Им­портты алмас­тыратын дәрілік заттар өндірісін құруға және тиімді патенттік зерттеулерді ынталан­дыруға бағытталған ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс­тарға қолдау көрсету мүмкіндігін қарастыру қа­жет. Іс-шараларды іске асырудың тиім­ділігі жоғары білікті кадрлар пулын қалыптастыру және іргелі ғылыми негізді дамыту болмақ. Өн­дірісті іске қосуға бастапқы шы­ғын­дар, өндірілетін дәрілер мен ме­ди­циналық бұйымдардың жоғары өзін­дік құны және экспортқа төмен бағ­дарлану да өз шешімін талап етеді. Бұл үшін фармацевтикалық индустрия­ны Қазақстан экономикасының басым салаларына қосу қажет. Мемлекеттік қол­дау шараларын күшейту және бизнес үшін қолайлы инфрақұрылым құру мақ­сатында дәрілік заттар мен  шетелде тір­кеуге арналған шығындарды өтеу бағдарламасы, тікелей шығындарды өтеу тетігі және инвестициялық шығын­дарды өтеу, сондай-ақ экспорт кезінде са­лықтық жеңілдіктер мен кеден­дік жеңілдіктер беру қажет, – деді «СК-Фармация» ЖШС басшысы.