• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 25 Ақпан, 2021

Құлағының мүкісінен құтылғанына қуанышты

3618 рет
көрсетілді

Мұхтар бар болғаны 32 жасында сол құлағынан айырылып, оң құлағымен ғана еститін болған.

«Жеті жасымда құлағым отит болып ауырған. Ауруханада 20 күндей ем алып шыққаным бар, – деп есіне алады Мұх­тар. – Бірақ сол кезде құлағымды соңына дейін емдемепті, кейін сол құла­ғым біртіндеп нашар ести бастады. Өзім­нің туған қалам Қызылорда және Алматы, Ас­тана қалаларындағы көптеген дәрігерге қарал­дым. Тіпті Германиядан келген дәрі­гердің де консультациясына барып, талдауларым­ды Түркияға жібергенмін. Барлық жерден алған жауабым бір болды: «Арада көп уақыт өтіп кеткен, есту қабілетін қайта қал­пына келтіру мүмкін емес». Маған тимпано­склероз, отосклероз деген диаг­ноздар қойылды. Мен ендігі оған да көнген едім».

Бірақ былтыр Мұхтар өзіне көмек қолын соза алатын дәрігерлерді іздеуді қайта бастайды. «Интернеттен дәрігер Талапбек Әженовті тауып алдым. Ол туралы көптеген жағымды пікірлер жазылыпты, – деп жалғастырды Мұхтар. – Мен бірден ол кісіге хат жазып, барлық талдауларды жібердім».

«Қарап көру керек: есту қабілетін қайта қалпына келтіру мүмкін сияқты». Осы сөздерді естіген Мұхтар бірден тек­серілуге келуге шешім қабылдайды: «Консультация кезінде Талапбек Мұрат­ұлы жүйкенің бүтін екенін және есту қабі­летін қалпына келтіруге мүмкіндік бар еке­нін айтты. Мен операцияға келісе кет­тім».

2021 жылдың 2 ақпанында Мұхтарға операция жасалды, операция барысында ол бірден есту қабілетінің жақсарғанын сез­ген: «Маған операцияны жергілікті нар­козбен жасады, ұйықтамай, бәрін сезіп жат­тым. Дәрігерлер құлағыма имплант­ты сал­ған бойда, қайта ести бастадым. Бұ­рын-соңды мұндай болмаған: мен бұлай есті­мегелі көп болған еді. Соңғы нәти­жесі дәкені шешкеннен кейін белгілі бола­ды, деген­мен ести бастағанымды іш­тей сезе­мін», дейді қуанышын жасыра алма­ған па­циент.

Дәрігер-оториноларинголог, Прези­дент­тік клиниканың №1 хирургиялық бөлім­шесінің меңгерушісі Талапбек Әже­нов­тің айтуынша, Қазақстан бо­йынша мұндай жағдайлар өте көп: «Өкінішке қарай, толық тексеріл­мегендіктен мұндай пациенттер сирек емес. Оларға кемінде екі сараптама жүр­гізу қажет: аудиометрия және им­педан­сометрия. Егер бірінші зерттеу құлақ­тың естігіштігін көрсетсе, екіншісі есту сүйектерінің жарылуы немесе құлақ жарғағындағы ақаудың бар-жоғын анықтайды. Мұхтардың құлақ жарғағын тексеру кезінде есту сүйекшелері тізбегінің бүтіндігі бұзыл­ғанын анықтадық. Қалыпты жағдайда бұл сүйекшелер жанасып тұруы керек, олар дыбысты естуге көмектеседі. Мұх­тарда келесі жағдай орын алған: төстіктің лентикулярлық өскіні үзеңгімен қосылмай тұрған. Сондықтан да құлақ естімеген. Айтпақшы, ешқандай склероз табылған жоқ».

Талапбек Мұратұлы операция жайлы да айтып өтті: «Бұл операция, оссикулопластика – «зергерлік операция». Ол жергілікті наркозбен жасалады. Бұл Мұхтарда болған жағдайдағыдай, дәрі­герлерге манипуляцияның әсерін опера­ция кезінде бірден көруге мүмкіндік береді. Осыған ұқсас операциялар жалпы нар­козбен жасалады: пациент ұйықтап жатқандықтан, біз манипуляцияның әсерін бірден «дәл сол сәтте» бағалай алмаймыз. Сондай-ақ бұл операция құлақтың артын аздап тіліп қана жасалады. Оның орнына біз операцияны эндауральды түрде, яғни құлақтың ішінде жасаймыз. Бұл әдіс кезінде құлақ жарғағында бірнеше кішкене тесік жа­салады. Осыдан кейін қарап отырып, жыртылған жерді анықтап, есту сүйек­шелерінің тізбегін қалпына келтіре аламыз».

Талапбек Мұратұлының айтуынша, мұндай операция есту қабілетінің кон­дуктивтік жоғалуы орын алған көп­теген жағ­дайда жасалады. Бұл дыбыстың өтуіне кедергі келтіретін есту қабілетінің бұзылуы. «Құлақтың естуіне қатысты проблемалары бар барлық адамды тексеруге, есту қабілетін қайта қалпына кел­­тіріп көруге болады. Біз әрдайым па­циенттерімізге көмектесуге тырысамыз, нақты проблемасын анықтап, оны шешуге тырысамыз», деп әңгімесін аяқ­таған Талапбек Мұратұлы пациентіне тез сауығып кетуін тіледі.