• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Оқиға 25 Ақпан, 2021

Ардан аттаған алаяқтар аңқау елді сан соқтырып жүр

547 рет
көрсетілді

Толғауы тоқсан, қым-қуыт тірлігі мол бүгінгі қоғамда ардан аттап, адал жандарды алдап жүрген алаяқтар аз емес. Мәселен, облыстық соттың баспасөз қызметі мәлім еткендей, соңғы жылдары сот өндірісінде қаралатын қылмыстық істің көбі алаяқтыққа байланысты болып отыр. Өйткені алаяқтар «Аңқау елге арамза молданың» керімен алдап-арбаудың алуан тәсілін меңгеріп алған.

– Статистикаға сүйенсек, алаяқ­­тық әрекет көбейіп отыр. Азаматтар алаяқтардан сақ­тан­бай, көңілі қалағанын заң­сыз жол­мен алу үшін әп-сәтте сақ­та­нудың қажет екенін ұмытып кетеді. Сондай істердің бірі №2 Атырау қалалық сотында Қыл­мыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған аза­матшаға қатысты қаралды. Сот­та күдіктінің материалдық жағ­­дайын жақсартуды көздегені анық­талды. Осы мақсатын іске асыру үшін алаяқтық ниетпен жәбір­ленушінің сеніміне кіріп, банк­тен 50 млн теңге несие алып беремін деп жалған айтқан. Сөй­тіп танысының 2 млн 300 мың теңгесін иемденіп алған, – дейді об­лыстық соттың баспасөз хатшы­сы Боранбай Ғалиев.

Сот отырысында күдікке ілін­ген азаматша кінәсін мойындап, процестік келісім жасауға өті­ніш білдіріпті. Бірақ сот үкі­мі­мен күдікті тағылған айыпқа сәй­кес кінәлі деп танылыпты. Де­ген­мен, алаяқтық әрекеті д­әлел­ден­ген азаматшаның онша ауыр емес санаттағы қылмысты жаса­ғаны ескеріліп, 1 жыл мер­зімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталды. Ал жәбір­лену­шінің азаматтық талабы қанағат­тандырылды.

Бұл – сотта қаралған көп іс­тің бірі. Облыстық полиция де­партаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Болат Көшқалиевтің мәліметін­ше, былтыр өңірде 1230 алаяқтық қылмысы тіркеліпті. Рас, алдың­ғы жылмен салыстырғанда, 59 қылмысқа немесе 4,6 пайызға төмендеді. Алаяқтық қылмыстың арасында интернет желісінде жасал­ған 640 дерек бар. Бұрнағы жылы осындай 466 дерек тіркелгенін ескерсек, мұндай қыл­мыстық әрекет 37,3 пайызға өсіп отыр.

– Полиция департаментінің қыз­меткерлері интернеттегі алаяқ­тық қылмыстардың алдын алу үшін үш арнайы бейнеро­лик дайындап, әлеуметтік желі­лер арқылы таратылды. Соны­мен қатар, тұрғындар көп шоғыр­ланатын орындар мен қоғам­дық автокөліктерге буклеттер ілініп, интернет алаяқтықтан сақтанудың жолдары насихатталып келеді, – дейді Болат Көш­қалиев. – Өйткені интернеттегі алаяқ­тықтың көп кездесетін түрі – пәтерді жалға беру, онлайн несиелер рәсімдеу, «Доход­ный бизнес», «Колеса КЗ» парақша­ла­рында автокөліктің қосалқы бөлшектерін сату, жұмысқа орналас­тыру. Бұған қоса, алаяқ­тар Instagram, Facebook, Olx парақ­шаларында түрлі киім-кешек сату, ұтыс ойындарын ой­­нату, жұмысқа орналас­ты­ру, ақ­­шаны екі есе көбейтіп бе­ру жө­нінде жарияланған жарнама­мен алдайды.

Оның айтуынша, осындай жал­ған мазмұндағы жарнамаға алданған 122 дерек анықталыпты. Ал OLX.kz-те пәтерді жалға беру немесе сату, ұялы телефон, ноут­бук секілді электроникалық заттарды, тон, былғары тон және өзге де киімдерді сатуға қатысты 89 дерек тіркеліп отыр. Kolesa.kz сайтында автокөліктерді немесе олардың бөлшектерін сататын 62 жалған ақпарат жарияланыпты. Krisha.kz-те – 7, WhatsApp мес­сенджерінде түрлі чаттар ашып, ақшаны екі есе көбейтіп бе­руге уәде еткен – 98, Telegram-да – 8, Вконтакте парақшасында – 14, Qiwi әмиянда 57 дерек тіркеліпті. Тіпті микрокредиттік ұйымдар арқылы басқа тұлғаның атына 16 несие рәсімделіпті. Бұлар­дан өзге интернет желісінде алаяқтық жасау бойынша 167 дерек белгілі болып отыр.

– Алаяқтық қылмысқа қатыс­ты қиын мәселенің бірі – орта дәрежедегі алаяқтық қылмысын жасаған қылмыскерлердің қо­ғам­нан оқшаулауға жатпайтын негізбен жауапкершілікке тар­тылуы. Ішкі істер министр­лігі осыны ескеріп, Бас прокура­тураға Қылмыстық кодекстің 190-бабындағы «бірнеше мәр­телік» белгісін ауыр қылмыс сана­­тына жатқызу бөлігіне өзге­ріс енгізу туралы ұсыныс берді. Осыған орай 2019 жылғы 21 қаң­тарда Қылмыстық кодекс­ке өз­геріс енгізіліп, сол жылғы 2 ақ­панда заңды күшіне енді, – дейді Б.Көшқалиев.

Қоғам болған соң қылмыс жа­сал­май тұрмайды. Алайда, қыл­мыс­тың алдын алудың пәрмені қан­дай? Полиция департаменті бас­шысы орынбасарының айтуына қарағанда, былтырғы ақпан, тамыз, қазан айларында облыс аумағында ақпараттандыру және байланыс саласындағы құ­­қық бұзушылықтардың жолын кесу, ашу, сондай-ақ, еркін айна­лымда тыйым салынған өнім­дерді заңсыз даярлайтын, кө­бейтетін, тарататын адамдарды анықтау мақсатында жедел-про­филактикалық іс-шаралары жүргізіліпті. Алайда, тіркелген қылмыстық істердің ашылуына кедергі келтіріп отырған жайт та бар. Мәселен, алаяқтық қылмысы аны­қталған күдіктілердің кейбі­рі еліміздің өзге облыстары­нан, тіпті көршілес Ресей Фе­дера­­ция­сынан болып отыр. Был­тыр ел аумағында төтенше жағ­дайдың енгізілуіне байланыс­ты іссапарларға шығуда қиындықтар кездесіпті.

– Былтыр алаяқтық құ­қық бұзу­шылық жасағаны үшін 208 күдікті қылмыстық жауапкер­шілікке тартылды. Оның ішінде 85 күдіктіге қатысты қозғалған қыл­мыстық істер сотқа жолдан­ды. Ал 123 адамға қатысты қыл­мыс­тық істер ақталмайтын негіз­дер­мен тоқтатылды, – дейді Б.Көшқалиев.

«Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, алдау-арбаумен «табыс» табатын алаяқтардың араны ашылып барады. Алаяқтар құр­банын аз ақшаға емес, миллиондарды құрайтын қаржыға «отырғызады». Мәселен, полиция қызметкерлеріне был­тырғы 22 желтоқсанда Атырау қа­ла­сының 29 жастағы тұрғыны алаяқ­қа алданғаны туралы шағым түсіріпті.

– Шағымданушы 3 бөлмелі пәтер алып беремін деген 38 жас­тағы азаматшаның сөзіне сеніп, 2 млн теңге қаражатын берген. Нәтижесінде пәтерден де, ақша­сын қайтарудан да үмітін үз­ген жәбірленуші алаяқтың торы­на түскенін аңғарған. По­ли­ция қызметкерлері жедел-тер­геу іс-шарасын жүргізіп, атал­ған қыл­мысты жасады деген кү­дік­пен 38 жастағы азаматшаны ұстады. Қазір күдіктіге қа­тыс­ты Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, – дейді полиция департаменті бас­пасөз қызметінің өкілі Гүл­нәзира Мұқтарова.

Жалпы, былтыр алаяқтық қылмысынан тек аса ірі мөлшерде келтірілген залал түріне қатысты 10-ға жуық дерек тіркелді. Мәсе­лен, сол жылғы ақпанда өңір поли­цейлері салымшыларды ал­да­ған «НұрАлиКапитал» ЖШС құ­рылтайшысына халықаралық із­деу жариялаған екен. Ал маусымда күдікті Алматы қаласында ұсталды.

Желтоқсанда Полиция де­пар­­та­ментіне тұрғындардан жа­уап­кершілігі шектеулі серік­тестіктердің бірінің директорына қатысты 40-тан астам арыз түсті. Арыз берушілер оның ай сайынғы пайыздық мөл­шер­­­лемемен ақша қаражатын (актив­терді) айналысқа салуды ұсынған алаяқтық әреке­ті туралы шағымданды. Дирек­тор­дың жәбірленушілерге 300 млн теңгеге жуық мате­риал­дық залал келтірілгені анық­­талыпты. Сондай-ақ, поли­ция департаментінің тергеу бас­қармасы «QI-Trade Kazahstan» ЖШС-не қатысты қаржы пирамидасын құру дерегімен қыл­мыстық істі тергеп жатыр.

Міне, Атырауда өзгенің ала жібін аттамаған ақкөңіл жандарды алдап, тақырға отырғызған алаяқтық әрекеттердің бір парасы осылай өріліп отыр. Құ­қық қорғау органдары ардан ат­таған алаяқтарды ұстағанмен, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп, жеңіл табыс табуға құныққан арсыздардың қарасы азаяр емес.

 

Атырау облысы