• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2010

БАҚТЫОРАЗ ҚАЛАЙ ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ АТАНДЫ?

2449 рет
көрсетілді

Ресей Федерациясының бұрынғы прези­денті Б. Ельциннің 1996 жылғы 2 мамырдағы Жарлығымен “неміс-фашист басқыншылары­мен күресте көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін” ұшқыш, капитан Александр Масловқа және оның экипаж мүшелері В. Бала­шовқа, Б. Бей­секбаевқа (құжат­тарында Бахтурас Бейксбаев) және Г. Реутовқа Ресейдің Батыры атағы берілді. Осы қаһармандардың ішіндегі Бақтыораз Бейсекбаев туралы 1995-98 жылдары қазақ баспасөзі, оның ішінде ел газеті “Егемен Қазақ­стан” мен “Ата­мұра” корпорациясының басы­лымы “Сто­личное обозрение” көп жаз­ды. Мы­салы, “Ресей батыры Бахтурас Бейкс­баев” (“Егемен Қазақстан”, 1997 жыл 30 қаңтар, Ар­ғын­бай Бекбосын), “Қаһар­ман қазақ” (“Егемен Қазақстан”, 1998 жыл 7 мамыр, Мейрамбек Төлеп­берген), “Истина близка, еще раз Герое Казах­ста­на и Герое России” (“Столичное обо­з­ре­ние”, 1998 жыл, 26 июнь, Мұхтар Құл-Мұхаммед, кандидат исторических наук) деген тақырыптар екінші дүниежүзілік соғы­сындағы қазақ жауынгерінің еленбей келген ерлігіне жанашырлық танытқан елгезек қауым­­ның назарынан тыс қалмаса керек деп ойлаймыз. 1997 жылы 28 мамырда “Известия” газеті жариялаған “Два капитана”, горькая правда о Гастелло, гастелловцах и о многом другом” деген тақырыппен жарияланған көлемді мақала (Эд. Поляновский) мынандай ащы шындықты жайып салды. Тоқ етерін айтсақ, кеңестік идеология басына көтерген жанкешті ерліктің үлгісін (“таран” – К.С.) тоқсаныншы жылдарға дейінгі ұрпақ жадына түйіп келген атақты Николай Гастелло емес, оның құрдасы, досы, ұшқыш, капитан Александр Маслов жасаған болып шықты. Мақаладан бір ауыз үзінді келтірейік: “26 июня - очередной черный день. Погибло 15 экипажей! Осталось – 12... В этот день на базу не вернулись командиры. Ведомые капи­тана Гастелло, летевшие с ним в паре стар­ший лейтенант Воробьев со штурманом лей­тенантом Рыбасом, прибыв на базу доло­жили, что их командир “направил обья­тый пла­менем самолет в самую гущу танков”. Ведомый же капитана Маслова сообщил, что его самолет “отлетел в сторону леса”. После этих донесений один стал леген­дарним, другой - по сей день никому не из­вес­тен” (“Извес­тия”, 1997 жыл, 28 қаңтар.) дейді-дағыны әскери құжаттан: “По вос­становленной над­пи­си на документе, хранив­шемся в пластмассо­вым футлярчике, который Вы обнаружили при вскрыти братской могилы, было установлено, что данный документ принадлежала ст. сержанту Реутову Григорию Васильевичу. Реутов Г. В. проходил службу в должности воз­душного стрелка-радиста в 207 авиавоздуш­ном полку. ...Вместе с ним на самолете были капи­тан Маслов Александр Спиридонович, лей­тенант Балашов Владимир Михайлович и млад­ший сержант Бейксбаев Бахтурас... п.п. Зав. Административным отделом ЦК КП (б) Белорус­си - Перепелицын” деген деректі келтіреді. “Бір жоқты бір жоқ табады”. Тәуелсіздігін алып, тәубе деп жүрген қазақ елі А. Маслов­тың арқасында (жатқан жерің жәннатта болғыр) белгісіз кеткен батырын тапты. “Жалғыздың жары құдай” деген, А. Маслов пен оның жо­ғары­да аты аталған экипажының ерлік ісін нақ­ты деректермен дәлелдеуде ресейлік әкелі-бала­лы құқық қорғаушылар Василий және Эдуард Харитоновтар қаһар­ман ұшқыштың жесіріне көп көмектесіпті. Тіпті Э.Харитонов Қазақстан Республикасы­ның Президенті Нұрсұлтан Назар­баевқа да хат жазып, А. Маслов экипа­жы­ның бір ұшқы­шы, әуе атқышы, кіші лейтенант Бақ­тыораз Бейсекбаевтың қазақ екенін айтыпты. Парламент Мәжілісінің сол кездегі депутаты, журналист-публицист Арғынбай Бекбосын Ресей басылымы қозғаған осы тарихи “ақтаңдақ” туралы мақалада қазақ батыры Бақтыораз Бейсекбаевтың аты-жөні аталғанын сол күндері Парламентте болған кездесуге келген Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баевқа жеткізіп, ертесіне “Егемен Қазақстан” газеті арқылы: “Сонымен, 56 жыл бұрын қаһар­мандықпен қаза тауып, енді қайта тірілгендей боп отырған бұл батыр ағамыз кім еді? Қайда туып, қайда өсті? Майданға қашан, қайдан аттанды? Туған-туыстарынан кімдер бар?” деп зиялы қауым мен көпшілікке сауал тастайды. Елбасы тапсырма берген соң елдік пен ерлікті ұлықтауға бағытталған осынау игі іске “Егемен Қазақстан” газеті мен “Хабар” агенттігінің ұжы­мы және “Ата­мұра” корпора­циясының пре­зиденті, сол тұс­тағы “Столичная обозрение” га­зе­тінің құрыл­тай­шысы, бүгінгі Мәдениет ми­нистрі Мұхтар Құл-Мұхаммед құл­шына кіріседі. “Сұрай-сұрай Мек­кені де таба­сың” деп баяғы ата-бабаларымыз айтқан­дай, жур­­налистік ты­ным­сыз іс сапарлар мен құжаттарды қопарудың нәти­жесінде бірте-бір­те батыр Бақ­ты­ораз­­дың қайда туып, қайда өс­ке­ні, майданға қа­шан, қай жер­ден аттанғаны, ту­ған-туыстары кім­дер болғаны анықтала бастайды. Назарға іліккен көптеген ұқсас, аттас аты-жөндердің ішінен Алматы облысы, Іле ауданы, Іле ауылының тумасы, 1920 жылы дүниеге келіп, Фрунзе аудандық әскери комис­сариа­тының шақыртуымен 1938 жылы әскер қатары­на аттанған Бақтыораз Бейсекбаев­тың тұлғасы шындыққа жанасымды көрінеді. Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған экспе­дицияның сол тұста жиған-терген деректері бойынша, “кәмпескеге” ұшыраған орташа ғана шаруасы бар Шәпектің артында Бейсекбай, Бақтыораз деген екі ұл мен Несібелі атты бір қызбала қалады да, жанашыр ағайындарының бірі сегіз жасар Бақтыоразды Іле балалар үйіне тапсырады. “Бай-құлақтың” тұқымы деген қуғын-сүргінге түспесін деген қауіппен фами­лиясын әкесі Шәпектің емес, ағасы Бейсек­байдың атына жаздырады. Бірақ Голощекин салған нәубет – қолдан жасалған ашар­шылықтың салдарынан балалар үйі жабылып, жетім бала құдайға қараған бір орыстың үйін паналайды. Батырдың немере ағайыны С. Райымбековтың айтуынша, Рахымбай деген кісі Алматыдан келе жатып Іле өзенінің үстінен өтетін көпірден Бақтыоразды кездестіріп, ағасы Бейсекбайдың іздеп жүргенін айтады. Бақтыораз қуанып кетеді. Бұл қуанышты хабарды “өкіл әкесі” орыс та түсіністікпен қабылдап, Бақтыоразды ағасына жолықтырады. 1938 жылы 18 жасқа толған Бақтыораз жерлестерімен бірге әскер қатарына шақыры­лады. Әскерден келген суреттері де бар екен. “1940 жыл, 4 маусым” деп көрсетілген екі сурет Латвиядан келген. Бұл дерек жоғарыда айтыл­ған капитан А.Маслов экипажына байланысты дәйектермен дәл келеді. А.Масловтың қызы Ира Александровна Гурная (Маслова): “мама говорила – отец летал в Латвию. После присоединения. Есть дома вещественные доказательства. Папа купил в Риге небольшой ковер. Это четко помню” депті. Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған экспе­дицияның індете зерттеуі бойынша мынандай деректер де анықталған. Мысалы, оқиғаға куә болған М. В. Соколов: “Мне было тогда 12 лет. В этот день пас коров. Послышался гул самолетов. Со стороны солнца к перекрестку дорог, по которым двигались танки, машины и мотоциклы, идут два бомбардировщика. Немецкая зенитная батарея открыла огонь. Один из самолетов загорелся и начал снижаться. Второй пошел дальше. ...В первый день по-боялся подойти. Думал, вдруг там какое-нибудь взрывное устройство. На второй день не вытерпель – сбегал, посмотрел. Развороченный самолет, кровавые останки. Через несколько дней там же захоронили” (“Столичное обозрение”, 1998 жыл, 5 маусым) дейді. Кейін осы жерді қазып, зерттегенде Николай Гастеллоның емес, керісінше Алек­сандр Масловтың экипажына тән заттар табы­лады. Олар: күнге қарсы киетін көзәйнек, бәкі, капитан А. Масловтың жазу үстелі мен пәтері­нің кілттері және Григорий Реутовтың жауын­герлік медальоны мен басқа да бұйымдары. Әлбетте, ерлік ізімен өткен бұл ізденістің барысын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та үнемі назарда ұстап отырғаны белгілі. “Ораза-намаз тоқтықта”, белгісіз батырды анықтаймыз деп әуре болғанша, мынау елге түскен қиындықтан шығу­дың қамын жасаңдар” немесе “Гастелло кім, Маслов кім?” деген тұрғыда тыйып тастаса қайтер еді. Бірақ Президент олай еткен жоқ. Харито­нов­тың хатын қаперге алып, Бақтыоразды іздеу­шілердің экспедициясын қолдады. Сол қолдаудың арқасында, “Егемен Қазақстан” газеті, “Хабар” агент­тігі, “Столич­ная обозрения” басылымдары­ның басшылары мен журналистері аянбай еңбек етіп, тарихи “ақтаңдықты” анықтауға қазақстан­дықтар атынан үлкен үлес қосты. Батырын іздейтін, бағыланын жоқтайтын Елбасы мен Елі бар екенін ресейліктерге дәлелдеді. Тарланымыз “таран” жасаған жерді көріп, әруағына құран бағыштап, сол оқиғаға куә болған адамдармен, қаза тапқан батырдың туған-туыстарымен тілдесті. Міне, сөйтіп, орта шаруа болса да “бай-құлақсың” деген асыра сілтеудің семсері жанын қиған Шәпектің ұлы Бақтыораз Бейсекбаев туған елі тәуелсіздік алғаннан кейін, 1998 жылы 7 мамыр күні Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың Жарлығымен “Халық Қаһарманы” атағына ие болды. “Өлген тірілді, өшкен жанды” деген осы. Ол кезде Жеңіске 53 жыл толған болатын. Одан бері, міне, 12 жыл өтті. Ендеше, тәуелсіз ел тұлғалары таныған батыр Бақтыораз Бейсекбаев есімін Жеңістің 65 жылдығы қар­саңында тағы бір еске алып қойғанның еш артықтығы бола қоймас. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.