Қазақстан егемен ел ретінде дамудың алғашқы күндерінен бастап жаһандық деңгейде де, өңірлік деңгейде де жауапты саясат жүргізіп келеді. Қазақстанның барлық бастамалары, Президентіміз ұйытқы болған бастамалар әлемдік қоғамдастық тарапынан кеңінен қолдау тапты.
Еліміз өзінің шешімдерімен және белсенді қызметімен жаһандық және өңірлік қауіпсіздікке орасан зор үлес қосуда десек, артық айтқандық емес. Осындай саясаттың нәтижесінде әлемдік қоғамдастық Қазақстанды сенімді саяси әріптес ретінде мойындап отыр.
«Жетінші қазынамыз: Қазақ елінің абыройын асқақтатып, бүкіл әлемді мойындатқан жаһандық жауапкершілігі мен барша адамзаттық бастамалары».
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,
Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты
жиында сөйлеген сөзден.
Қазақстан егемен ел ретінде дамудың алғашқы күндерінен бастап жаһандық деңгейде де, өңірлік деңгейде де жауапты саясат жүргізіп келеді. Қазақстанның барлық бастамалары, Президентіміз ұйытқы болған бастамалар әлемдік қоғамдастық тарапынан кеңінен қолдау тапты.
Еліміз өзінің шешімдерімен және белсенді қызметімен жаһандық және өңірлік қауіпсіздікке орасан зор үлес қосуда десек, артық айтқандық емес. Осындай саясаттың нәтижесінде әлемдік қоғамдастық Қазақстанды сенімді саяси әріптес ретінде мойындап отыр.
Мұндай халықаралық мойындау – мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтуға ықпал ететін елеулі факторлардың бірі.
Бұл ретте, еліміз қазіргі заманғы қауіпсіздік пен дамуды қамтамасыз етудің жаңа үлгісін көрсетіп отыр. Оны қару-жарақты еселеп көбейту және басқа елдерге қатер төндіру есебінен емес, керісінше, ашықтық, тең құқықты әлемдік ынтымақтастық, жасампаздық және басқа елдермен сындарлы үнқатысу орнату арқылы айғақтауда.
Осы орайда, еліміздің жаһандық деңгейде тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікке ықпалын тигізген негізгі халықаралық бастамалары туралы әңгіме қозғаған орынды.
Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану табыстары
Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласындағы бастамаларға белсенді түрде қатыса отырып, қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласында жүйелі әрі жауапты саясат жүргізіп келеді. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған уақытқа қарамастан, 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойып, үлкен батылдық танытты. Бұл, шын мәнінде, қазақстандықтар арасында ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық тарапынан кең қолдау тапқан тарихи шешім еді.
Еліміз үшін және бүкіл әлем үшін Семей полигонындағы ядролық сынақтар тарихы – ядролық қаруды таратуға жол беруге болмайтынының айқын дәлелі. Қырық жыл ішінде сынақ полигонының аумағында 456 ядролық және термоядролық жарылыстар жасалып, қазақстандықтардың денсаулығы мен еліміздің қоршаған ортасына орны толмас залал келтірілді. Ал Семей полигонын жабу ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі жаппай халықаралық қозғалысқа ұласты. Осыған негізделіп, БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау жөнінде қарар қабылдады.
Алайда, полигонды жауып, ядролық сынақтардан бас тартса да, Қазақстан Одақ ыдырағаннан кейін әлемде ядролық арсеналының көлемі жағынан төртінші орында болды, сондай-ақ, еліміздің аумағында биологиялық қаруды өндіру мен сынақтан өткізу жөніндегі инфрақұрылым объектілері және химиялық кешеннің бұрынғы әскери кәсіпорындары қалған еді. 1991 жылғы жағдай бойынша Қазақстанның аумағында құрлықаралық баллистикалық зымырандарға арналған 1200 ядролық оқтұмсық пен ауыр бомбалаушы ұшақтарға арналған ядролық зарядтардан тұратын жаппай қырып-жою қаруының орасан зор арсеналы болды.
Сол кезде ядролық қарусыздану үдерісін бастаған Қазақстан өзінің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімі бойынша осындай аса ірі ядролық әлеуетінен өз еркімен бас тартты. Мұндай теңдесі жоқ шешім еліміздің ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үдерісіне сүбелі әрі көпшілік мойындаған үлес болып қосылды. Сонымен қатар, Қазақстан басшысы ядролық қарудан азат аймақ құру жөніндегі белсенді жұмысын бастап кетті. Соның нәтижесінде 2006 жылдың қыркүйегінде Семейде Орталық Азия өңірін ядролық қарудан азат аймақ деп жариялау туралы шартқа қол қойылды. Бұл жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды ұжымдық үлес еді. Өңірдегі мемлекеттер өздерінің қарусыздану және қаруды таратпау қағидаттарына, сондай-ақ, қазіргі кезде аса өзекті болып отырған осы проблеманы шешу ісінде ашық ынтымақтастыққа әзір екендіктерін мәлімдеді.
МАГАТЭ бұл құжатты Ядролық қаруды таратпау туралы шартты іске асыруға бағытталған нақты қадам және қарусыздану мен ядролық қаруды таратпаудың жаһандық үдерісіне қосылған сүбелі үлес деп бағалады. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун 2010 жылдың сәуіріндегі елімізге сапары барысында бұрынғы ядролық полигонның аумағында болып, Қазақстанның және ел Президентінің жаппай қырып-жою қаруын тарату қатерін азайтуға бағытталған іс-әрекетіне аса жоғары баға берді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылғы 12-13 сәуірде Вашингтонда және 2012 жылғы 26-27 наурызда Сеулде өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі бірінші және екінші саммиттер жұмысына қатысып, бірқатар тың бастамалар жасады. Олардың бірі – Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде Ядролық қарудан азат әлем туралы жалпыға ортақ декларацияны әзірлеу және қабылдау жөніндегі ұсынысы. Еліміз ядролық арсенал толық жойылғанға дейін оны кезең-кезеңмен қысқартуды ұсынып отыр.
2012 жылдың тамызында Астанада өткен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарудан азат әлемге» атты халықаралық конференцияның барысында Қазақстан Президенті «ATOM» деп аталатын бірегей халықаралық жобаның іске қосылғанын жария етті. Бұл ауқымды жоба әлемдік қоғамдастыққа ядролық қаруды сынақтан өткізудің құжаттамалық түрде расталған апаттық гуманитарлық салдарлары жайлы, атап айтқанда, Қазақстанда жүргізілген ядролық сынақтардың салдарлары туралы ақпарат беруге бағытталған. Сонымен қоса, «АТОМ» жобасының басты миссиясы – ядролық сынақтарға түпкілікті тыйым салуға және ядролық қаруды барлық елдердің толық жоюына қол жеткізу мақсатында бірлескен жаһандық іс-қимылдар жасау.
Жалпы алғанда, халықаралық қоғамдастық Елбасының адамзатты ядролық қарудан азат етуге бағытталған саясатын мойындады және осындай саясат ұстану Қазақстанның ядролық қаруды таратпау, қарусыздану және ядролық қауіпсіздік саласындағы жаһандық көшбасшылығын еңселендіре түсті.
АӨСШК – құрлықтағы мәні зор қауіпсіздік құрылымы
1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясы барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Азия құрлығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша құрылым – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) құру туралы идеясын жария етті. Ол кезде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ететін өңірлік құрылым Еуразия құрлығында жоқ еді. Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке үнқатысу және ынтымақтастық арқылы ғана қол жеткізуге болатынын жария еткен бұл бастама Азия елдері басшылары тарапынан кеңінен қолдау тапты. Сөйтіп, осы бастама АӨСШК үдерісінің басталуына бірден-бір себеп болды.
Бүгінгі таңда 24 мемлекет АӨСШК-ге мүше болып табылады, ал 8 мемлекет және 4 халықаралық ұйым (БҰҰ, ЕҚЫҰ, Араб мемлекеттері лигасы, ТүркПА) бақылаушы мәртебесіне ие. АӨСШК-ге мүше елдердің жалпы аумағы шамамен бүкіл Азия аумағының 90%-ын және Еуразия материгі аумағының 72%-ын қамтиды. Бұл елдерде 3 млрд.-қа жуық адам тұрады. Осы жылдар ішінде АӨСШК Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету тұрғысынан көпжақты амал-тәсілдерді ұсыну арқылы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі танымал халықаралық форумға айналды. Экономикалық, экологиялық, гуманитарлық және жаңа қауіп-қатерлермен күрес, әскери-саяси сияқты бес негізгі өлшемдерді қамтитын АӨСШК-нің Сенім шаралары каталогын іске асыру осы ұйымға мүше мемлекеттер арасында өзара сенім үдерістерін қалыптастырды.
Белсенді жұмысы АӨСШК-нің өңірлік және жаһандық көпжақты құрылымдар жүйесінің ажырамас бөлігіне айналуға мүмкіндік берді. 2007 жылы АӨСШК БҰҰ-дағы бақылаушы мәртебесін иеленді. Қазіргі кезде ол басқа да халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауда.
Азия және Таяу Шығыс елдерінде күн санап артып отырған қауіп-қатерлер АӨСШК-нің халықаралық аренадағы рөлін арттыра түсті және халықаралық қоғамдастық оны қазіргі заманғы халықаралық қатынастардың шынайы факторы ретінде қабылдап отыр. АӨСШК-нің бүгінгі таңдағы жетістіктері – әлемдік қоғамдастықтың жоғары сеніміне ие болған Қазақстанның өңірдегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтудағы белсенді әрі жауапты саясатының жемісі.
Діндер көшбасшылары съездерінің тағылымы көп
Қазақстанның тәуелсіздік жылдары әлемдік және дәстүрлі діндер үнқатысуына қосқан үлесі – халықаралық мойындауға ие болған маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Әртүрлі конфессияларды қамтитын 140 этностық топтардың өкілдері арасында ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудегі Қазақстанның бірегей тәжірибесі жаһандық деңгейде қызығушылық туғызып отыр.
Әлемдік және дәстүрлі діндер үнқатысуы туралы бастама 2000-жылдардың басында АҚШ-та орын алған террорлық актілер салдарынан мұсылман және христиан әлемі арасындағы қарым-қатынас кенет шиеленісе түскен кезде көтерілген болатын. Сол себепті, бүгінгі таңда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері мұсылман және христиан әлемі арасындағы қақтығыстарға жол бермеуде, қазіргі заманғы діни көшбасшылар арасында үнқатысуды орнатуда өзінің оң рөлін атқарды деп толық сеніммен айтуға болады.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу туралы бастамасына бірқатар мемлекеттердің басшылары, белгілі саясаткерлер мен дінбасылары қолдау білдіріп, 2003 жылдың қыркүйек айында Астанада бірінші Съезд өтті. Форумға қатысушылардың басты идеясы бүкіл Жер шарындағы адамдарды бейбіт әрі лайықты өмір сүруі мақсатында әртүрлі діндер өкілдерін ынтымақтастық пен бірлікке шақыру болды.
Содан бері Астанада 2006, 2009 және 2012 жылдары тағы үш Съезд өтті. Конфессияаралық үнқатысудың қазақстандық үлгісі осы жылдары кеңінен қолдау тауып, қарқынды дами түсті. Дінаралық форумдарға әлемнің ең ірі конфессияларының басшылары, белгілі саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Сонымен қатар, әрбір кездесу барысында жалпы адамзатқа ортақ мәселелер, атап айтқанда, дін бостандығы, басқа дін өкілдеріне құрметпен қарау және жаңа қауіп-қатерлерді ескере отырып, діни көшбасшылардың бейбітшілікті нығайтудағы рөлі көтеріліп отырды.
Осы 10 жылдық кезеңде Съезд әртүрлі діндер мен конфессиялар өкілдерінің маңызды халықаралық үнқатысу алаңына айналды. Бұл съездердің шеңберінде өркениетаралық және дінаралық қарым-қатынастардың өзекті проблемалары, сондай-ақ, рухани көшбасшылар тарапынан бейбітшілік пен келісім үшін күресу ісіне жәрдемдесу жолдары талқыланды және олар әлі де күн тәртібінен түскен жоқ.
Қазіргі кезде еліміздегі әртүрлі конфессиялардың өзара іс-қимыл жасау тәжірибесін халықаралық ұйымдар мен шетелдік әріптестеріміз, оның ішінде БҰҰ, ЮНЕСКО және ЕҚЫҰ зерделеуде. Осының бәрі – тәуелсіздік жылдары жүргізілген және барлық этностық топтар мен конфессиялардың өкілдері арасындағы келісімді әрі өзара түсіністікті сақтауға, тұрақтылық пен жасампаз дамуды қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың табысты тармақтарының бірі.
Беделді ұйымдардағы төрағалық беделімізді өсірді
Қазақстанға Еуропаның және мұсылман әлемінің ең ірі халықаралық ұйымдарына жетекшілік етудің сеніп тапсырылуы – Елбасы саясатын әлемдік қоғамдастықтың жоғары бағалап отырғанын көрсетеді. 2010 жылы Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жетекшілік етті. ЕҚЫҰ тарихында алғаш рет бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған мемлекет осы ұйымға төрағалық етуші ел болды.
2010 жылдың желтоқсан айында Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның саммиті бірегей саяси оқиғаға айналды. ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің басшылары 1999 жылғы Ыстамбұл саммитінен кейін 11 жыл өткен соң алғаш рет Ұйымның күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға және алдағы жылдарға арналған жұмыс бағыттарын айқындауға мүмкіндік алды.
ЕҚЫҰ-ның Төрағасы ретінде еліміздің осы Ұйым қызметінің бағыттары бойынша белсенді жұмысы саммиттің қорытынды құжатында – «Қауіпсіздікті қолдайтын қауымдастыққа қарай бет бұру» атты Астана декларациясында көрініс тапты. Солардың арасында қаруды таратпау, терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі трафигіне қарсы күрес, шекаралардың қауіпсіздігін нығайту, халықаралық қоғамдастықтың Ауғанстанға жәрдемдесуі, көліктік-транзиттік әлеуетті, «жасыл» технологияларды, энергетикалық қауіпсіздікті, дінаралық және этносаралық төзімділікті дамыту мәселелеріне басымдық берілген.
Бүгінгі таңда 2010 жылғы Астана декларациясының мақсаттары Ұйымға қатысушы басқа да мемлекеттердің төрағалық етуі барысында өз жалғасын табуда.
2011 жылы Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінде төрағалық етті. Бұл да еліміздің халықаралық беделін барша мұсылман қауымдастығының жоғары бағалап, мойындауының арқасында мүмкін болды. ИЫҰ-ға жетекшілік ете отырып, Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы, беделді еуропалық құрылымдар мен ислам әлемі арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі кеңейе түсуіне жәрдемдесті.
Осылайша, Қазақстан беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық етуі арқылы өзінің әлемдегі өзекті мәселелер бойынша күн тәртібін қалыптастыруға және өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту мәселелері бойынша да жауапты шешімдер қабылдауға қауқарлы екенін көрсетті.
Шиеленіскен халықаралық проблемаларды шешуге қосқан үлес
Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру ісіне ұдайы әрі белсенді түрде жәрдемдесіп келеді. Біз осы елге гуманитарлық көмек көрсетіп отырмыз. Қазақстанның қаржылай көмегімен бұл елде әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілер салынуда.
Еліміз Ауғанстан үкіметімен арадағы екіжақты келісімге сәйкес 2010 жылдан бастап АИР жастары үшін Білім беру бағдарламасын табысты жүзеге асырып келеді. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы мақсатта еліміздің оқу орындарында 1 мың ауған студенттерін оқыту үшін 50 млн. АҚШ долларын бөлді. Осы білім беру жобасы ауған жастарының Қазақстанда жоғары білім алуына мүмкіндік беріп отыр. Қазірдің өзінде 600-ден астам ауған студенттері еліміздің жоғары оқу орындарында бейбіт мамандықтарды меңгеруде.
Биылғы жылдың сәуір айында Алматыда Ауғанстан бойынша Ыстамбұл үдерісіне қатысушы елдер сыртқы істер министрлерінің конференциясы өтті. Әлемнің жетекші елдері, сондай-ақ, өңіріміздегі елдер өздерінің Ауғанстанды қалпына келтіруге жүйелі көмек көрсету ниеттерін қуаттап, ынтымақтастықтың алты бағыты (терроризмге, есірткі трафигіне қарсы күрес, төтенше жағдай, сауда-саттық, инфрақұрылым, білім беру) бойынша жоспарларын бекітті.
Өңірдегі елдердің Ауғанстанның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайтуды қолдауына бағытталған Алматыдағы кездесу халықаралық қоғамдастықтың жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі іс-қимылына еліміздің қосқан кезекті бір үлесі болып табылады.
Халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасы бойынша да келіссөздер үдерісіне өз үлесін қосты. Мәселен, ағымдағы жылғы ақпан және сәуір айларында Алматыда Иран мен келіссөздерге қатысушы алты ел (Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Германия) арасында Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің екі раунды өтті. Олардың барысында түпкілікті шешім қабылданбаса да, еліміз қатысушылар арасында келіссөздер өткізу үшін қажетті ауан қалыптастырып, бітімгерші рөлін атқарды. Сарапшылар атап көрсеткендей, Қазақстандағы келіссөздер тараптар ұстанымдарының жақындай түсуіне оң ықпал етті.
Жалпы, Алматыдағы кездесулер Иран мен жоғарыда аталған алты ел арасында ағымдағы жылдың қараша айында Женевада өткен келіссөздердің табысты аяқталуына бірден-бір себеп болды деп есептейміз. Бұл уағдаластықтарға сәйкес Иран өзінің ядролық бағдарламасы шеңберіндегі жұмыстарды МАГАТЭ-ге тиімді деңгейге дейін қысқартады, халықаралық сарапшылардың мейлінше мұқият тексерулер жүргізуіне мүмкіндік береді, есесіне осы елге қатысты экономикалық санкциялар жеңілдетілетін болады.
* * *
Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның халықаралық қоғамдастықпен өзара іс-әрекеттерінің тізбесі аталған іс-шаралармен шектелмейді. Бұл ретте, болашаққа бағытталған жұмыстардың қазіргі кезден-ақ басталып кеткенін атап өткен жөн.
Өңірлік ұйымдарға төрағалық ету, күрделі халықаралық проблемаларды шешуге қатысу, өңірлік қауіпсіздікті, мәдениетаралық үнқатысу мен дінаралық келісімді, сондай-ақ, тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар бастамалар көтеру еліміздің баға жетпес тәжірибе жинақтауына мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда Қазақстан халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне одан әрі де өз үлесін қосуға дайын.
Осыған байланысты, Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өзінің кандидатурасын ұсынды. Бұл ретте, біз басқа елдер алдында үлкен жауапкершілік алып отырғанымызды жақсы түсінеміз. Қазірдің өзінде қазақстандық мүшеліктің басымдықтары айқындалды. Адамзатқа азық-түлік, су, энергетикалық, ядролық қауіпсіздік саласында тиімді шешімдер қажет. Бұл бағыттар еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысының негізі болады деп есептейміз.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері офицерлерінің БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына бақылаушылар ретінде қатысуы туралы ұсынысына ел Парламентінің қолдау көрсетуі БҰҰ жүйесімен өзара іс-қимылды нығайту тұрғысынан маңызды оқиға болды. Осы қадам – Қазақстанның бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі сыртқы саясатының қисынды жалғасы. Сондықтан, Қазақстанның әскери қызметшілерін жекелеген елдерге бақылаушылар ретінде жіберу туралы ұсыныс біздің халықаралық саясатымыз тұрғысынан жасалып отырған оң қадам және халықаралық тұрақтылыққа Қазақстанның қосатын кезекті үлесі болады.
Қорытып айтқанда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен теңгерімді және жүйелі сыртқы саясат жүргізу нәтижесінде әлемдік қоғамдастық мойындаған беделді әрі мәртебелі мемлекетке айналып, бүкіл әлемге үлгі боларлықтай деңгейге көтеріліп келеді.
Мақтан тұтарлықтай биік асуларды бағындыра отырып, еліміз алдағы уақытта да асқақ мақсаттарға ұмтыла бермек. Сондай міндеттердің бірі – «Қазақстан-2050» Стратегиясының негізінде өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту арқылы XXI ғасырда әлемдік қоғамдастықтың алдыңғы қатарлы мүшесі мәртебесіне ие болу. Өйткені, ол еліміздің ұлттық өрлеуден жаһандық жауапкершілікке көтерілгенін аңғартады және Қазақстан Республикасы тәуелсіз ел ретінде өзінің ғана емес, жалпыәлемдік даму мәселелеріне де жауапты бола алатындығын дәлелдейді. Сонымен қоса, бүкіл әлем мойындаған жаһандық жауапкершілігіміз бен барша адамзаттық бастамаларымыз еліміздің абыройын одан әрі асқақтатары сөзсіз.
Тәуелсіздігімізді тұғырлы ете отырып және Елбасымыздың көреген саясаты мен жасампаз халқымыздың күш-жігері арқасында біз осы мұратқа да белгіленген межеден бұрын қол жеткізе алатынымызға кәміл сенеміз.
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік
комитетінің төрағасы.