• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 25 Ақпан, 2021

Түркістанда шығармашыл жастарды қолдау қоры ашылды

485 рет
көрсетілді

Түркістан қаласында «Саттар Ерубаев атындағы шығармашыл жастарды қолдау қоры» ашылды. Қорды ұйымдастыруға Жастар ресурстық орталығы ұйытқы болып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аталған идеяның бастамасы ретінде былтыр облыс деңгейінде Саттар Ерубаев атындағы шығармашыл жастар байқауы  өткен болатын.  Байқау әдебиет пен мәдениеттің 8 бағытын қамтыған. Облыстың түкпір-түкпіріндегі өнерлі жастардың арасында «Үздік  жас мүсінші», «Үздік жас дизайнер», «Үздік жас қолөнерші», «Үздік жас ғалым», «Үздік жас әнші», «Үздік жас айтыскер» номинациялары бойынша өткен бәсекеге толы байқау көпшіліктің көңілінен шықты. Игі бастама ел көлемінде ұлт руханиятына еңбек сіңіріп жүрген жас шығармашыл жастарға қолдау көрсету мақсатында  арнайы қор құруға ұласып отыр. Аталған қор жылына бір рет республикамыздағы ең үздік шығармашыл жастар арасында поэзия, дәстүрлі ән, роман, проза, әңгіме, айтыс, ғылым, қолөнер, зергерлік өнер және ұлттық үлгідегі киім дизайны бойынша  номинациялар иелерін анықтап, қаржылай жүлделермен марапаттайтын болады.  Яғни арнайы комиссия үздіктерді анықтап, Түркістанда талантты жастардың басын қосады. 

«Саттар Ерубаев атындағы шығармашыл жастарды қолдау қорының» төрағасы  Айбек Маратұлы арнайы ұйымдастырылған қайырымдылық кеште қордың алдағы уақыттағы жұмыс жоспарымен таныстырды. Қайырымдылық балдың өзге шаралардан ерекшелігі – Түркістан өңіріне белгілі қолөнерші Мамыт Жаңабектің қолынан шыққан мүсіндер және суретші Әділхан Мәліктің суреттері  аукционға қойылды. «Былтыр 2020 жыл «Еріктілер жылы» деп жарияланса, биыл 2021 жыл «Қайырымды істер жылы». Қайырымды іс тек қана материалдық көмек немесе азық-түлік таратумен шектелмейді. Оның ауқымы кең. Біз ел ішіндегі ұлттық дәстүрді өлтірмей және өнер мен әдебиетті дәріптеп келе жатқан шығармашыл жастарға қолдау көрсеткіміз келеді. Түркістан сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де рухани орталыққа айналуы тиіс», дейді  «Жастар ресурстық орталығының» басшысы, облыстық мәслихат депутаты Амалбек Өміртай.

Жас таланттардың алғашқы қолдаушысы ретінде қайырымдылық шараға облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, жеке кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты.