Төрт құбылаға тегіс шарапат шуағын шашатын ізгі істің бірі – қайырымдылық марафоны. Ақмола өңірінде бұл шаруа мықтап қолға алынуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қызметтің мемлекеттің алдына қойған мақсаттарымен үндестігін айта келіп, бұл рухты көтеретін, халықтың мұң-мұқтажын бөлісетін қозғалыс екендігін атап өткен болатын.
Шынында да солай, өздерінің аз да болса септігі тигеніне мерейленген жастар игі бастаманы іліп әкетіп, қомақты үлес қосуда. Қайырымдылық шараларының елге пайдалы болғаны жақсы болса, екінші жағынан соңғы уақытта жастар тарапынан жанашырлық жасауға ұмтылыс молайып келе жатқандығын көріп, көңіл жадырайды. Еріктілердің елеулі ісі – шын мәнінде тәлім-тәрбие беретін өнеге.
Қайырымды істер марафоны ең басты жеті бағыттан тұрады. Осыған орай негізгі іс-шаралар жоспары түзілді. Марафонның басты мақсаты – барша адамдардың басын біріктіретін қайырымдылық қозғалысын дамыту, адамдарды жақсылық жасауға ынталандыру. Өңірде бұл марафон «30 игі іс» атты акциямен бастау алды. Облыстық жастар ресурстық орталығы еріктілер қолдау орталығымен бірлесе отырып, облыс орталығындағы №1 арнайы мектеп-интернатқа барып, білім ошағының ауласын қардан тазартып берді. Ізгі істен құлақтанған ізетті жастар бастаманы қолдап, жақсылық жасауға жұмыла түсті. Сөйтіп, ерікті жастардың арқасында 50-ден астам жалғызілікті, мүмкіндігі шектеулі адамдардың аулалары қардан тазарып қалды. Қар басқан қала көшелері де жастардың жігерімен тазаланып, аяқжолдар ақ қардан аршылып, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай туғызылды.
Қазір жастар жасаған көмек-жәрдемдерін бір-біріне айтатын болды. Мақтаныш үшін емес, құрбыларын қатарға тарту үшін. Несі бар, жақсылықтың жұғысты болғаны ғажап емес пе?!