«Қазақстан Республикасының жастарды қолдау жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын» іске асыру аясында «Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы мен Нұр-Сұлтан қаласының ұйымдары серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Нақтырақ айтқанда, «Цесна-Астық» Концерні» ЖШС, «Медикер Астана» ЖШС, «SaNa-K-education» білім беру орталығы, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Samruk Qyzmet» бірыңғай рекрутинг онлайн платформасы, «Астана орманы» ЖШС, «Нұрбанк» АҚ, АФ «Қазпошта» АҚ «Астана поштамты» «Magnum Cash & Carry» ЖШС, «Қаржы орталығы» АҚ сияқты компаниялармен жұмысқа орналастыру саласында бірқатар келісімшарт жасалды.
Меморандумдарға қол қоюдың негізгі мақсаты - жұмысқа орналастыру саласында әріптестік қатынастар орнату, тәжірибе алмасу, 18-29 жас аралығындағы жастарды дамыту және қолдау.
Іс-шара Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысының алғы сөзімен басталды.
«Біз 2016 жылы Job_Astana_jastary инста парақшасын жүргізуді қолға алғанбыз. Сол кезден бастап 300-ге жуық компаниямен меморандумға қол қойылып, қазіргі таңда дейін 3000-ға жуық жасты жұмысқа орналастырдық. Міне бүгін тағы да бірнеше компаниямен меморандум жандандырмақпыз», – деді Қайрат Қамбаров.
Оның айтуынша, Жастар саясатының басты мақсаты - жастарды жұмысқа орналастыру. Ал меморандумға қол қойған компаниялар оларға бос жұмыс орындарын ұсынады.
Меморандумға қол қойған компаниялар арасынан «Samruk Qyzmet» жобасының сарапшысы жастарды жұмысқа тарту арқылы білікті маман иелері шығатынына сенімділік білдірді.
«Корпоративтік университет дарынды жастарды «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» компаниялар тобына тартуға мүдделі. Қордың атынан өкілдік етіп отырғандықтан бос жұмыс орындарына орналастыру және Қазақстан бойынша таланттарды іздеу арқылы білікті мамандар, студенттер мен әлеуетті жастардың бізбен бірге жұмыс істегенін қалаймыз», – деді «Samruk Qyzmet» жобасының сарапшысы Эльмира Салимова.