Жерді жеті айналса да қазақ халқындай бауырмал, қонақжай халықты таппайтын шығар ешкім. Қай заманда да бас сауғалап, сырттан келгендерді ұлтына, ұлысына қарамастан, бауырға басты. Қолындағы соңғы нанымен бөлісті. Тіпті сонау қызылдардың қылышынан қан тамып тұрған жылдары қуғынға түскендерді үйіне де жасырғанын білеміз.
Қыс қыстауын, жаз жайлауын жайлап жатқан қазақтың жеріне Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары түрлі ұлт өкілдері қоныс аудара бастаған. Қайдан келіп, қайда тұрғанын білмей аңтарылған елді көргенде қазақ елі бөтенсімей, төрге оздырды. Аяқтан тұрып кетулеріне септесті. Үй-жайын көтеруге көмектесті. Қазақтың қарапайымдылығының арқасында біздің бабамыз да қазақ еліне тез сіңісіп кетті.
Менің туған атам мен апам – Николай Егорович пен Мария Григорьевна Ресейдің Алтай өлкесінен Қазақстанның шығысына 1950-жылдары табан тіреген. Тегі, табиғаты ұқсас болғандықтан шығар, бұл аймаққа қуана-қуана көшіп келіпті. Алтай өлкесінде совхоз басқарып жүрген атам Николай Қазақстанға келген соң да сол қызметін жалғастырыпты. Қызмет ете жүріп, Өскемен өңірінде ұрпағын өрбітті, зейнетке шықты.
Ол соғыс ардагері еді. Атам өмірден өткенімен, немерелеріне өсиет ретінде Қазақ елінің құшақ жая қарсы алғандығы туралы естелік айтып отыратын. Қазақ халқының бауырмал екенін атамның әңгімесінен ғана емес, бүгінгі күнде де көріп жүремін. Арғы тегім Ресейден болғанымен, менің Отаным – Қазақстан. Ол даусыз. Атам сол бір аласапыран заманды көп есіне алғысы да келмейтін.
Атам мен апам Шығыс Қазақстанға көшіп келгенде өздерін өзге елге келгендей сезінбепті. Жергілікті тұрғындармен етене араласып кеткен. Елуінші жылдары басталған аралас-құраластық әлі үзілген жоқ.
Менің ұлтым орыс болғанымен, бойымда қазақылық бар. Оны Ресейге барғанда анық сеземін.
Бүгінде үш бала тәрбиелеп отырған бақытты анамын. Қазақы мәдениетті, салт-дәстүрді бойыма сіңіріп алғанымның бір дәлелі – дастарқанымнан бауырсақ, құрт-ірімшік үзілмейді. Құдай осындай ауызбіршілігіміз жарасқан бейбіт өмірден айырмасын.
Вера ПРАВДИНА,
Өскемен қалалық орыс мәдени орталығының төрайымы
Шығыс Қазақстан облысы