Алғыс айту күні – біздің мемлекет үшін айтулы мерекелердің бірі. Өйткені біз бұл мереке арқылы өзіміздің Отанға деген сүйіспеншілігімізді, ортамызға, ата-ана, ағайын-туыс, бауырларымызға, барша отандастарымызға деген құрметімізді білдіреміз.
Бұл күні өскелең ұрпақты достыққа, толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеудің, этносаралық келісімді нығайтудың қаншалықты маңызды екені айшықтала көрінеді. Ал алғыс айту дегеніміз – біздің бір-бірімізге деген игі ниетімізді, ықыласымызды, достығымызды білдіру.
Қазақстан – әр жерден көшіп келген өзге этнос өкілдерін құшақ жая қарсы алған мемлекет. Ал дәл осы күн барлық этностар Қазақстанға, қазақ халқына деген алғыстарын білдіруі аталған мерекенің негізгі мәнін айқындайды.
Кейде «Бұл күн не үшін керек?» деген сауал қойылып жатады. Мен бұған былай жауап берер едім: «Біз кейде елімізге, өзіміз жақсы көретін жандарға, достарымызға алғыс айтуды ұмытып кетіп жатамыз. Ал осы 1 наурыз – Алғыс айту мерекесі бізге алғыс айтудың қашанда керек екендігін еске салып отырады. Сондықтан да бізге Алғыс айту күні керек».
Осы алғыс айту күні туралы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн, яғни 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күні ретінде атап өтуі әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да жақындастыра түспек. Бұл күн – мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі болар еді» деген болатын.
Мен анама – өмір сыйлағаны үшін, әкеме – қорған болғаны үшін, атам мен әжеме – ыстық алақаны үшін, Отаныма – сая болғаны үшін алғысымды білдіргім келеді.
Әрдайым айналамызға мейірімімізді төгіп, алғыс айтып жүрейік.
Делназ МЕНСЕЙТОВА,
11-сынып окушысы
Батыс Қазақстан облысы,
Тасқала ауданы,
Актау ауылы