Анкара қаласында «Ұлы даланың көрнекті тұлғалары: Абай, Фараби және Жамбыл» атты іс-шара өтті. Жиын белгілі тұлғалардың рухани мұрасы мен туындыларын насихаттауға арналған. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшілігі, Халықаралық Түркі академиясы және Еуразия Жазушылар одағы ұйымдастырды.
Аталған басқосу «Адамзаттың екінші ұстазы» атанған Әл-Фарабидің 1150 жылдық және ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдық мерейтойының қорытындысы, жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдық мерейтойының ашылуы іспетті өтті.
Іс-шарада сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы 2020 Фараби және Абай жылы аясында Түркияда қыруар шаруа атқарылып: көшелерге, саябақтар мен түрлі мекемелерге дала данышпандарының аты берілгенін, ескерткіштері ашылды, кітаптары түрік тілінде жарық көргенін жеткізді. 2021 жылы Жамбылдың мұрасын таныту жылы екенін айтқан Елші Жамбылдың шығармаларын қазақ халқының мәдени энциклопедиясы және рухани қазынасы ретінде сипаттады.
2021 жылдың бүкіл Түркі әлемі үшін маңызды мерейтойларды атап өтетін жыл болатынын еске салған Сапарбекұлы ең әуелі еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойының аталып өтілетінін айтты. Елші Түркияның Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған ел болғанын атап өтіп, «Осыған байланысты Түркияда біз кең ауқымды іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз» деді. Елші тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар, Қазақстан тарихындағы бірқатар маңызды оқиғаның жылдықтары мен белгілі тұлғалардың мерейтойларының аталып өтетінін мәлімдеді.
Алқалы жиында сөз сөйлеген Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі әлемдік пандемияға қарамастан, Абай мерейтойының Түркияда өте ауқымды тойлануының түрік халқының Қазақстанға деген ықыласының көрсеткіші екенін жеткізді.
«Фараби, Юнус Эміре, Абай және Жамбыл – біздің ортақ құндылықтарымыз», деген Түркі академиясының басшысы осы тұғырлы тұлғалар арқылы тамырлас Түркі әлемінің ынтымағы артып келе жатқанына назар аударды.
2020 жылдың Абай, әл-Фараби және абыз Тоныкөк жылы ретінде атап өтілгенін айтып өткен Д.Қыдырәлі осы орайда Жамбылдың бағзы түркіден тамыр тартқан, Тоныкөк, Иоллығ –тегіннен бастау алатын жыраулық дәстүрдің сарын-сарқыты екенін еске салды.
Еуразия Жазушылар одағының Төрағасы Якуп Өмероғлу Абай, Фараби және Жамбылға арналған іс-шарамен орайласып Анкарада Білге Тоныкөк ескерткішінің ашылуын жақсылыққа жорыды.
Іс-шарада сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Абай, Фараби және Жамбыл қазақтар үшін ғана емес, бүкіл Түркі әлемі үшін маңызды қайраткерлер саналатынына тоқталды. Фарабидің Музыка туралы кітабының араб тілінен түрік тіліне аударылып жатқанын айтқан Қасейінов шығарманың жақында оқырмандарға жол тартатынын жеткізді.
Құттықтау сөздерден кейін Мырзатай Жолдасбековтің «Дала әдебиетінің ұлы ақыны Жамбыл» атты кітабының түрік тіліне аударылған нұсқасының тұсаукесері болды.
Осыдан кейін, 2020 жылы Абай мен Фарабидің Түркияда танылуына үлес қосқан ғалымдар, журналисттер мен мемлекеттік қайраткерлер Қазақстан Президентінің, Халықаралық Түркі академиясының, Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігінің және Қазақстан елшілігінің алғыс хаттары және медальдарымен марапатталды.
Атап айтқанда, «Ұлттық көзқарас» журналының бас редакторы, Tүркия Парламенті депутаты Метин Гүндоғдуға, TRT Avaz арнасының үйлестірушісі Седат Сағыркаяға және Памуккале университетінің профессоры Нергиз Бирайға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хаты табысталды.