1 наурыз бүкіл әлемде Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні ретінде кеңінен аталып өтіледі. Біздің елімізде де бұл күн тарихи мереке, өйткені Азаматтық қорғаныс саласын қамтамасыз ететін Қазақстанның Төтенше жағдайлар құрылымы ел өмірінде үлкен мәнге ие.
Бұл мереке бар қажыр-қайратын халықты түрлі қауіп-қатерден қорғауға жұмылдыратын құтқарушыларға құрмет ретінде салтанат құрады. 1990 жылы 18 желтоқсанда өткен Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымы Бас Ассамблеясының 9 сессиясында көктемнің алғашқы күнін Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні ретінде атап өту туралы шешім қабылданған болатын. Сол жылы халықаралық ұйымның жарғысын 18 мемлекет қолдады. Араға жеті жыл салып, Президент Жарлығымен «Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс ұйымының Жарғысына Қазақстан Республикасын қосу туралы» жаңа Заң қолданысқа енді. Қазіргі таңда бұл ұйымға 50-ден астам мемлекет мүше. Аталған заң аясында Қазақстан төтенше жағдайлар саласында өзге мемлекеттермен халықаралық ынтымақтастыққа қол жеткізді. Дәстүрге айналған бұл мереке жыл сайын түрлі ұранмен өтеді. Биылғы мереке «Қуатты Азаматтық қорғаныс ұлттық экономиканы сақтау үшін!» ұранымен бастау алып отыр.
Осынау дара тұрар дата елімізде қайта құрылған Төтенше жағдайлар министрлігінің құрамына өткен Б. Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімі үшін де ерекше күн. Өйткені қалың елді айтып келмейтін апаттан, табиғаттың тосын мінезінен, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан арашалайтын әскери бөлімнің мемлекеттік күштік құрылымдар қатарында өзіндік орны, өзіне тән дербес тарихы бар. Құрылған күннен бастап бедерлі жылдар белесінде бөлім жеке құрамы ерліктер мен батырлық үлгілеріне толы даңқты жауынгерлік жолдан өтті. Түрлі апаттар мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюмен қатар құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша республика өңірлерінде қыруар жұмыстар атқарды, сонымен қатар ел көлеміндегі және ТМД елдері арасында өткен бірлескен оқу-жаттығуларға қатысты. Жүзден аса әскери қызметшілер атқарған қызметтеріне адалдығы үшін түрлі орден-медальдармен марапатталды.
Бүгінде Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен қайта құрылған Төтенше жағдайлар министрлігінің құрамына кірген әскери бөлім Азаматтық қорғаныс саласында өздеріне жүктелген міндеттерді мінсіз, әрі табандылықпен атқарып келеді. Әскери саланың айнасына айналған құрылымның қуаты арта бергей!
АЛМАТЫ